ТӘРБИЕ

"Дәрігер, журналист, профессор": әмбебап ғалым туралы қызық деректер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz

Бүгін, 24 сәуір - Алаш қозғалысының қайраткері, биология, зоология, медицина ғылымдары бойынша кітап жазған әмбебап ғалым, профессор, дәрігер Халел Досмұхамедұлының туған күні. Осы орайда Bugin.kz ғалым туралы бірнеше ақпаратты ұсынады. 

Қазақстан және шетел жаңалықтарын бірінші болып біздің Telegram арнамыздан оқыңыз!

- Халел Досмұхамедұлы 1883 жыл 24 сәуірде Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген. 

- Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс қазақ мектебіне береді. Мектепті үздік аяқтаған  Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына қабылданып, оны үздік бітіреді де, тағы бір жылға қосымша класта оқуға қалдырылады.

- Сосын Санкт-Петербург императорлық әскери-медицина академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түскен.

- Түрлі экспедициялар мен форумдарға медицина ғылымының мүшесі ретінде қатысып, тәжірибе алмасады. Өз білгендерімен де бөліседі. Түркістан халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеудегі Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты. Ол тек медицина саласы бойынша емес, түрлі салада еңбек жазып, қалдырып кеткен әмбебеп ғалым. 

- Ол “Табиғаттану”, “Жануарлар”, “Адамның тән тірлігі” (қазақша орысша жаратылыстану сөздігі), “Оқушы­лардың денсаулығын сақтау”, “Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер»” ,“Сүйектілер туралы” т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды.

- Ол қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі — сингармонизм заңын зерттеді, “Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы”, “Шернияз шешен”, “Алаш не сөз”, “Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана”, “Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі”, “Диуани лұғат ат-түрк”, “Кенесарының соңғы күндері”, “Қазақ әдебиетінің тарихы” сияқты, т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырды. “Мұрат ақын сөзі”, “Исатай — Махамбет”, “Аламан” жинақтарын шығарды.

- Сондай ақ оның қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған “Шолпан”, “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ”, “Сәуле” сияқты газет журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады. Ол сонымен бірге қазақ қырғыз білім комиссиясы жанынан “Сана” журналын шығарып, өзі соның редакторы болған.

- Өзі проректор болып істейтін, халқымыздың алғашқы жоғары оқу орны Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы, оның бірінші проректоры болып тағайындалады. Қазақ педагогика институтының доценті, Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы, осы оқу орнының профессоры болды.

- Алайда, келесі жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары секілді қызмет істеді. Соңғы бір жыл кесімді мерзімі бітсе де елге оралмады.

- 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 

- 1939 жылы 24 сəуірде Халел Досмұхамедұлы əскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Алайда кассациялық шағым бергендіктен ісі қайта қаралады. Содан көп ұзамай 1939 жылдың 19 тамызында өкпе ауруынан Алматы абақтысының ауруханасында қайтыс болады.

- Ол қайтыс болғаннан кейін 1958 жылы 28 ақпанда ақталды

- Қазір туған жері Атырау облысы Миялы кентінде оған ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларындағы бір-бір көшеге есімі берілген.

Халел Досмұхамедұлының негізгі мамандағы дәрігер болғанмен, қоғамның кез келген саласына жанашырлықпен қараған жан. Жұмыс істеген жылдары мен жерлерінде жинаған тәжірибесін ортақ әлеуметтік даму үшін жұмсады. Өз ғұмырын ғылым мен білімге, мәдени және рухани әдебиттерді насихаттауға арнады. Тек кітап жазып қоймай, журналист ретінде де газет беттеріне өткір мақалаларын ұсынды. Осылайша, ұрпаққа үлгі боларлық мұра тастап кетті. 

Дереккөз: e-history.kz