Bugin
Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова
Бүгін, 3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Еліміз 2023 жылы сөз бостандығы рейтингісінде 180 елдің ішінде 134-орында болған. Биыл бірден 8 сатыға құлдырап 142-орынға түсті. Қазақстандығы БАҚ-тың сөз бостандығы туралы Bugin.kz тілшісі сауалнама жүргізді.
Қазір “Масс-медиа туралы” заң жобасы Мәжіліс депутаттары мақұлдауымен Сенатқа жолданған. Заң қабылданса, енді мемлекеттік тапсырыстар тендр арқылы өтпейді. БАҚ мемлекеттік қаржының қалай жұмсалғанын бақылай алмайды.
Bugin.kz тілшісі журналистер мен қоғам белсенділері арасында сауалнама жүргізді.
Сауалнамада мына 3 сұраққа жауап ізделді:
1.Қазақстандағы БАҚ-тағы сөз бостандығына көзқарасыңыз қалай?
2.Қазір елімізде БАҚ-та қандай түйінді мәселелер бар?
3.Ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған тендрлер пайда болған соң, БАҚ-тағы сөз бостандығында қандай өзгерістер байқалады?
Бақытжан Әбдірашұлы, "Рейтинг" газетінің бас редакторы: "Газетті оқытпаған – мемлекеттің өзі"
1.БАҚ-тағы сөз бостандығының деңгейі сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда нашар деп есептеймін. Неге десеңіз, бұл бүгінде "Ескі Қазақстан" деп аталып жүрген Назарбаев режимінің қалауы болды. Билік бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық пікірдің алға қойған жоспарын жүзеге асыруға кедергі болатынын жақсы түсінді. Сол себепті БАҚ-ты мейілінше мемлекетке тәуелді қылу саясатын жүргізді. Екі мыңыншы жылдардан кейін басталған осы саясат нәтижесін берді деп ойлаймын. Ол саясат – газет-журнал, сайт, телеарналарды тек тендерге тәуелді ету. Назарбаев билік еткен отыз жыл ішінде БАҚ-тың дамуы, сөз бостандығына қатысты бірде-бір мәрте мәселе көтерілген жоқ. Оны алғаш рет Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев Жолдауында атап өтіп, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" жаңа заң қабылдауды тапсырды. Бірақ заңды өзгерткеннен проблема шешіледі деп ойламаймын. Сол тоқсаныншы жылдары біздің ақпарат саласын нарықтық экономиканың жолына түсіру қажет еді. Ондай процестен өтпеген бүгінгі БАҚ бәсекеге қабілетті емес, өз күнін көре алмайды. Қаптаған газет-журнал, сайттар, телеарналар. Егер мемлекет тендер арқылы қаржыландыруды тоқтатса, олардың барлығы да өмір сүруін сол күні тоқтатады.
2. БАҚ саласында түйінді мәселелер көп қой. Ең басты мәселе ақпарат саласын ешкімге тәуелді қылмайтындай қаржыландыру жүйесін табу ғой. Өкінішке қарай, қоғамдағы проблемаларды шешіп жүретін журналистердің өздерінің мұң-мұқтажын көтермейтіні рас. Өзім газет саласында жүргендіктен осы саладағы біраз проблемаларды айтайын. Бүгінде газетті ешкім оқымайды деген пікір үстем. Бірақ газетті оқытпаған мемлекеттің өзі. Неге десеңіз, оқырман газетке жазылады, алайда почта жазылған газетін дер кезінде жеткізіп бермеді. Өйткені газет таратудың шығыны шаш-етектен. Оның үстіне газет-журнал тарататын сала бетімен кетті. Газет таратуды мойнына алған көптеген ұсақ мекемелер оқырманның ақшасын алып қашып кетті, редакцияларды шығынға батырды. Осыдан кейін кімнің газетке жазылғысы келеді дейсіз. Екіншіден, газеттерге жазылу құны қымбаттады. Себебі қағаз, баспахана шығыны көп. Мемлекет әу баста ақшаны оңды-солды тарата бергенше, почта қызметін жалғыз "Қазпочтаға" монополиялап беріп, редакциялардың почта қызметі мен баспахана шығындарын субсидиялауы тиіс еді. Сонда баспасөз саласы бүгінгідей қиындыққа душар болмас еді деп ойлаймын. Дәурен Абаев министр болған кезде почта саласын реттейміз, шығынын өтейміз деп, "Ұлттық жоспар" жасатып еді. Оның бәрі далада қалды.
3.Тендер бүгінде БАҚ-тағы сөз бостандығына кері әсер ететін негізгі факторлардың бірі есептеледі. Өйткені билік тендер алатын кез келген ақпарат құралына ықпал ете алады. Алайда ақпарат саласында мемлекеттік тапсырыс деген болуы керек. Оны мүлдем алып тастаған дұрыс емес. Бүгінгі тапсырыстардың дені мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуына қатысты. Яғни әкімдіктер өздерінің атқарған жұмыстарын жарнамалаудан әріге аспай отыр. Мемлекеттік тапсырыстардың басты бағыты – қоғамдағы құндылықтармен байланысты болу. Ол құндылыққа адамның өмірі, құқығы, денсаулығы мен қауіпсіздігі жатады.
Өмір Шыныбекұлы, қоғам белсендісі: Журналистер ештеңе істей алмайды
1. Бірінші сұрақтың жауабын үшінші сұрақ анықтап тұр ғой. Тендр алған жерде қандай сөз бостандығы болады? Кей кезде кейбір БАҚ басшыларды өткір сынап жатады. Сөйтеді да кейін басылып қалады. Біз мұндай кезде "тендр алды" деп шамалаймыз да, қоямыз.
