Bugin

Қызына пышақ кезеген анаға қатысты тың дерек шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видео скрині

Шымкентте тұңғыш қызына пышақ кезеген әйелдің үстінен тағы да арыз түскен, – деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Желіде 1 ай бұрын қызын сабаған әйелдің видеосы тараған еді. Әйел қызына пышақ ала жүгіріп, тепкілеген. 14 жастағы қыз әйелдің бірінші некесінен екен. Қазіргі таңда қыз бала биологиялық әкесінің үйіне орналастырылған. Бірақ "Көреміз" редакциясына әйелдің қызынан бөлек, қолындағы балаларын да аяусыз ұратыны туралы ақпарат келген. 

"Көршілерден арыз түскеннен кейін құзырлы органдар үйге барып бейнекамераларды ақтаруы керек еді. Балалардың бәрін бейімдеу орталығына орналастырса, әйелді өз-өзіне келгенше ем алуға жіберсе болар еді. Бірақ өкінішке орай, ол нәрсе жасалмады. Қазір камерадағы бүкіл видеоны өшіріп тастаған. Не үшін өшіріп тастады? Ол әйел балаларға кәуіп төндіріп отыр",- деді балалардың құқығын қорғау жөніндегі аймақтық уәкіл Жанетта Жазықбаева.

Полиция айғақты заттарды ескерусіз қалдырған.  Ал қызына пышақ кезеген келіншектің 2 жасар және 2 айлық балалары бар екен. Көршілері "Көреміз" ұжымына 2 балаға да қауіп төніп тұрғанын айтқан. 

"Біз әйелдің үйіне барғанда есігін ашпады. Ол балаларды алып кететінімізді біліп отыр",- деді қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Құрманғазыұлы. 

Ал Шымкент прокуратурасы "әйел екі кішкентай баласына қысым көрсетпейді" деп отыр.

"Біз бір ай бұрынғы оқиғадан кейін тексеріс жүргіздік. Ол әйел қалған екі баласына ондай істер қолданбаған. Біз күнделікті тексеріп тұрмыз",- деді Шымкент прокуратурасы басқарма прокурорының орынбасары Адай Құтымов. 

Ал қоғамда дүрбелең тудырған оқиғаның бар себебі қызының анасына өтірік айтқаны екен.