Экономика

Ойыншық нарығын импорттық тауарлар ғана толтырып отыр

Ойыншық бизнесіндегі тауарлардың 98% Қазақстанға сырттан келеді. Оларға қойылатын талап қандай, сапасы қалай тексеріледі? Статистика не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанға ойыншықтар Қытай (65%), Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина (33%) елдерінен тасымалданады.  Өкінішке қарай, тұтыну нарығында үлкен сұранысқа ие, әрі маңызды саналатын бұл саладағы отандық өндіріс иелерінің орны  бос тұр. Қазақстан балалар тауарлары өндірісі ассоциациясының президенті Дарья Гайденрайх бізге ұсынған  мәліметінде, ойыншықтардың 98 пайызы импортталатынын айтты. 

2018 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті елге импортталатын ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне   алаңдаушылық танытып, оларға бақылауды күшейтті. Сырттан келетін тауарлар енді "Ойыншық қауіпсіздігі туралы" Кедендік бақылау шарттарына сәйкес сертификатталып, қауіпсіздік талаптары бойынша тексерістен өте бастады. Осындай тексерістер нәтижесі  Қытай, Түркия, Украина (49,4%), Ресей, Беларусь (16 %) және отандық өндірістен (11,1%) шыққан тауарлардың балалар денсаулығына қауіпті екендігін анықтаған. Комитет өкілдері  сапасыз ойыншықтарды жеке адамдардың аз мөлшерден, жасырын түрде тасымалдау деректерінің  көбейгенін айтады.

Дарья Гайденрайхтың ойынша, баланың денсаулығына зиянды көшірме ойыншықтар негізінен Қытайдан келеді. "Тұтынушылар ойыншықтың сапасыз екенін бірден ажырата алмайды. Контрафакт өнімдерінің сырт пішінінде  айырмашылық болмайды, бірақ олар сапасыз өнімдерден жасалады. Мысалы, ол ойыншықтарға өңделген немесе екінші сапалы пластмасса пайдаланылады. Олардың құрамындағы фенол мен қорғасын мөлшерінің көптігі баланың денсаулығына, оның дамуына елеулі зиянын келтіреді. Бұл қоспаларды пайдалануға әлемнің көптеген елдері тыйым салады, бірақ Қытайда ондай тыйым жоқ.

Қазір балалар тауарлары тасымалының 40%-ын көлеңкелі нарық (олар негізінен балалар киім-кешегі мен ойыншыққа қатысты) құрайды. Алайда 2017-2018 жылдары бұл нарық та өзге салалар секілді өтпелі кезеңді басынан өткерді. Ойыншық нарығы бүгінгі валюта бағамы бойынша есептегенде 17-20%-ға төмендеген. Қазір тұтынушылар кездейсоқ  емес, функциональды әрі жоспарлы саудаға мән бере бастады" – дейді Балалар тауарлары өндірісі ассоцациясының президенті Дарья Гайденрайх.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті былтыр  5,2 мың тонна балалар ойыншығын (олардың ішінде 146 тауар ғана заңға сәйкес сертификатталған) заңсыз жолмен кеденнен өткізген ішкі экономикалық қызметтегі 50 тұлғаның ұсталғанын, 6 адамның ісі сотқа жолданып, оларға сот шешімімен 2,5 миллион теңге айыппұл салынғанын, 1,5 тонна балалар ойыншығын заңсыз алып өткен 5 тұлғаның кәсіпкерлікке қатысты жеңілдіктері тоқтатылғанын мәлімдеген. 

Статистика комитетінің дерегінше, өткен жылдың қаңтар-ақпан айларында 16,4 тонна қуыршақ (240 мың доллар), 13,7 тонна электрлі паравоз (66,7 мың доллар), 44,2 тонна құрастырғыштар (1млн202,7 мың доллар), 230,2 тонна жануарлардың бейнесіндегі ойыншықтар (2млн 041,1мың доллар), 1,8 тонна балалардың музыкалық аспап ойыншықтары (21,8 мың доллар), 0,7 тонна ағаштан жасалған басқатырғыш (7.5 мың доллар), 113,6 тонна әртүрлі ойыншықтар жиынтығы (671,0 мың доллар), 17,9 тонна робот пен қозғалтқыш орнатылған машина (182,6 мың доллар), 3,6 тонна пистолет (70,5 мың доллар), 8,2 тонна үрленген доп (147,9 мың доллар), 7,2 тонна роликті коньки (57,6 мың доллар) импортталған. Одан бөлек, елге 17.9 тонна әткеншек, алтыбақан және басқа да аттракциондар 282,6 мың долларға жеткізілген.Отбасының балаға жұмсалатын орташа статистикалық мөлшері 60 пайызды көрсетеді, оның 18%-і түрлі ойын-сауықтық шараларға, 22 пайызы білім алу мен түрлі дамыту жұмыстарына кетеді екен. Отбасындағы бұл шығын баланың жасына сай өзгеріп отырады. 

Балалар тауарлары өндірісі ассоцациясының президенті Дарья Гайденрайх болашақта отандық ойыншық бизнесінің дамитынына сенеді. "Бұл саланың болашағы бар. Қазірдің өзінде отандық нарықта өзіміздің өнімдер пайда бола бастады. Олардың сапалары еуропалық стандарттардан еш кем емес. Біздегі импорт мәселесі де алдағы уақытта көбеймесе азаймайды. Өйткені, бұл нарықтағы тұтынушы сұранысы мен талабы жоғары. Елде қандай дағдарыс орын алса да, бизнес бір орнында тоқтап қалмайды, ол дами береді. Біз өзімізге артық дүние сатып алмауымыз мүмкін, бірақ балаларға міндетті түрде керек заттарының бәрін аламыз. Сондықтан бізге осы салаға қызығатын сауатты отандық өндіріс иелері мен балаға деген махаббат қажет. Ойыншық импортындағы көлеңкелі бизнеске тоқтау сала алсақ, сапа мәселесіне алаңдамауға болады. Біз сырттан келетін тауарларға күдікпен емес, талғаммен ғана қарауымыз керек" – дейді.