2. АҚШ-та конвергентті журналистика деген бар. Тіпті мынау сайттардың өзіне адамдар тиын-тебен төлеп, жазылып оқиды. Бізде ол мәдениет қалыптаспаған. Тіпті бірінен-бірі материал ұрлап, ақша төлемек түгілі авторлық құқықты бұзып жариялап жатады. Ол енді қоғамның дамуына байланысты. Журналистер ештеңе істей алмайды. Біздің қоғам тегінге үйренген. БАҚ-тың басты мәселесі – қаржы.
3. Тендр алу үшін БАҚ қатты сынамайды. Қатты сынаса, келер жылы қаржы көзінен қысып тастайды. Ондай жерде сөз бостандығы тоқтайды.
Есенгүл Кәпқызы, “Мінбер” ақпарат агенттігінің жетекшісі : Өздерін "тәуелсіз" деп айта алмайды
1. Жаңа ғана "Шекарасыз репортерлер" ұйымының сөз бостандығына қатысты материалын қарадым. Қазақстан 2024 жылы 142-орынға тұрақтапты, былтыр 134-орында болғанбыз. Сонда 8 позицияға төмендеп кеткенбіз. Мен бұл индекспен келісемін. Бізде сөз бостандығы құлдырап бара жатыр.
Сапалы ақпарат құралдары, онлайн медиа өсіп келе жатыр. Бірақ соған қарамастан медиаға деген бақылау күшейген. Кейбір медиалардың жабылуы, журналистердің тұтқындалуы туралы айтайық. Думан Мұхамедкәрім, "Айгерім Тілеужан тұтқындалды. Олар – журналистер. Журналистік қызметі үшін қуғындалып жатыр. Құзырлы органдар түсініктеме берген кезде, "олар журналистік қызметі үшін қудаланбағанын" айтады. "Олардың белгілі бір деңгейде қателігі болған" дейді. Мен іске нақты араласып көрген жоқпын. Олар бәрібір журналистер еді.
2. Қуантарлық жайт – онлайн медиа көбейді, ондағы ақпарат өсек емес, сараптамалық бағытта. Сапалы ақпарат көбейіп жатыр. Соған қарамастан, бізде әлі күнге дейін кейбір проблемалардың бар екенін жоққа шығармау керек!
Мемлекеттік пропаганда, мемлекеттік манипуляция әлі де бірінші орында. Содан біз әлі күнге дейін аяқ тарта алмай отырмыз. Тәуелсіз ақпарат құралдарының жағдайы өте нашар екендігі рас. Біздегі БАҚ-тың 80-90 пайызы тәуелсіз. Бірақ олар мемлекеттен қаржы алып отырған соң өздерін "тәуелсіз" деп айта алмайды. Өйткені мемлекет бәрібір өзінің тендерін бергеннен кейін оған бақылау қойылып тұр.
Мемлекеттік, халықаралық гранттарға қатысу барысында БАҚ-қа қойылатын талаптар бар, яғни қаралым жоғары болуы тиіс. БАҚ қаралым жинау үшін "өсек" материалдарды жариялайды. Өсек – бізде өтімді тақырып. Оның шынайы екеніне көз жеткізбестен тарата береді. Бізде зерттеу материалдары жоқтың қасы. Қазір алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама жақсарып қалды. Одан кейін сараптамалық, аналитикалық материалдардың да ойсырап тұрған тұстары жетерлік. Не биліктің ғана сөзін сөйлейміз, не оппозицияны ғана жақтаймыз. Нақты журналистік талаптарға сай берілетін материалдар аз. Ізденіс өте төмен. Материалдың түпнұсқасын зерттемейді. Бір-бірінен көшіріп жариялай береді. Бұл – негізі дұрыс емес. Әр БАҚ дереккөзді өзі зерттеуі керек.
БАҚ-қа зертттеу, ізденіс жетіспейді. Біздегі тағы бір мәселе – этика мәселесі. 2023-2024 жылдары Қазақстан журналистикасында этикаға байланысты шулатқан мәселелер өте көп болды. Тұлғаның жеке басына, суицид жасаған адамның жеке басына қатысты, ақпарат алудағы этика, адамдарды алдап ақпарат алу деген сияқты мәселелер болды. Тіпті журналист екенін жасырып ақпарат алғандар да болған.
3. Біз биыл "Масс-медиа туралы" заң жобасында жұмыс тобының мүшесі болдық. Сол жерде белгілі бір тақырып пен бағытқа грант беру мен мемлекеттік тапсырыстар туралы сөз қозғадық. Мемлекеттік тапсырыс және мемлекеттік тапсырма деген екі нәрсе бар. Біз сол мемлекеттік тапсырмаларды грантқа айналдырып, оның ашық болуын талап етіп жатырмыз. Бұл қаншалықты қолдау табары белгісіз. Грант беру кезінде бұрынғыға қарағанда өзгерістер бола ма деген үміт бар.
P.S. Материалды дайындау барысында жауап алмақ болған кей журналистер бұл тақырыпты айта-айта жалыққаннын жеткізді. Олар айтқанмен нәтиженің жоқ екенін алға тартып, жауап беруден бас тартты. Қазақстандағы сөз бостандығы тағы 8 сатыға құлдырады. Мәселе жасырғаннан шешілмейді. Мәселені айтудан, хабарлаудан қорықпау керек. Сөз бостандығы – адам құқығының маңызды бөлшегі.