БІЛІМ

"Ұлы Отан соғысы" ма, "Екінші дүниежүзілік соғыс" па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділхан

Екінші дүниежүзілік соғыс әлемнің 61 елін қамтыған. Бұл соғыс – әлем  елдері үшін Екінші дүниежүзілік соғыс. Көршілес Өзбекстан тәуелсіздік алған сәттен-ақ оқулықта, құжатта "Екінші дүниежүлік соғыс" деп жазады. Ол елде "Ұлы Отан соғысы" деген тіркесті қолданатындар өте аз.  Bugin.kz тілшісі талайдың тағдырын тәлкекке салған соғыс туралы ақпарат береді.

 “Азаттық” радиосының жазуынша, майданға Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігі немесе 1,3 миллион адам аттанған. Оның 410 мыңы майданнан оралмаған. Майданға аттанғандардан бөлек тыл жұмысына алынғандар да жетіп артылады. Соғыста немістер 12 пайыз адамын әскерге жұмылдырса, Қазақстан халқының 24 пайызы жұмылдырылған.

Бізде Ұлы Отан соғысын Екінші дүниежүлік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде оқытады. Екі соғыс бөлек пе?

Осы екі атаудың қолданысына қатысты тарихшылардың көзқарасын сұрадық.

Нұрқожа Бауыржанұлы, тарихшы: Бізде де "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп оқытқан дұрыс

Фото: Нұрқожа Бауыржанұлы. Жеке мұрағатынан

Фото: Нұрқожа Бауыржанұлы. Жеке мұрағатынан

"Ұлы Отан соғысы" деген тіркестен қазір көбі бас тартып жатыр. Мен де қолдаймын. "Ұлы Отан соғысы" Кеңес одағының кезінде болған нәрсе. Қазіргі таңда ол керек емес. Мектептен бастап Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылдан басталған, ал Ұлы Отан соғысы 1941 жылы басталған деп үйретеді. Негізі бұл – әлем бойынша болған ұрыс және ол тек Кеңес одағына қатысты емес. Оған бүкіл әлем қатысқан. Басқа елдердегідей бізде де "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп оқытқан дұрыс.

Өмір Шыныбекұлы, тарихшы: Бұл сұрақтан сескенеді

Фото: Өмір Шыныбекұлы. Жеке мұрағатынан

Фото: Өмір Шыныбекұлы. Жеке мұрағатынан

Мен бұл туралы бірнеше рет жаздым. Осыдан 15 жыл бұрын: "2025 жылы Ұлы Отан соғысы деген сөз қолданыстан түсіп қалады", - деп болжағам. Біздің Ұлы Отан соғысы деп жүргеніміз Кеңес-неміс соғысы ғой. 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі. Біз "Қазақстан тарихы" оқулықтарында "Ұлы Отан соғысы" демей, "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп жазуымыз керек. Осы нәрсені оқулық жазатын ғалымдарымыз ескерсе…

Бұл сұрақты тарих ғылымдарының докторы, ішкі саясат бөлімінің басшыларына қойсаңыз, олар сескенеді.

Партизан немесе полк балаларын есептемегенде,  Екінші дүниежүзілік соғысқа шақырылған Кеңес азаматтарының ең жасы 1925 жылы туғандар еді. Солардың өзі 1932-33 жылдардағы ашаршылықта естияр болып қалған балалар.. Неліктен 1932-33 жылы аштықтан шыбындай қырылған қазақтардың біразы Кеңес өкіметіне кек сақтамай, 1941 жылы майданға өздері сұранып аттанды? Осы сұрақ мені көптен мазалайтын.. Соның жауабын осыдан біраз жыл бұрын таптым.

Әсілбаев Ахмет (1906-1943 ж.ж.) деген атамыздың жесірі Күлбаран апамыздан естідім.

Ахмет атамыз 1934-42 ж.ж. "Оңтүстік" колхозының басқарма төрағасы қызметін атқарған. Соғыс басталғанда ауылдас жігіттерді майданға бірінен соң бірін әкетіп жатқанда, "Ауылдастардан қалғаным ұят"- деп ез еркімен сұранып аттанып, сонда қаза тапқан. Көшпенді кезеңде (1928 жылға дейін) қазақтың "конторы" қоржында болған ғой.Туған жылды шамалап жаза салған.  Айтайын дегенім қазақтар үшін сол соғыс "Отан соғысы" болған жоқ. Өгей шеше секілді болған Отанды қорғау үшін емес, қатарластардан қалғаным ұят деп намыс үшін барған болса керек.

P.S Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдолла Садықов Өзбекстанда диссертация қорғайды. Сонда өзбекстандық ғалымдар диссертациядағы "Ұлы Отан соғысы" деген сөз қолданысының барлығын жай ғана "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп өзгертуді тапсырады. Егер ол тіркестерді өзгертпесе, диссертациясын қорғай алимайтынын айтқан. Студент кезімде дәл осы оқиғаны ұстазымыз аузымен айтып бергенде таң қалдық. Себебі біз 11 жыл мектеп қабырғасында қазақстандықтардың қаншама қасіреті мен тауқыметін оқыдық. Оның нәтижесі – "Ұлы Отан соғысындағы" жеңіс деп өскен буынбыз.

Әлбетте, қайғы, қасірет, ерен ерлік, еңбек – барлығы тарихи әділ көзқарас пен құрметке ие. Қанша адамның қиылған өмірі, қанша адамның болмаған балалық шағы осы кезеңде өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс атауы олардың басынан кешкенін құнсыздандыру емес. Келесі буын қай нұсқадағы атауды қолданып, бұл оқиғаны еске алар екен?