Weekend

«Балғынның» бәлесі

Қалай қолданған дұрыс?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білімгер кезімде сабақтан келіп  үлкен терезені ашып қойып, демалып  жатқанмын. Жаз кезі еді. Сырттағы дыбыстар анық естіліп тұр. Аулада бір топ жас әңгімелесіп тұр еді.

Әңгіме арасында бір қыз "қазақша сөйлесеңші" деген еді. Бір жігіт "Мықты болсаң, "свежий" сөзінің қазақшасын айтшы, ал? Айта алмайсың. Ол мүмкін емес", – деді. Филолог болып сол қазанда қайнап жүргендіктен бе, демалысты жайына қалдырып, ойымның бәрі "свежий" болып кетті.

Жастарға барып мәселені түсіндіргім келді. Бірақ "әлі де осы мәселені зерттей түс" деген ой тоқтатты. Міне, сол уақыттан бері шамамен он жыл уақыт өтті. Жоғарыдағы мәселе күрделенбесе шешілмепті. "Балғын нан", "балғын жаралар" шығып кетіпті. Бұл дұрыс аударма емес. Жаңа піскен нан, жаңа жара болады. "Балғын" сөзін сын есім ретінде барлық затқа қатысты қолдана беруге болмайды. Себебі қазақ тілінде "балғын" сөзін тек етке /балғын ет/, жасқа /балғын жас/, шөпке /балғын шөп/ қатысты қолдануға болады. Сондықтан қазақ тілінің байлығын орыс тіліндегі "свежий" деген бір сөзімен таразылағанды қойған дұрыс.

Заттың әр сипатына, ерекшелігіне байланысты сөз қолданған қазақ тілі ең бай тіл. Қазақ тілінде "свежий" сөзі секілді әмбебап бір сөз іздегенше, әр заттың сипатын ашатын бар сөздерді тауып, қолдана білейік. Өз тілімізді өзіміз құрметтемесек, кім құрметтейді?!