Bugin

Алты Алаш қайраткерінің шәкірті болған қазақ ғалымы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Бүгін, 11 мамыр – археолог, тарихшы, әдебиеттанушы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы Әлкей Марғұланның дүниеге келген күні. Тұлғаның өмірі туралы Bugin.kz тілшісі деректер ұсынады.

Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан 1904 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, бұрынғы Ақбеттау болысының № 2 ауылында кедей отбасыда дүниеге келген.

Ол 15 жасында мұғалімдік курста білім алады. 1920 жылы мұғалім ретінде өз ауылына қайта келеді. Алайда біліміне қанағаттанбай, 1921 жылы Семей қаласындағы педагогикалық техникумға оқуға қабылданады. Оны 1925 жылы аяқтайды.

Әлкей Марғұлан Семейде оқып жүргенде Мағжан Жұмабаев және Мұхтар Әуезовпен танысады. Әуезовтің кеңесімен білімін әрі қарай жалғастырып, ғалым болуды мақсат етеді. Ол 1925 жылы Ленинградтағы Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі. 1929 жылы Абай Құнанбаевтың шығармашылығы туралы диплом қорғайды.

Әлкей Марғұлан Алаш қайраткерлерімен байланыста болып, оларды ұстаз тұтқан. Ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаевтың шәкірті болған екен. Бұл туралы жазушы Тұрсын Жұртбай деректер жариялаған. 

Әлкей Марғұлан Алаш қайраткерлері ұсталғанда, қуғынға ұшыраған. Ол Мағжан Жұмабаевқа қаржылай көмек беріп, көзге түседі. Осы тұста Қаныш Сәтбаев Әлкей Марғұланға археология туралы зерттеу жасауды ұсынады. Себебі археологияда идеология аз болады. Осыдан соң ол  қазақтың археология мен этнографясын зерттейді.

Әлкей Марғұлан 1935 жылы қамауға алынған. Ғалымның қызы Дания Марғұлан бұған "ұлттық мәдениет мәселелеріне қызыққаны" себеп болды деп болжаған. Әлкей Марғұлан 1947-1953 жылдар аралығында "саяси қателігі" үшін қуғында болған. Сол тұста Әлкей Марғұланды негізгі айыптаушы рөлін Мәлік Ғабдулин атқарып, батырлар жырын "дұрыс жазбады" деп айыптаған.

Әлкей Марғұлан Сыртария, Талас, Шу өзенінің бойындағы көне қалаларды зерттеп, археологиялық қазба жұмысын жүргізеді. Ол көне қала мәдениеттерімен шектелмей, терең зерттеу жасауға тырысады. Нәтижесінде ол 1945 жылы қазақтың эпикалық жырларына байланысты докторлық диссертация қорғайды. 1950 жылы Қазақстандағы көне қалалар тарихы жайындағы көлемді монографиялық еңбегі жарық көрді. Ол 1960 жылы профессор атағын алды.

Ғалым 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын, 100-ден астам энциклопедиялық мақала жазды.

Қазақ археология ғылымының атасы Әлкей Марғұлан 1985 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қайтыс болды.