ҚОҒАМ

"Мұзбалақ" бірлестігі: Мүгедектігі бар жандардың бүгінгі жай-күйі қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

5 мамыр — Халықаралық мүгедектігі бар жандар құқығын қорғау күні. Елімізде 2024 жылғы ресми дерек бойынша 730 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тіркелген.

Бұл күннің мақсаты — мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғауға байланысты мәселелерге қоғамның назарын аудару болып табылады. Денсаулығының ерекшелігіне қарамастан қоғамда өз орнын тауып, көпке пайдасын тигізіп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі - Армангүл Болатжанқызы. Ол бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Соған қарамастан "Мұзбалақ" атты мүгедектер қоғамдық қорында жетекшіліп етіп, түрлі қайырымдылық шараларын іске асырып жүр. 

- Кішкентайымнан паралич диагнозы қойылған. Қазір жасым 28-де. Осы бір аурумен әлі күнге дейін күресіп келе жатырмын.

- Кеселден толық айығу жолы жоқ па? Ем-дом шаралары ай сайын жүзеге асырылып отыра ма?

- Жалпы бұл диагноз, ДЦП-ның емделу жолы жоқ. Күнделікті өзіңді дамыту, жаттығу жасау арқылы дертпен күресеміз. Толық жазылу біздің дертте ондай жоқ. Қазіргі таңда мүгедектігі бар жандар 18 жасқа дейін тегін түрде ем аласыз. Одан кейін де ай сайынғы емді өзіміздің қаражатымыздан жүргіземіз. Мүмкін арасында 18 жастан жоғары біз секілді жандарды ұмытып кететін жағдайлар болады.

- "Мұзбалақ" бірлестігінің жетекшісі екеніңізден хабардармыз. Неге атауы дәл "Мұзбалақ"? Бұл бірлестік немен айналысады?

- Мұзбалақты мен 2020 жылдан бері бастадым. Өзімнің қалауым болды. Осындай ерекшелігі бар адамдарға қолдау көрсету мақсатында ашқан болатынбыз. Өзім Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келгенмін. Біз жақта құс бар. Ол құс бүркіт тектес. Бірақ ол тау-таста, кез келген жерде өмір сүре береді. Сол секілді бізге келетін балалардың бәрі қанаттары қатып, үлкен жетістікке жетсе деген ниетпен ашқан болатынбыз. 

- Орталықта қанша қызметкер, балалар бар?

- Жалпы орталыққа келетіндер саны 100-ден асады. Бірлестікке тіркелген, бірақ үйінен шыға алмайтын балалар да бар. Олар 90 бала. Әрине, балаларға ай сайын азық-түлік тарату арқылы көмектесеміз. Бізде 15 шақты қызметкер бар, 50 %-ы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бізде массаж, дефектолог қызметі, әр түрлі шахмат, вокал, хореография үйірмелері жұмыс істейді.  Қазіргі таңда ДЦП, даун, түрлі синдром бары ерекше балалар көп.  Оларға әлеуметтік социализация керек. Бұндай балаларды біз қоғамға қосуымыз керек қой.

Біздің спонсорларымыз бар. Өкінішке орай, Үкіметтен қаржыландыру сияқты грант алмаймыз. Әлеуметтік қызметтер орталығымен ғана келісім шарт жасалған.

- Қазір мемлекет тарапынан жалпы мүгедектігі бар жандарға қолдау болады ма? Ұмыт қалып жатқан жоқсыздар ма? Құқықтарыңыз қорғалып жатыр ма қоғамда?

- Мүгедектігі бар жандарға үкімет көмек көрсетеді. Медицина жағынан, басқа да көмектер жеткізіліп тұрады. Алайда, ұмыт қалып жатқандары да бар. "Көш жүре келе түзеледі" демекші, мемлекет тарапынан берілетін қол арбалар мен заттар, алатын көмек сапасы жағынан енді жақсарып жатыр. 1-2 жылда тағы түзелер деп есептейміз.

- Оған да үндеу жасап, өздеріңіз сұрайсыздар ғой? Қоғамда құқықтарыңыз қорғалып жатыр ма?

- Иә, әрине, өзіміз үндеу жасап, хаттар жазып, кездесулерге барамыз. Өзіміз ізденіп, "мынаны өзгертейік, былай жасайық" деп белсенді мүмкіндігі шектеулі жандар үн қосамыз. Қазір бізді қоғам жақсы қабылдайды. Бұрындары бізді көргенде аяушылық танытатын. Қазіргі таңда ммүгедектігі бар жандар өз орны, үні бар екенін көрсете бастады. Біреуі кәсіпкер, біреуі бизнеспен айналысады. біреуі биші, біреуі спортшы. Сондықтан бізді де қоғам еңбек ете алатынымызға көзін жеткізіп, қабылдайды. Бірақ қоғамдағы стереотиптер әлі сақталған.

- "Мұзбалақ" қоғамдық қорына спонсорлар, еріктілердің көмегі керек пе?

- Бірлестік еріктілердің көмегіне де зәру. Бірлестігіміз аз қамтылған, мүгедектігі бар жандарға спонсорлар арқылы көмек беріп, екі ортада алтын көпір болып жүрміз деуге болады.