ҚОҒАМ

"7 адам қаза тапты": суға батқан Қазақстандағы қазіргі жағдай қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

2024 жылдың наурызында соңғы 80 жылда болмаған су тасқыны Қазақстанның бірнеше аумағын басып қалды. Табиғи апаттан ба, жоқ әлде жауаптының жауапсыздығынан ба, қара халық үйінен бір, малынан бір айырылды. Елді мекендерде үйлер суға кетіп, малдар қырылды. Жеті адам мерт болды.

27 наурыздан басталған су тасқынының бүгінгі ахуалы қандай? Жарты айдан аса жұртты сергелдеңге салған қар суының деңгейінде қандай өзгеріс бар? Осы және өзге де сұрақтарға  Bugin.kz тілшісі сараптама жасап көрді.

Тасқын қашан, қалай, қайда басталды?

Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, 25 наурыздан бастап бірнеше облыста су деңгейі көтеріле бастаған. Дәл осы күні Қостанай облысы Арқалық қаласының елдімекендерінде 20 аула мен 12 жеке тұрғын үйді су басқан. 25 наурызда сағат 21:00-де Аягөз қаласында қардың қарқынды еруіне және күннің күрт жылынуына байланысты Кіші Аягөз өзенінде су деңгейінің көтерілгені байқалды. Сондай-ақ Ақмола облысы Ерейментау қаласында және Ақтөбе облысының елдімекендерінде де су деңгейінің көтерілуі анықталды.  

Жағдай қалай жалғасын тапты?

28 наурызда су тасқыны қаупі бар аймақтардан 1 431 адам эвакуацияланды, оның ішінде 312 бала бар. Зардап шеккендер бар, бірақ қаза тапқандар туралы ақпарат тіркелген жоқ. Дәл осы күні 297 жеке тұрғын үй су астында қалды. 100-ден астам су арнасынан асып, 18 жол төсемі шайылып кетті, 2 көпір қирады. Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

80 жылдағы ең ауыр апат

6 сәуірде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады. Мемлекет басшысы көктемгі су тасқынының ауқымы қалың қардың еруімен байланысты екенін атап өтті.

“Бұл соңғы 80 жылдағы ауқымы мен әсері бойынша ең үлкен апат болуы мүмкін”, - деді ол. Тоқаев үкіметке мемлекеттік материалдық резервті тұрғындарға көмектесу үшін пайдалануды тапсырды. “Үміт үзбеу керек, біз бұл жағдайды түзетеміз. Ең бастысы, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу. Бірде-бір адам мемлекет назарынан тыс қалмайды. Зардап шеккендерге қаржылық және басқа да қажетті көмек көрсетіледі, барлық материалдық шығындар өтеледі. Біз осы ауқымды су тасқынынан сабақ алуымыз керек”, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

10 облыста төтенше жағдай жарияланды

Қазақстанда су тасқыны наурыздың соңында басталды. Ал 10 сәуірде еліміздің 10 облысында  төтенше жағдай жарияланды. Олар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Ең қиын жағдай Ресеймен шекаралас Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында болып тұр.

7 адам қаза тапты

Су тасқыны салдарынан адам өлімі де тіркелді. Ішкі істер министрлігі су тасқыны кезінде 7 адамның қаза тапқаны туралы мәлімдеме жасады. Ағынды судың екпінімен күресе алмай қаза болған азаматтарға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, Атырау облысында 4 адам қаза тауып, Түркістан облысында кішкентай бала суға батып кеткен. Сондай-ақ,   Абай облысы Аягөз ауданында тасқын суға кеткен трактордың ішінде екі адам қаза болды. 

Еске сала кетейік, осыған дейін Құлсарыда әкесі мен баласының іс-түссіз жоғалып кеткен. Артынша 14 сәуір сағат 13:40-та Жылыой ауданы Құлсары қаласында ТЖД қызметкерлері жоғалған әкемен баланың денесі табылды. Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, 2000 жылғы баласының денесі өз үйінен бір шақырым қашықтықта 1.5 метр тереңдіктегі су астынан шыққан.

Қанша үйді су шайды? Қанша мал суға кетті?

18.04 күнгі ақпарат бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалған. Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқыны басталғалы бері бәрі 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланғанын айтты. Ал 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалған.

