Денсаулық
2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру қорына түскен қаражат өз салымшыларына қызмет ете бастайды
Елдегі міндетті медициналық сақтандыру қорына ақпан айындағы есеп бойынша 149,2 млрд теңге жарна түскен. Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиеваның айтуынша, бұл қаржы Ұлттық банкте сақталады.
Қор мен Ұлттық банк арасында сенімгерлік басқару туралы келісімшарт бекітілген. "Жалпы, жинақталған қаражат ешқайда жұмсалмайды. Жиналған қаржыны МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерден басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған. Болашақта, яғни, 2020 жылдан бастап қаражат МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Қазір Қор Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, яғни, мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін көрсетіліп жатқан қызметтер ақысын төлеумен айналысып жатыр. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Оған биылғы жылы 972,7 млрд теңге бөлінді. Болашақта біз осы екі пакетті қаржыландыратын боламыз"-дейді басқарушы директор.
Міндетті медициналық сақтандыру бастамасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен енгізілген. Медицинадағы бәсекелестікті қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында қолға алына бастаған бұл шара қарапайым қазақстандықтардың мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін көрсетілетін қызметтерді жеке меншік клиникалардан да ала бастауына мүмкіндік берді. Бүгінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмек сапасын бақылау деңгейі де едәуір жақсарған. Бірақ, қазақстандықтардың арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің айырмашылығын ажырата алмай жүргендер көп. Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева бұл мәселені қарапайым оқырманға былай түсіндіреді: "Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енетін қызметтер ауқымы кең. Бірақ оның басты мақсаты – шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін ерекше жағдайға душар болған науқастарға көмектесу болып табылады. Мысалы, онкологияға шалдыққан адамдарға көмектесу. Өйткені, қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға берілетін дәрі-дәрмектер өте қымбат, процедураларды да қарапайым азаматтардың қалтасы көтере бермейді. Ал, МӘМС пакеті болса – азаматтарға емдеу мен диагностиканың қосымша түрлерін алуға, жоспарлы ем қабылдауға, бағасы қымбат болып келетін буын алмастыру, көздің қарашығын алмастыру сынды тағы да басқа жоғары технологиялық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, медициналық сақтандыру пакеті – пациенттің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталады. Бізде енгізіліп жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты артықшылығы да осында. Қазақстанның денсаулық саласына қаржы жетіспейтіні рас. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызға жуығы азаматтардың қалтасынан шығып отыр. Медициналық сақтандыру осы шығынды едәуір қысқартуға көмектеседі деп сенеміз", – дейді.
Қазіргі таңда медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткендер арасында мемлекеттік емханалар мен ауруханалар да, квазимемлекеттік және жеке меншік медицина ұйымдары да бар екен. Қордың жеткізушілер базасына 1 844 медицина ұйымы тіркелген. Оның 57 пайызы – мемлекеттік, 43 пайызы – жеке меншік клиникалар. Биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін қызметтерді қор 1 412 медицина ұйымынан сатып алмақ, оның жартысына жуығын – жеке меншік сектор құрайды. Бұл осы саладағы бәсекелестіктің артқанын көрсетеді.
Қор өкілінің айтуынша, сақтандырылған азаматтарға МӘМС шеңберінде қызмет көрсету басталғанға дейін қорға 240 млрд теңге қаражат жинақталуы тиіс. "2020 жылдан бастап басқа санаттағы азаматтар жарна аудара бастайды. Оған мемлекет тарапынан сақтандырылатын 10 миллионнан астам адам қосылады", – дейді басшы.
Міндетті медициналық сақтандырудың енгізілу себебін осы саладағы қаржының аздығымен түсіндірген Оразалиева: "Сақтандыру әлемнің көптеген елдерінде қолданысқа енгізілген. Себебі соңғы кезде әлемдегі демографиялық ахуал өзгерді, жаңа технологиялар қарыштап дамып келеді, қарттар мен балалардың үлесі артып, созылмалы сырқаттармен ауыратындар саны көбейіп барады. Яғни, қай елде болмасын денсаулық жүйесіне жұмсалатын қаржы өсіп отыр. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанда денсаулық сақтауға бөлінген жалпы қаржы ІЖӨ-нің 3,4 пайызын құрады. Бұл Африка елдерінің деңгейімен бірдей.
Дамыған мемлекеттерді айтпағанда, экономикалық деңгейі біздікімен шамалас елдердің өзі ішкі жалпы өнімінің 8,7 пайызын денсаулық жүйесіне беріп отырады екен. Біздің елде 2016 жылы ұлт саулығын сақтауға бөлінген қаржы көлемі 1,6 трлн теңгені құраған болса, 2017 жылы ол 1 трлн теңгеге де жетпей қалған. 2018 жылы да солай болды. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызға жуығы азаматтардың қалтасынан шығып отыр"-дейді ол. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңгеге жуық (38 пайыз) қаражат жетіспейді. Салдарынан емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болады. Әсіресе, салалық дәрігерлердің тапшылығынан халық жеке меншік сектордың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Осындай себептерді алға тартқан қор басшысы алдағы уақытта қазақстандық медицинада сапалы қызмет пен адал бәсекелестіктің артатынына сенімді. Өздерінің бұл саладағы бастамаларын осы жолдағы алғашқы жемісті реформалардың бірі деп есептейді.