БІЛІМ
Фото: bugin.kz
Қажылық - мұсылманның бес парызының бірі. 2023 жылы қасиетті мекенге зиярат етуге әлемнің түкпір-түкпірінен 2 миллионға жуық адам барған. Ал қазақтардың арасынан ең алғаш қажылыққа барған кімдер болған? Бұл туралы деректер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде келтірілген.
Қасиетті Мекке жеріне алғаш табаны тиген ғұлама ғалым - Нұрпейіс хазіреті. Ол – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама. Атақты ғалым 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейін білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесінде алты жыл оқиды. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Нұрпейіс хазіреті Меккеге барған соң сонда қалып қояды. Ол қайыршылық жағдайда жеті жыл жат елде күн астында су тасып жүріп, қазақ пен қырғыз халықтарын Меккедегі мұсылмандар тізіміне енгізіп қана қоймай, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өсиеті негізінде қазақ халқына тиесілі жерді алған.
Екінші рет 1858 жылы күлік Самай сопы мен ноғай Байжан хазіреті қажылыққа бірге барған. Екеуі шамамен 1858 жылы сол жақта дүниеден озған.
Ал үшінші рет тобықты Құнанбай, айдабол Қишыл Қыстаубай, атбасарлық Егізек, Жанайдар, құлан қыпшақ Шонтыбай бастаған Орта жүзден 20, Кіші жүзден Досжан халфе, Нұрпейіс хазірет бастаған 100 адам барған. Осы қажылардың ішінен 1879 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. «Қазақ шежіресінде» Құнанбай қажының Бәсетин Апайбөрі Құдияр қажы, Алтай Ешмұхаммед қажы және тағы да бірнеше адамды сапарлас қылып алғандығы жөнінде айтылады. Одан бөлек, тарихи деректерде Қасымбек, Шәкәрім, Ақыт және Абдолланың да қажылардың қатарында екені айтылады.
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева