ҚОҒАМ

Кеңес үкіметін орнатуға атсалысқан қазақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

25 сәуір – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Тоқаш Бокиннің туған күні. Осы орайда Bugin.kz порталы Т.Бокин өмірінен мәліметтер ұсынады.

Тоқаш Бокин 1890 жылы 25 сәуiрде Верный уезiндегi (қазіргі Алматы) Мойынқұм болысының Қарасу ауылында көшпелi кедей отбасында дүниеге келдi. Кейбір деректерде туған күні 7 мамыр деп те көрсетіледі.

Бала кезiнен әкесіне көмектесіп, байдың малын бағып, теперіш көрген.

Тоқаш 1898 жылы Верный ерлер гимназиясындағы даярлық бөліміне оқуға түседі. Гимназияға қоғам қайраткері Барлыбек Сыртанов оқуға түсірген. Ол мұнда сегіз жыл білім алады. 

1906-1914 жылдары Верный уезінің сот органдары мен қоныс аудару басқармасында аудармашы қызметін атқарды. 

1913 жылы Верныйда 42 бет, 1802 сөзден тұратын қазақ-орыс сөздігін шығарды.

1914-1916 жылдары Санкт-Петербургте сот палатасында жұмыс істеген кезінде патша үкіметіне қарсы түрлі саяси ұйымдар және олардың бағдарламаларымен танысады.

1916 жылы Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қатысушысы болды. Содан кейін 1916 жылы 14 тамызда тұтқындалып, патша билігі құлағаннан кейін босатылды.

Тоқаш Бокиннің ықпалымен Самсыдан басталған 1916 жылғы көтерілістің өрті Жетісу өңірін тез шарпыды. Оған 102 болыс ел, яғни 60 болыс қазақ, ұйғыр, дүнген және 42 болыс-қырғыз қатысты. Осы кезде Тоқаштың ұсынысымен телеграф сымы үзіліп, Қордайға дейінгі бүкіл байланыс зақымдалған. 

Бостандыққа шыққаннан кейін 1917 жылы большевиктер басқарған саяси күштермен бірігіп, Жетісу облысында Кеңес үкіметін орнатуға атсалысады.

1918 жылғы 7 наурыздан бастап, облыстық Халық Комиссарлары алқасының мүшесі қызметіне тағайындалады.

1918 жылғы 9 наурыздан бастап, Жетісу облыстық азық-түлік басқармасының комиссары, "Алаш" партиясының контрреволюциялық қызметін тергеу жөніндегі арнайы комиссияны басқарып, партияны тарату туралы шешім қабылдады.

Большевиктік үкіметтің жергілікті жүйесін құруға белсене қатысып, 1918 жылдың көктем және жаз айларында азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

Т. Бокинді 1918 жылдың 19 қыркүйегінде аяусыз өлтіреді.

40 жылдан соң 1958 жылы Зейін Шашкиннің "Тоқаш Бокин" романы жарық көрді.

Бүгінде Алматы, Түркістан қалаларында көше, Іле ауданындағы ауыл Тоқаш Бокиннің есімімен аталған. Қазіргі таңда Алматы қаласында 1967 жылы орнатылған ескерткіш бар.

                                      Деректер kaz.inform.kz, turkystan.kz сайттарынан алынды

                                                 Материал авторы: Бану Әбдіғалива