ҚОҒАМ
Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова
Бір адамның құқығы басталған жерден екінші адамның құқығы бітеді. Қоғамда осы жайт ескерілмей, тепе-теңдіктер бұзылып отыр. Бір адам екінші адамға туыс яки жақын болуы қалауынша ұруына мүмкіндік бермейді. Әр адам тәніне де, жанына да өзі қожа. Bugin.kz тілшісі әр адамның өзін қорғауы мен құқығына байланысты заңгер Ләззат Рақышевамен әңгімелесті.
– Адам адамнан қалай қорғанады? (Мысалы Шымкентте ер адам бейтаныс әйелді көшеде ұрып, өлтіремін деп бопсалаған. Ол кісі небәрі 1 жылға сотталды).
– Біріншіден, жәбірленген адам құқық қорғау органына арыз жазуы керек. Мұндай ситуацияда біздің менталитетте арыз жазуға ұялады. Намыстанады.
Қазақстанда өзін-өзі қорғау бағдарламалары жоқ. Мектептерде ұлға, қызға өзін қорғау ережелерін үйрету керек. Біздің қоғамдағы ең маңызды әрі өзекті мәселе болып тұрғаны – әйел адамдар мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көп.
Шымкенттегі жағдайда ер адам бейтаныс әйелді себепсіз сабап тастайды. Алайда оны ешкім арашалап, қорғамайды. Зәбір көрсетуші кідіріп, айналасына қарап, адам таңдайды. Ол тек сыртта емес, отбасыда да қатыгез адам болуы мүмкін. Көшеде жайдан-жай тұрған адамға дені дұрыс адам қол көтере ме? Сондықтан айтарым, балаларды кішкентайынан өзін қорғауға үйрету керек. Жеке шекараны қорғай білетін адам сырттан келетін қауіпті түсінеді. Видеодағы жәбірленушінің қаннен-қаперсіз тұрғанын байқаймыз. Ол өзіне төніп тұрған қауіпті сезбейді, ал жанында агрессивті адам тұр. Өзін-өзі қорғау ережелерін білетін адам лезде қауіпті сезінеді. Қорғану әрекеті психологиямен шектелмейді. Онда блоктар бар. Соққы бағытына қарай адам арнайы қорғану әдісін таңдай алады. Аяқ-қолмен қорғану әрі соққы жасауды әр балаға үйрету керек.
Біздің елімізде көптеген қылмысқа шартты жаза береді. Бұл дұрыс емес. Семейде кішкентай қызды подъезге 20 минут сүйрелеп, зорламақ болған ер адамға да 1,5 жыл шартты жаза берді. Бірақ қылмыскердікі бұзақылық емес қой. Бұзақылық қызды бір теуіп кетсе ғана болар еді. Ол қызды 20 минут сүйрелейді. Ол бекерден-бекер сүйреледі ме? Жоқ, зорлағысы келді. Бұл іс мұндай деңгейде қалмауы керек еді.
– Елімізде зорлық-зомбылықтан заңды түрде қалай қорғануға болады? Тиран ер адаммен өмір сүретін әйелдер оның зәбір көрсеткенін қалай дәлелдей алады?
– Әйел отбасыда күйеуінен таяқ жесе, онда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 2-бөлімі (“Ұрып-соғу”) бойынша қаралады.
Біздегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты “тілінен тапты, өзінен бар” деген таптаурындардың әсерінен әйелдер үнсіз қалады. “Анау не дейді, мынау не дейді” деген “ұят” мәселені шешпейді. Бір рет таяқ жеген адам екінші рет ол әрекетке жол бермеуге тиіс.
Таяқ жеп жүрген жерден өлгенін күтпей әр адам кетіп, өмірін жалғастыра алуы керек. Тирандар құрбанын оңайлықпен жібермейді. Олар әлсіз, үнсіз қалатын адамдарды таңдайды. Сондықтан, әуелі, адам үнсіз қалмауы керек.
– Егер ер адам әйел адамға қоқан-лоқы жасаса, суреттерін жеңіл жүрісті қыздар тобына өз рұқсатынсыз жарияласа, қыз құқығын қалай қорғай алады?
– Қазір менде Түркістан облысынан түскен бір іс бар. Күйеуі әйелінің бар мінезін біледі ғой. Ек шөлмек арағын ішіп, әйелін сабайды. Әйел қақпаға дейін қаша алған. Ер адамның мас деген аты ғана, бәрін біліп тұр, әдейі көгермейтін жерден ұрған. Басынан төмпештеп ұрып, жалаңаш етіп шешіндіреді. Сөйтіп өз әйелін видеоға мен “жәлеппін, бұзылғанмын” (іс бойынша өзгертусіз алынды - авт.) деп айтқызады.
Ол еркек сонда ажырасуға дайындалған екен. Әйел ажырасқанда алиментке арыз жазса, балаларды алып, алимент төлемес үшін осындай қитұртқы әрекетке барған.
Сол іске мен қатыстым. Ең өкініштісі – әйел күйеуін кешірді. Себебі кішкентай қызы “әкемді кешірейікші” деген екен. Қаңтар айында да дәл солай ұрып-соққанын сотта кешірген. Бәрібір қайталанып тұр. Әйелдің құқығын қорғай алмайтын адам екеніне ызам келіп, қатты қиналдым.
