ҚОҒАМ

Жыл сайынғы апат: Қазақстанда 15 жылда қанша рет су тасыды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Елімізде су тасқынынан кейбір өңірлерде әлі күнге дейін апат сейілмей тұр. Құтқарушылар күндіз-түні тізеге жетерлік суды кешіп, адамдар мен үй жануарларын құтқарып жатыр. 

Биылғы апат – еліміздегі ең алғаш болып тұрған жағдай емес. Себебі жыл сайын ауа райы мен бөгеттердің жарылғанынан су апаты болып жатады. Bugin.kz тілшісі Қазақстанда кейінгі 15 жылда болған ірі су тасқындары туралы материалды ұсынады.

"Қызылағаш" оқиғасы, 2010 жыл

2010 жылы 12 наурызға қараған түні Алматы облысының халқы дүрлікті. Ақсу ауданы аумағындағы Қызылағаш су қоймасының бөгеті жарылып, 2600-ден астам тұрғыны бар Қызылағаш ауылын су басты. Ресми мәліметтерде бұл апаттан кемінде 45 адам қаза тапқаны айтылды. Одан бөлек, бөгет жарылуының салдарынан 1800-ден астам үй су астында қалған. Ал су тасқынына кінәлі деп танылған үш адам "қызметіне салғыртық танытты" деген айыппен 5 жылға сотталып кеткен. Алайда кінәлілер жазасын толық өтеместен 2012 жылы рақымшылыққа ілініп, теміртордан босап шықты.

Батыс Қазақстан, 2011 жыл

2011 жылы Батыс Қазақстан облысын су басты. Нақтырақ бес аудандағы 38 елді мекен су астында қалған. Сандарды сөйлетсек: 2600 тұрғын үй, 7146 саяжай ғимараты бүлініп, адамдар эвакуацияланған. Бұл тасқын жүздеген бас малды өлтіргені тағы бар. Су тасқыны салдарын жою үшін биліктен 19 миллиард теңге жұмсалған. Қаражатқа су басқан өңірлерге мектеп, аурухана, жол, электр желілері мен газ құбырларын қалпына келтірілгені айтылды.

Оңтүстіктегі тасқын, 2012 жыл

2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тоғыз аудандағы 23 елді мекенді су басып, 254 үй мен мың жеке аула су астында қалған. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан) Арыс, Отырар, Ордабасы аудандары мен Шымкент қаласы бар. Су тасқыны қанша шығын келтіргені туралы нақты дерек жоқ.

Үш облыстағы су тасқыны, 2013 жыл

2013 жылы Қостанай облысында үш аудандағы сегіз елді мекенді су басып, 94 тұрғын үй су астында қалды. Адам шығыны туралы дерек тіркелмеген.

Осыдан 10 жыл бұрын 2014 жылы наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түні елдің орталығы Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында еріген қар суы жиналып, Көкпекті су қоймасының бөгеті бұзылды. Апат салдарынан 149 үй топан су астында қалғаны айтылып, 38 тұрғын үй қираған. Су тасқынының салдарынан бес адам қаза тапты. Мал басы бойынша 85 бас ірі қара, 304 бас ұсақ мал, 109 шошқа өлді.

Одан бөлек, Ақмола облысының бес ауданындағы 13 елді мекенде 429 тұрғын үй су астында қалғаны анықталған.

Қарағанды облысы, 2015 жыл

2015 жылы Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары және 48 елді мекенін су басты. Апат себебі еріген қар суы болған. Ауа райына байланысты еріген су бөгет, көпір, автожол, тұрғын үйлерді қиратқан. Нақты деректер бойынша, 2 121 тұрғын үйді су шайып, оның 170-і қираса, 1711 бас мал өлген. ІІМ мәліметінше, 2015 жылғы апаттан келген шығын көлемі 9 миллиард теңге болған.

2015 жылы да су тасқыны тіркеліп, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік, Павлодар облыстарындағы халық қатты зардап шеккен. Ірі апаттан барлығы 50 елді мекенді су басып, 11 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған.

