БІЛІМ

“40 жыл мұғалім болсаң да, ұстаздық үнемі оқуды қажет етеді”: біліктілікті арттыру

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: time.kz

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің іргетасы 1965 жылы қаланды. Ол кездегі атауы – “Маяк”. Ахмет Байтұрсынұлының есімі мектепке 1993 жылы берілді. Мектеп директоры Жумакул Турсынбайқызымен онлайн білім беру, ұстаз мәртебесі жайлы Bugin.kz порталы сұхбаттасты.

Қазіргі таңда білім саласына өзгерістер көптеп енгізілуде. Болашақта осы өзгерістер қандай нәтиже береді деп ойлайсыз?

Білім саласында көп өзгерістер болып жатыр, реформалар енгізіліп жатыр. Жаңартылған білім беру форматына көшіп, цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бұның бәрі – білім беру деңгейінің жоғарылап жатқанының көрінісі. Қазіргі заман талабы – цифрлық сауаттылықты арттыру. Заман талабына сай дамып жатқанымыз қуантады.

Онлайн білім беру форматын пайдаланасыздар ма? Пайдасы мен зиянын атап өтсеңіз.

Менің ойымша, онлайнның пайдасы да, зияны да көп. Ол онлайн форматты пайдалану мақсатына пайланысты: тиімділігі де, тиімсіздігі де бар. Жұмыс істеп жүрген ұстаздар үшін онлайн білім беру тиімді деп ойлаймын, ал жас мамандарға онлайнның аса тиімділігі жоқ. Жас мамандар оффлайн оқу керек, тәжірибе алмасу керек деген ойдамын. 

Алдағы 3-5 жылға мектебіңіз қандай мақсаттар қойды? Мақсатқа жету үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектебімізге жаңа ғимарат салынуда. 80 балаға арналған мектеп құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы мамыр айынан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектебіміздің бұрынғы ғимараты жарамсыз деп танылды. Қорытынды шыққаннан кейін үкімет бірден бұл істі қолына алып, тендер ойнатып, аудан, облыс, республика көлемінде іс-қағаздарды жылдам дайындап, мектептің жөндеу жұмыстарына байланысты жұмыстарды бастап кетті. Қараша айынан бастап құрылыс басталды. Алдағы жаңа оқу жылында дайын, бүгінгі заман талабына сай мектепке кіреміз деген сенімдеміз. Жаңа мектепке кіріп жатсақ алға қойған мақсат-міндетіміз көп. 

Заман талабына сай білім берудің жаңа әдіс-тәсілі көп. Бұл орайда ұстаздарыңыз біліктілігін қаншалықты жиі арттырып отырады? 

Біз шағын жинақталған мектеппіз. Стандарт бойынша 3 жылда 1 рет біліктілікті арттырып отыруымыз керек. Курстың түрі көп: пән, жаңартылған білім беру форматы, әдіс-тәсілдер бойынша. Курстан өту мұғалімдер үшін тиімді, пайдалы. Шағын жинақталған мектеп болғандықтан пән мұғалімдері 2 апталық курсқа кететін болса, бізде сол пән мұғалімі жетіспеушілігі туындайды. Осы кезде оффлайнның тиімсіздігі байқалады, онлайн оқыту тиімді бола бастайды. Бірақ, оффлайн оқуға да, онлайн оқуға да қарсылығым жоқ. 

“Ахмет Байтұрсынұлы орта мектебінде 28 мұғалім еңбек етуде. Бәрі өте білікті, білімді ұстаздар. 40 жыл мұғалім болсаң да, ұстаздық үнемі оқуды қажет етеді. Бүгінгі заман талабына сай оқушыны біліммен қанағаттандыруымыз керек. Озық технологияны оқушылар бізден бұрын меңгеріп жатыр. Сондықтан да, ұстаз үнемі ізденісте болуы керек. Қазіргі заман талабына сай цифрлық сауаттылықты толықтай білу керек. Ұстаздарға тілерім – әрбір ұстаздың үлгі тұтар шәкірттері көп болса деймін. Ұстаз деген ұлағатты есімге сай еңбек ете берейік!”, – деген жылы лебізін білдірді Жумакул апай.