МӘДЕНИЕТ
Фотоколлаж: Bugin.kz
Бүгін Қазақ КСР Ғылым академиясын құрушы және оның тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сатбаевтың туғанына 125 жыл толды. Осы орайда Bugin.kz порталы ғалым туралы қызық деректерді ұсынады.
Қазақстан және шетел жаңалықтарын бірінші болып біздің Telegram арнамыздан оқыңыз!
Қаныш Сәтбаевтың азан шақырып қойған есімі – Ғабдулғани. Анасы еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атаған екен. Кейін халық арасында Қаныш деп танылып кеткен.
Қазақтан шыққан тұңғыш академик. Геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор.
Қаныш Сәтбаевтың әкесі - Имантай Сәтпаев, ауыл биі болған.
Ғалым қазақ балаларының біліміне айтарлық үлесін қосқан. 1924 жылы қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған "Алгебра" оқулығын жазған. Ол кезде небәрі 25 жаста еді. Бұл кітап математикалық білім берудің негізін қалады.
Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев Шоқан Уәлиханов жазып алған "Едіге" жырының мәтінін қайта жаңғыртып, қазақ тілінің жаңа орфографиясына сай өңдеген.
Қаныш Иманатайұлы қазақ халқының музыкалық мұрасын зерттеу мен сақтауға да үлес қосты. Ол Александр Затаевичтің "500 қазақ әндері мен күйлері" жинағына қазақ халқының музыкалық мұрасының 25 әнін өзі орындап, оларға орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп, енгізген.
Сәтбаевтың басшылығымен Жезқазған кен-металлургия комбинаты, Қарағанды және Балқаш металлургия зауыттары сияқты ірі өнеркәсіптік нысандардың құрылысы жүзеге асырылды.
"Халқым менен де биік" афоризмін Черчиллмен кездескенде айтқан. 1947 жылы наурызда Қаныш Сәтбаев ССРО жоғарғы кеңесінің депутаттары қатарында Лондонда Уинстон Черчиллмен кездеседі, Сәтбаевты көрген Черчилл оның зор денесіне таңданып: "Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?" деп сұрағанда академик: "О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік!", – деп жауап берген екен.
Дереккөз: e-history.kz, wikipedia