Өзінің құқығын қорғай алмайтын әйелдер көп. Тіпті, біз қорғап тұрсақ та, тирандарды кешіре береді. Ол еркек тек өз әйелін емес, сыныптас әйелді де жалаңаш видеоға түсіріп алған. Ол видео менде әлі бар. Тапа-тал түсте түсірген ғой. Денесі ашық көрінген.
Мен сотта: "Неге мұндай видео түсіресіз? Қандай құқығыңыз бар?"- деп cұрадым. Ол еркек үйінде 5 жасар және 11 жастағы қыздарының көзінше мүшесін салбыратып, ішкиімсіз жүреді екен. Ішіп алдым, маспын дейтін көрінеді. Бұл дегеніміз балаларға порно көрсеткенмен бірдей қылмыстық жауапкершілікті арқалайтын іс. Ол әйелімен ажырасса, қыздарымды өзім аламын дейді. Ертең қыздарын зорламасына кім кепіл?! Жақсы әке болса, неге қыздарының көзінше тыр жалаңаш жүреді?!
Балаларының көзінше жалаңаш жүргені үшін әйелі 124-бап ("Жас балаларды азғындық жолға түсіру") бойынша әйелі арыз жазса, күйеуі құқықтық жауапкершілікке тартылады. Алайда келіншек арыз жазбай отыр. Ол ер адам – әйелін, сыныптасын жалаңаш видеоға түсірген адам. Ол – педофил. Мен психоналитика маманы ретінде сондай азғын адамды көріп тұрмын. Қандай еркек әйелін, сыныптасын тыр жалаңаш видеоға түсіріп, әлеуметтік желііге таратамын деп бопсалайды? Ол өтірік ішіп алып, мас болған түр жасап жүр. Қыздарының көзінше жалаңаш жүріп, психикасына әсер етудегі мақсаты – азғындық жолға түсірудің амалы деп есептеймін.
Сотта заңгерлерден бөлек, мықты психоналитиктер де қатысып, сараптама жасауы қажет. Тирандар адамды басқаруды шебер меңгерген. Олар әп-сәтте бейшара бола алады, олар әп-сәтте жауыз да бола алады. Бірақ олардың мінез-құлқы өзгергенінен құқықтық жауапкершіліктен құтылмауы керек.
– Порно видеоға немесе жалаңаш суретке түскен сенсің деп қорқытса немесе жала жапса, қыз қандай шешім қабылдауы керек? Біздің қоғамда қыздар мұны айтуға қорқады.
– Мен қазір 2 іске қатысып жатырмын. Осы тақырыпқа қатысты айтайын. 17 және 21 жастағы қыздар жігіттерімен жыныстық қатынасқа түскен. 21 жастағы қызды әскери жігіті үйленем деп қатынасқа мәжбүрлеген. Ол қызды күштеп, жалаңаш әрі жылап жатқанында суретке түсіріп алып, фотоларыңды таратамын деп қорқытқан. Ойлаңызшы, ол өзі әскери қызметте жұмыс істеп тұрып, құқық бұзып тұр. Зорлайды, тағы бопсалайды. Жігіттің туыстары құқық қорғау органдарында жұмыс істейді екен. Жігіт соны арқа тұтып тұр. Қыз арыз жазса да, жігіт маған ештеме істей алмайсың деген. Арыз енді жазылды.
17 жастағы қызды жәбірлеген адам кәмелетке толмаған қызды зорлағаны аздай, әке-шешесі оқуға деп жіберген ақшаны алып отырған. Телефонын, ноутбугын тартып алған. Оқуының ақшасын да төлемеген. Аз ақша емес, миллиондар кеткен. Қазір осы екі іске қатысып жатырмын.
Бұл жерде кодекстің 194-бабы бойынша қорқытып алу, фотоға түсіру адам өміріне қатер төндіріп бопсалау, масқаралау – қылмыстық іс.
Мұндай жағдайда жалаңаш фото сіздікі болса да, болмаса да, арыз жазып, құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Екі жағдайда да сіздің құқығыңызды қорғайтын заңдар жетерлік. Тек арыздануға қорықпасаңыз болды. Жәбірленуші, ең әуелі, дәлел жинауы керек. Жазған хаттардан скриншот, қоңырауларды жазып алғаны абзал.
Бізде телеграм әлеуметтік желісіндегі топтарда балалардың жалаңаш фото-видеолары сатылады. Демек сататындар да, сатып алатындар да бар. Әуелі сол топтарды тексеру керек. Сондай топтар бар болғандықтан да қорқыту, бопсалау кең етек алып отыр.
– Заңды некеде болу яки болмау тиранмен өмір сүргенде қандай құқықтар береді? Заңды некенің қандай артықшылығы бар?
–Заңды және азаматтық некеде көп ерекшелік бар. Заңды некеде алимент алу, мүлік бөлісу оңай. Бізде ер адамдар заңды некеде болмаса, құқықтық жауапкершіліктен құтыламын деп ойлайды. Бірақ олай емес. Азаматтық некеде болса да алимент ДНК сараптамасынан соң беріледі.