Саясат
Интернеттің өзі соғыс пайдасы үшін ойлап табылды
Адам баласы табиғатынан қысылтаяң кезде ғана барлық мүмкіндігін іске қосады. Адамзат өмірін жалмап, орны толмас опаттар орнатқан соғыстың да үйретіп кеткені көп болды. Кескілескен күрес жылдарында жасалған технологиялар күні бүгінге дейін пайдаға асып келеді.
Көшпенділер өміріндегі он екі сайман, бес қару, атты ерттеп міну секілді игіліктерді былай қойғанда, бірінші дүниежүзілік соғыс тарту еткен технологиялар қатары тіптен көп. Мәселен, 1918 жылдың қысында Берлин балаларының бойында сүйек деформациясы байқалады. Белгісіз дерттен құтқарудың жалғыз жолы кварц лампалары болып шықты. Осылайша, бүгінге дейін қолданып жүрген лампаны Курт Гульдчинский жасап шығарған. Ол аурушаң балалардың жүздеріндегі солғындықты ультракүлгін сәулелерінің жетіспеуімен түсіндіріп, лампамен емдеуге кіріскен екен.
Бүгінде ыңғайлы қаптамада жасалған қалташайды I-ДЖС кезінде "шай бомбасы" деп атаған. Әскер құрамындағыларға шайды бұл тәсілмен тасымалдау идеясы Teekanne атты неміс компаниясына тиесілі. Қазіргі автомобильдің алғашқы үлгілері де осы соғыс қажеттілігінен туған. Қазір әйелдер қауымының ермегіне айналған пластикалық хирургия соғыс жылдарының сарқыты. Себебі, ұрыс даласында түрлі дене және бет жарақатын алған әскерилер медицинаның осы түріне жүгінуге мәжбүр болған. 16 ғасырдағы швед пен неміс соғысы кезінде тұздың құны алтынмен парапар еді. Тұз тапшылығынан әскерилерге жөнелтілетін балықтар бүлініп кеткен. Бірақ осы олқылықтың арқасында консервіленген балықтар өмірге келді. Gillette компаниясың да алғашқы ұстара өнімдерін ағылшын әскерлері тұтынған еді. Кез келген ас үйден табылатын қысқа толқынды пеш алғашында әскери мақсатта қолданылған.
Магнетрон аппараты арқылы қысқа толқындарды қабылдап қалаларды бомбалау іске асқан екен. 1945 жылы Перси Спенсер бұндай толқынның көмегімен тамақ жылытуға болатынын байқаусызда біліп қалып, 1954 жылдан бастап бұл ас үй жабдығы ретінде сатылымға шықты. Қазіргі дербес компьютердің арғы атасы ENIAC ағылшын әскерлерінің жеке зерттеу құралы ретінде құрастырылса, Александром Флеминг ойлап тапқан антибиотиктер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сынақтан өтті. Ең қызығы, қазір сіз қолданып отырған интернеттің өзі соғыс пайдасы үшін ойлап табылды. Жалпы, адамзат баласы қауіп сезінгенде миының қабілеті артып кететін болуы керек. Әйтпегенде, бейбіт күннің игіліктері бұдан да көп болушы еді.