Weekend

«Тіл дағдарысы және рухани екідайлық» немесе «мәмбет» пен «мәңгүрттің» сыры

Қазақ тілі дағдарысының тым ұзаққа созылып отырғаны белгілі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ тілі дағдарысының тым ұзаққа созылып отырғаны белгілі. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері мемлекеттік тілді дамытуға көп қаражат бөлінді. Оны экономикалық айналысқа енгізуді көздеген бағдарламалар қабылданды. Бұл мәселе ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік конференцияларда талқыланды. Солай болса да мемлекеттік тілдің қазіргі күйі көптің көңілінен шыға алмай отыр.

Дағдарыс қаншалықты терең болғанымен, одан сытылып шы­ғудың жолдарын табуға әрқашан да мүмкіндік болды, қазір де бар. Демек, қазақ тілінің қазіргі күйін көріп, салымызды суға кетіріп, түңілу түнегіне батудың қажеті жоқ. Лабиринт қандай шытырман болса да, Ариадна жібі табылады. Заманауи философия мен өзге қоғамдық ғылымдардың жеткен жетістіктеріне сүйене отырып, қазақ тілінің айналасында қалыптасқан құбылыстың ғылыми дәйекті сипаттамасын алуға болады.

Қазіргі қазақ тілі дағдарысының түпкі себебін алдыңғы қатарлы қоғамдар дамудың индустриялы басқышына өтіп кеткенде, қазақтардың аграрлы басқышта қалып қоюынан, соның салдарынан, өз ішінде әлеуметтік және тілдік белгілері бойынша бөлініп, ұлттың рухани екідай күйге ұшырауынан іздестіру керек. Былайша айтқанда, халықтың орыстілді бөлігі индус­триялы қоғамда, қазақ тілді бөлігі аграрлы қоғамда өмір сүріп жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық формация деңгейіндегі артта қалуының көрінісі болып табылады. Бұл тезис тереңірек интерпретация жасауды қажет етеді.

Өркениеттердің омырылуы және оның қазақ қоғамының дамуына ықпалы.

Дүниежүзілік тарихта қоғам­дардың түрлі параметрлер мен белгілер бойынша жіктелуі болып жатады. Солардың ішінде халықтардың дінге (исламдық немесе христиандық) немесе өркениетке қатысы (Шығыстық немесе Батыстық) немесе экономикалық-формациялық сипаттамалары (аграрлы немесе индустриялы) жағынан жіктелуі бар. Жіктелген қоғамдар арасында немесе қоғамның өз ішіндегі әлеуметтік топтар арасында қақтығыстардың болып тұруы заңдылыққа айналған.

Өркениеттер және олардың арасындағы қақтығыстар мәселелері Батыс философиясында кең және ауқымды зерттелген. Солардың ішінде бұл тақырыпты кеңінен қозғағандардың бірі ағылшын философы А.Тойнби болды. Қазіргі замандық философтардың басым көпшілігі С.Хантингтонның тұжырымымен келіседі және ол ұсынған омырылу сызығын, елдер тобының жіктелу ұстанымын қуаттайды.

С.Хантингтонның өркениеттердің омырылуы (ор: цивилизационный разлом – Қ.Ж.) теориясы бойынша омырылу сызығының бір жағында латын және герман тобындағы тілдерде жасалған, адам еркіндігін алға шығаратын құндылықтарды ұстанатын, католицизмнің айналасына топтасқан өркениеттер, екінші жағында – православие және мұсылман діндерін ұстанатын, адам құқығын толық мойындамайтын елдер тұр. Қазіргі геосаяси кеңістікте болып жатқан қақтығыстар, негі­зінен, осы омырылу сызығының екі жағындағы қоғамдар арасындағы түсініспеушіліктен туындап отыр.

Америкалық зерттеуші Э.Тоф­флер ХХ ғасырдың ортасында жаз­ған еңбегінде дүниежүзі елдерін әлеуметтік-экономикалық даму жағынан екіге бөліп қарастырған болатын: «Жердегі адамдар өмір сүріп жатқан уақыты бойынша жіктеледі. Көптеген жағдайларда олар бұдан бір ғасыр бұрынғы аталары сияқты өмір сүреді. Бұлар өткеннің адамдары, жер тұр­ғындарының 70%-ын құрайды. 25%-дан астамы дамыған өнер­кәсіпті елдерде тұрады. Олар заманауи өмір сүреді. Олар қазіргі күннің адамдары».

Омырылу бір елдің өз ішінде де болып жатады. Оған Ресей зиялыларының жіктелуі айшықты мысал бола алады. Ресейде елдің даму бағытын айқындаудың батысшылдық және славяншылдық екі парадигмасының өмір сүріп келе жатқаны белгілі. Соңғы мың жыл бойы орыс зиялылары аталған бағыттар бойынша бөлініп, ішкі рухани жіктелуді бастан кешіріп келеді. «Қырғиқабақ соғыстан кейін батысшылдар мен славяншылдар арасындағы классикалық күрес қайта жанданып, Ресей қайтадан «жыртылған елге» айналды» деп сипаттады С.Хантингтон.

