МӘДЕНИЕТ

"Бірінші Алматы вокзалын салған". Қазақтың тұңғыш инженері туралы не белгілі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Бүгін, 12 мамыр – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышпаевтың туған күні. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым туралы Bugin.kz порталы деректер ұсынады.

Ол 1879 жылы бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы Садыр болысында дүниеге келген.

Mұхамеджан Tынышпaев алдымен aуыл мектебінде білім алып, артынша Лепсі қaлaлық екі клaстық ерлер училищесін бітіреді. 1890 жылы 14 тaмыздa Верный қaлaсындaғы ерлер гимнaзиясынa оқуғa қaбылдaнaды. Гимназияда оқып жүрген кезінде өзінің алғырлығымен мұғалімдердің көзіне түседі.

Ол өз заманында асқан білімділігімен көршілес орыс халқын және тағы біраз елдердің ғалым-тарихшыларын таңқалдырған. Оның Түрксібтің оңтүстік құрылысындағы өндірістік бөлімді басқаруы да тегін емес еді.

Тарихтан да белгілі Мұхамеджан Тынышпаев 1927 жылы Түркістан - Сібір темір жолы құрылысында еңбек етті. Оның кәсіби шеберлігі мен асқан ізденімпаздығы Түрксіб құрылысын салу барысында көрінді. 

Дегенмен, осындай еңбегі бағаланбай, керісінше Тынышбаев кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы 3-тамызда тұтқынға алынады.

Оған “буржуазияшыл-ұлтшыл”, “тап жауы” деген айыптар тағылады. Кейінгі жылдары да қатаң бақылауда болады. Ақырында кеңестік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Айдауда жүрген 1933-1937 жылдары Мәскеу-Донбас темір жол құрылысында еңбек етеді.

Ол жақтан ауырып, денсаулығына байланысты қайтып оралады. Дегенмен, 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалады. Ал 1938 жылы жылы Ташкент түрмесін­де "Халық жауы" деген желеумен атылады.

Қазір Алматыдағы “Қазақ Көлік және коммуникация академиясы” М.Тынышбаевтың есімімен аталады.

Ал бүгінгі Бірінші Алматы вокзалы орналасқан станцияға кезінде алғашқы пойыз келгені белгілі. Станцияның дәл сол жерден салынуына да себепкер болған Тынышпаев екенін көпшілік біле бермейді. 

“Қазақстан теміржолшысы” газетіне бұл оқиға жөнінде былай дейді: 

“Түрксіб тынысы” газетінің бас редакторы Тоқтарбек Қожановтан үзінді келтірейік: “Осыдан 90 жыл бұрын, 1929 жылдың 19 шілдесінде Іле Алатауына, сол кездегі Қазақстанның жаңа астанасы Алматыға алғашқы пойыз келді. Бұл 1927 жылдан бері салынып жатқан әйгілі Түрксіб темір жолының оңтүстік бағыты еді. Бұл оқиға туралы орталық газеттер: “... причалил первый поезд в 10-ти километрах от города, открыт сухопутный порт столицы Казахской республики” деп жазды.

Cаналы ғұмырын туған қазақ халқының мүддесін қорғап, әлеуметік жағдайын жақсартуға арнаған біртуар тұлға Мұхамеджан Тынышбаевтың ел үшін жасаған өнегелі ісі ұрпаққа үлгі.