Bugin

Асанәлі Әшімов: Жүрегімді жұлып алып, жастанып жүр ме екенсіңдер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

Бүгін, 8 мамыр  қазақ киносын әлемдік деңгейге көтеруге үлкен үлес қосқан кино және театр актері Асанәлі Әшімовтың туған күні. Өнердің тарланы бүгін 87 жасқа толды.

Әшімов 1937 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген.

КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі  “Қазақстан театрлар ассоциациясының” президенті.

Қазақ сахнасында Әуезовтің “Еңлік-Кебегінде” Кебекті, Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш-Баян сұлуында” Қозы мен Қодардың, Нұрпейсіовтың “Қан мер терінде” Еламанның рөлдерін сомдады. Мұның бәрі Әшімовтің театр тарихында және ел есінде қалған әйгілі рөлдері болды.

Одан бөлек актер қазақ киносында шеберлігін танытып, дара талантымен барша көрерменнің көңілінен шықты. Асанәлі Әшімов Бекежен (“Қыз Жібек”), Қасымханов (“Транссібір экспресі”), Шадияров (“Атаманның ақыры”) және Шыңғыс ханның (“Бұлғар даласынан ескен жыл жел”) рөлдерін асқан шеберлікпен сомдап шықты.

Әшімов 1993 жылы жұбайы Майрадан, 1999 жылы қос ұлы Сағи мен Мәдиінен айырылып қалады. “Майраның әні” деп жұбайына, “Жан бөлек” деп балаларына арнап кітап жазады. “Іштегі шерін ақ қағазға төккен” Асанәлінің “Жан бөлек” кітабынан алынған  үзінді ұсынамыз.

Майрашым, қос құлыным! Бұл ойларымды, тілегімді отағасы-ағасының мөлдір мұңы деп ұғыңдар. Маған босауға, боркеміктенуге болмайтынын да жақсы түсінемін. Ол үшін өздеріңмен сырласып, сендердің рухтарыңнан күш-қуат алып отыруым керек. Сонда ғана тұла бойыма бір бұла күш бітіп, сымдай тартылып, сырбаз қалпымда жүретіндеймін. Сырт көздің сыншылдығына осылай жауап берсем керек.

“Адам баласының жан дүниесі, ой-өрісі, киім киісі, жүріс-тұрысы - бар жағынан да сұлу болуы керек” деген сөзді жазушы Чехов айтты деседі. Бұл сөз менің аса мейірбан, сүйікті де сүйкімді қалпынан ешқашан ажырап көрмеген көркемдерім, өмір бақи сол көркем қалпында көз алдымда тұратын тілеулестерім, асылдарым - Майра,  Мәди, Сағиға да арналып айтылғанына қылаудай шүбә жоқ.

Алтындарым-ай! Жүрегімді жұлып әкетіп, жастанып жүр ме екенсіңдер. “Адам ит жанды” деген рас, сірә. Ес жиярымыз, бейопа өмір өзі билігіне масаттанып жалғаса берер. Енді қанша өмір сүремін, ол жағын кім білген, пешенемізге жазғанын тағы да көріп алармыз. Бірақ маған өлім енді қорқынышты емес, астамшылықтан айтқандай болмайын, соның өзін жеңгендей халдемін. “Хас өнер қасіреттен де туады” деуші еді бір дана. Бәлкім, осы бір сөзде шындық барын тіршілікте сезе бермейтін шығар кісі баласы. Әйтеуір, күнделік жазсам көңілім тазарып, жанымның шөліркеген, күздің күніндей сұр бұлт қаптаған кеңістігіне бір түйір тамшы тамғандай жеңілдеп қаламын. Көкіректегі қасіретті күнделікпен жуатын секілдімін. Гюго деген данышпан баласы өлгенде көрші бөлмені ішінен кілттеп алып, жұмыс істеген көрінеді. Қазір маған да дәл сол тәсір серік болғандай. Бар өшімді қаламнан алып, іштегі бар шерімді ақ қағазға төгемін де отырамын. Әйтеуір, мені бір жеңілдетіп кетейін дей ме, тереңге батырмайтын, тірліктен түңілдірмейтін бір мөлдір мұң төңірегімді ториды да жүреді. Амал не? Шығарға жан бөлек.