43 елді мекендегі су тасқыны, 2016 жыл

Араға бір жыл салып тағы да Қостанай, Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болды. 2016 жылы 43 елді мекендегі 513 тұрғын үйді, 190 автожолды су шайып кеткен. Табиғи апаттың себебі ретінде еріген қар суының жиналуы аталған.

Атбасардың жағдайы, 2017 жыл

2017 жыл ел үшін тыныш өтпеді. Ол кезде де Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы 52 кент су астында қалды, республикалық және жергілікті маңызы бар 120 автожол сумен шайылды.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Ақмола облысы Атбасар қаласы болды. Мұнда бір жыл бұрын ғана салынған бөгет бұзылып, 269 тұрғын үй мен жаңадан жөнделген мектепті су басты. Салдарынан 1300 адам өз үйін тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болған.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы жота арқылы толып, 3,38 метр көтеріліп, су деңгейінің рекордтық көрсеткіші тіркелді. Ал Петропавл маңында Есіл өзені мен Пестрое көлінің тасқын сулары қосылып, жолындағы елді мекендерді қиратты. Су тасқынының ауқымы жойқын болды. 4 мыңға жуық адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр болды, 15 елді мекенде 380 үй су астында қалды, оның он бөлігі және 5 мыңнан астам саяжай толығымен қирады.

Апат Қостанай облысы ауылдарын да аямады. 32 аула, 27 үйді суға кетіп, 105 адам эвакуацияланды.

Айта кетейік, ресми деректер бойынша, Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға төлеу керек өтемақының жалпы сомасы 160 миллион теңгеге жуықтаған.

2018 жыл: 3 миллиардтан астам шығын көлемі

2018 жылы алғашқы су тасқыны Алматы облысында тіркелді. Осы жолы 6 автожолды су басты, 1 мыңға жуық адам эвакуацияланды, ал су басқан кенттер саны 164-ке жетті. Сол жылы су тасқынына қарсы іс-шараларға, оның ішінде траншея, арық, дренаж жүйелерін салуға және техника сатып алуға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны елге екі миллиард 205 миллион теңге шығын әкелген. 2018 жылдың 11 наурызында Аягөзде төтенше жағдай жарияланды. Ресми дерек бойынша, онға жуық үй қирап, тұрғындардың мүлігі мен малы зардап шекті. 

Өзбекстаннан төнген қауіп, 2020 жыл

2020 жылы оңтүстікті су басып қалды. Себеп – мамырда қатты жаңбырдың салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылуы. Салдарынан Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ірі су тасқыны болды. Мыңнан астам үй, мектеп, балабақша, аурухана және басқа да нысандар зардап шекті, толығымен қирады. 30 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Ресми деректерде тек өсімдік шаруашылығының өзінде 404 миллион теңге шығын болған.

2022 жыл, төрт облыс

Ал араға екі жыл салып, 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында жиналған қар еріп, 185 тұрғын үй, 78 саяжай үйі және екі әлеуметтік нысан су астында қалған болатын. Сол жылы құтқарушылар 1165 адамды қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Ақтөбе аймағында ондаған ауыл суға кеткен. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелмеген.

Сол жылы Қаржы министрі Мәди Такиев су тасқыны болған өңірлер бойынша зардап шеккен тұрғындарға төлеу керек өтемақының жалпы сомасы 15 млрд теңге болғанын мәлім еткен.

Түркістан облысы, 2023 жыл

2023 жылы ақпанда Түркістан облысындағы бірнеше ауданды су басқан. Облыс әкімдігі 234 үйдің ауласына су кіргенін, салдарынан 204 адам эвакуацияланғанын хабарлады.

2024 жыл, "Жаңа Қазақстанның" жағдайы

2024 жылдың наурызында болған су тасқыны елде "зо жылдықта болмаған" деп танылды. Дегенмен биылғы су тасқынынан төнген қауіп ресми деректер бойынша соңғы 80 жылда болмаған. Табиғи апаттан ба, жоқ әлде жауаптының жауапсыздығынан ба, қара халық дүние-мүлік, үйі, малынан да айырылды. Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, бүгінде су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 18 651 адам өз үйлеріне оралған. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланғаны белгілі болды. Одан бөлек, 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды. Алайда 2024 жылғы су тасқыны салдарынан 7 адам мерт болды.