Зиянды өтеу комиссиясының 17 сәуір күнгі деректеріне сәйкес, 6,8 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлгені расталған. Басым көпшілігі – ұсақ малдар. Бұл өлген мал басының 75 пайызын құрайды.

Облыстардағы қазіргі жағдай қандай?

Жоғарыда еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды деген ақпаратты келтірдік. Сол 10 облыстың 3-еуі қызыл аймақта тұр. Олар: БҚО, СҚО және Атырау облысы. Тасқын беті қайтпай тұрғанына 3 аптадан аса уақыт өтті. Облыстардағы қазіргі ахуал қандай?

Төменде Төтенше жағдайлар департаменті жариялаған соңғы деректер ұсынамыз:

Тасқыннан аса үлкен көлемде зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласында жағдай тұрақталып, бұрынғы қалпына келіп жатыр. Құлсары қаласында Жем өзеніндегі су деңгейінің тәулігіне 11 сантиметрге дейін төмендегені байқалған. Бұл бастапқы деңгеймен салыстырғанда 136 см-ге төмен. Қазіргі уақытта 2748 тұрғын үй және әкімшілік нысандар су астында қалып отыр. Құлсары қаласында су тасқыны кезінде 190 000-нан астам қап, 200 000 тонна инертті материал төселді. Құлсары қаласынан Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарына 26 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Ал су тасығаннан бастап Атырау облысының Жылыой ауданында 200 000 текше метрден астам су сорылды. Жағалауды нығайту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жылыой ауданында су тасқыны кезеңінде барлығы 36 738 адам эвакуацияланды, оның ішінде 8 392-сі – бала. 

Сонымен қатар су тасқынынан үлкен қауіп Батыс Қазақстанның орталығы Орал қаласына да төніп тұр. Мамандардың ақпаратына сәйкес, өңірде жатқан Шаған мен Жайық өзендерінен келер қауіп көп. Егер су деңгейі 8,5 метрге көтерілсе, Оралға қауіп төнуі бек мүмкін. Қазіргі таңда өзен суының деңгейі 8 метрді құрайды. Мамандар Жайықтың көршілес Ресейдегі бастауы Ирек су қоймасынан да судың келуін болжаған. Ендігі кезекте Жайыққа құятын кіші өзендер саябырласа, қауіп сейілетінін айтады. 

Қарғын судың қарқыны Солтүстік Қазақстанды да айналып өтпеді. ТЖД ұсынған мәліметке сай, облыстағы жағдай қиын. Сергеев деп аталған су қоймасы 149 пайызға толған, су бөгет шыңының 261 сантиметрінен асқан. Сондай-ақ мамандар СҚО-ға Ақмола облысынан су тасқынының келесі толқыны келуі мүмкін екенін хабарлады. 

Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ресми ақпаратқа сүйсенсек, СҚО-да су тасқыны басталғаннан бері шамамен 13 745 адам эвакуацияланған. Оның ішінде 3 420-сы бала. 44 тұрғын үйлеріне оралды. Уақытша орналастыру пункттерінде 879 азамат, оның ішінде 153 бала орналасқан. Барлығы шамамен 742 000 м3 су бұрылды, 25 000 м бөгет нығайтылды, 334 500 қап төселді.

Су тасқынына қатысты соңғы деректер: 

 Төтенше жағдайлар департаменті еліміздегі су тасқыны бойынша 19 сәуір сағат 10.00-дегі ақпаратты ұсынды. Азаматтық қорғау қызметтері 118180 адамды, оның ішінде 44254 баланы құтқарып, эвакуациялаған. 113852 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіздік жерге айдалды. 19715 адам үйлеріне оралды. Қазір эвакуациялау пункттерінде 8821 адам, оның ішінде 3885 бала бар. 

P.S. Үйі мен отбасын сақтау үшін жасы да, кәрісі де қаппен құм тасып, ауылды топан судан алып қалудың жолдарын жасап жатыр. Жылда қар еріп, су таситыны белгілі. Су тасқыны – табиғи ғана емес, жылда қайталанатын апат. Ал биылғы апат өзгелерінен ауқымды болды. Осы тұста жауаптылар неге жауапсыздық танытты екен деп ойланасың.