ҚОҒАМ

"Еленбей кеткен ерлік": Жеңіс туын тіккен қос батырдың тағдыры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

Бүгін, 30 сәуір – екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші сәті Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туы тігілген күн. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігі туралы Bugin.kz ақпарат ұсынады.

Соғыс алғаш басталғанда Рақымжан майданға өз еркімен барғысы келсе де, 16 жастағы жігітті жібермеген. 20 жасында кіші лейтенант шенін алып, Шығыс майданға аттанады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми дерегінде:

 “1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагты басып алу кезінде оның қасбетіне бірінші Қызыл Ту орнатылды. Оны 150-ші атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкінің лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов орнатқан.

Қызыл Армияның неміс парламентінің ғимаратын басып алу жөніндегі әскери операциясы 1945 жылдың 28 сәуірінен 2 мамырына дейін созылды. Рейхстагты басып алу ең маңызды стратегиялық міндет болды: Германия астанасының орталығында орналасқан ғимарат Гитлерлік Германияның басты символдарының бірі болған”, - деп жазылған.

Сол операция барысында барлық шабуылдау топтарында қызыл ту болған. Әр жауынгердің арманы – генерал болу емес, алғаш болып ту тігуге айналған. Әлбетте операция аяқталғанда желбірегін Қызыл тулар көп болды. Дегенмен алғашқы тудың орны бөлек. Алғаш желбіреген ту тарихи әділдікке оңайлықпен жетпеген. 

Қошқарбаев пен Григорийдің ерлігі 69 жылдан соң, 2014 жылы ғана мойындалады. Сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед “Егемен Қазақстан” басылымына “Жаужүрек” мақаласын жариялады. Мақалада КСРО қорғаныс министрлігі құпия ұстап, жариланбаған құжат жұртшылық назарына ұсынылады. Құжатта: “Лейтенант Қошқарбаев пен Қызыл армия жауынгері Булатов сағат 18:30-да Рейхстагқа ту тікті”,- деп нық жазылған.

Ресейліктер Алексей Брест, Михаил Егоров пен Мелитон Кантария Рейхстагқа алғаш болып ту тікті деп келген. Олардың ту тіккені рас. Бірақ олар алғашқы ту желбіреп үлгергенде ғана қызыл туды Рейхстаг қабырғасына 1 мамырда орната алған.

Рақымжан Қошқарбаев та, Григорий Булатов та Кеңес Одағының батыры атана алмаған. Олар тек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Григорий Булатовтың ерлігі туралы орыстар да "мәңгілік өкініш" деп еске алған. Булатов 1973 жылы, Қошқарбаев 1988 жылы ерлігі еленбеген қалпы қайтыс болған.

Рақымжанның әкесі 1937 жылдары репрессияға ұшырап қаза тапқан. Мүмкін осы фактор да батырдың еленбеуіне себеп болса керек.

Григорий Булатов өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған.

Бауыржан Момышұлы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі еленуі үшін барын салып, тырысады. Жұмабек Тәшенов та архивті көтеріп, батырдың еленуін қалайды. Әрекеттері нәтиже бермейді. Қонеав та батырдың ерлігінің ескерілуін қалайды. Мәскеу жақтан қолдау болмайды.

Тек 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рахымжан Қошқарбаев Халық Қаһарманы атағын алған.

Рақымжан Қошқарбаевтың өзі 1958 жылы 28 ақпанда "Лениншіл жас" газетінде шыққан сұхбатында ту тіккен кезі туралы:

"Күн батты. Кешкі сағат 7 шамасы. Бір кезде біздің артиллерия аспанды айшықтап, Рейхстагты үсті-үстіне ұрмасы бар ма. Снарядтар жігердің, айбынның айғағындай үстімізден зымырап өтіп, жаудың соңғы ұясын мылжалап жатыр.

– Григорий, ең қолайлы сәт, ал, жүгірейік!

Зытып келеміз, зытып келеміз. Бір абыройы, екеуміз қатар келе жатырмыз. Алғашқы баспалдаққа аяғымыз ілінгенде, екеуміз бірімізді-біріміз жетектеп алдық. Жоғары өрлеп келеміз. Қаңғыған оқтар жан-жағымыздан зу-зу етеді. Әлден уақытта үлкен баспалдақтың қанатына мініп алып, жоғары қарай жорғалай жылжыдым. Григорий қатарлас баспалдақпен келеді.

– Тоқта, әкел қолыңды! – Бас-аяғы бір тұтам кішкентай жігітті балаша көтеріп алдым. – Сал аяғыңды иығыма!

Ол ыршып менің иығыма шықты. Қойнымдағы жалауды суырып алып, қолына бердім: 

– Іл! Байла!

Мөлшері екінші этаждың терезесі болу керек. Қараңғыда қалай желбірегенін де анық көре алмадық. Жүгірген бойы төмен қарай зыттық. Осы сәтте бір жарық ракета аспанды шарлай жөнелді. Біздің жауынгерлерге шабуылға шығуға берілген белгі екен. Ракета жарығымен өз туымыз өзімізге көрінді. Қаншама азаматтың ерлікпен төгілген қанына боялғандай қызара шалқып, шабуылға шығушыларға қол бұлғайды.

– Жарайсың, азаматтарым, біз бұрын жеттік пе десек, сендер де келіп қалған екенсіңдер ғой, – деді біреу. Жалт қарасақ, байланыс бөлімшесінің адамдары.

– Қай батальоннансыздар?

– Давыдовтың батальонынанбыз.

Әлгі лейтенанттың сол арада атын сұрау да есімізде болмапты. Ол бізге "Жарайсыңдар, ерлерім" деп бірнеше қайталады да, өздері алып келген телефонның құлағына жармасты:

– Зинченко жолдас, біз Рейхстагтан",- деп еске алған.