Қазіргі қазақ ұлтының рухани дүниесінде болып жатқан құбы­лыстарды ұстанымында өркениеттер арасындағы антаго­низмнің салдары болып табылатын тарихи қақтығыстардың тұйықталған бір буыны ретінде қарауға болады. Дүниежүзілік ауқымда елдердің топқа бөлінуі және елішілік ауқымда белгілі бір рухани парадигманы жақтаушылар мен оған қарсылар болып жіктелудің пайда болу себептері мен өту үдерісінде өзіндік ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар. Қазақ амби­валенттілігі елішілік жіктелудің мысалына жатады.

Көптеген елдерде аграрлық укладтан индустриялық укладқа ауы­су кезеңінде көрініс беретін ұлттың іштей омырылу құбылысы жүріп жатыр. Мұндай құбылыстар бұрынғы Кеңестік шығыс елдерінде айқын көрініс береді. Э.Тоффлердің саралауы­на салсақ, өнеркәсіпті қалаларда тұратын қазақтар «қазіргі күнмен», ал ауыл тұрғындары «өткенмен» өмір сүріп жатқандар болып шы­ғады.

Қала және ауыл, олардың ара­қатынасы туралы мәселелер қазақ қауымының әлеуметтік өміріне ғана емес, мәдениетіне, келешегіне қатысты да өзекті саналады. Әсіресе, бұл мәселенің қазақ тіліне қатыстылығын зерттеудің маңызы ерекше.

Өрлеуді қаладан іздеу керек. Бұл аксиома қоғамтанушы ғалымдарға бесенеден белгілі болса да, өмірлік практикада толыққанды ескерілмей келеді. Зиялы санатындағы адамдар өмірде болып жатқан құбылыстардың әлеуметтік сырларына үңіле алмай, сыртқы көріністен қорытынды шығарып, дұрысты бұра түсіндіріп, бұқаралық сананы теріс бағыттап отырады. Қазіргі қазақтың басына түсіп отырған тауқыметтерінің әлеуметтік себептері осы уақытқа дейін тереңнен түсіндірілмегендіктен, ісі алға бас­пай, әлеуметтік омалу жағдайынан шыға алмай келеді.

Соңғы жарты мың жыл ішінде Батыс өркениеттері қоғамдық дамудың барлық жағынан қарыштап алға озып кеткенде, Шығыс елдері тарих көшінің шаңын жұтып, артта қалды, отарлық езгіге душар болды. Табиғи және еңбек ресурс­тары мол, мың жылдық тарихы, төлтума мәдениеті бар, XV ғасырға дейінгі кезеңде ғылым мен техника жағынан еуропалықтардан жоғары деңгейде болған Шығыс елдері соңғы ғасырларда Батыстың табанында жаншылып жатты. Қазір де өркениет көшін бастаушы, заманауи дүниетүзілімді құрушы, халықаралық тәртіптерді орнатушы Батыс қоғамдары болып қалуда.

 

Неге?
Бұл сұрақтың жауабын іздеу­шілер де аз болған жоқ. Табылған жауаптардың арасында иландыратындары да жоқ емес. Заманауи зерттеушілердің дені бұл сұрақтың жауабын Батыс пен Шығыс өркениеттері өкілдерінің құндылықтар жүйесіндегі айырмалардан табады. Мұның да өзіндік қисыны бар.

 

Өркениеттің екі тұрпаты өкілдерінің құндылықтар жүйесіндегі басты айырма – Батыс адамының машинаға құмарлығынан, шаруашылықты индустриялық әдіспен жүргізуге бейімдігінен, қалада тұрып өмір сүруге, өнеркәсіппен айналысуға ынталылығынан, ал, Шығыс адамының ауыл шаруашылығы мен қол өнеріне ден қойып, көпшілігінің ауылды жерлерде тұруды қалауынан көрініс береді.

Батыс ғылымды, техниканы, технологияны жетiлдiрумен, қала индустриясына ден қойып, түрлі механизмдер мен машиналар ойлап шығарумен, адамның еңбегiн жеңiлдету шараларымен айналысқанда, Шығыс бұрынғыша ауылды жерлерде бытырап, аграрлық укладты сақтап қалды, ауыр қол еңбегiмен өлместiң күнiн көруiн жалғастыра бердi. Ауылындағы үйреншiктi күйбеңнен, жанын жегiдей жеген мезi тiршiлiгiнен бас тарта алмау – Шығыс адамының рухани бастамаларын құрайтын, оның санасын меңдеген, оның ақылы мен жүрегін жаулап алған, сонысымен әр сөзіне, өмірлік қызметіне, шығармашылығына, ісі мен әрекетіне ықпал ететін, етектен тартқан менталдық аппараттың басты құрауышы болып табылады. Осы себептен XV ғасырдан кейінгі кезеңде Батыс елдері өркениеттер дамуының индустриялы баспалдағына өткенде, Азия мен Африканың байырғы алып мемлекеттері аграрлық бас­палдақта қалып қойды. Мұның арты Шығысты ауыр салдарларға бастап әкелсе де, одан қорытынды шығармаған жүзден астам қоғамдар әлі ортағасырлық аграрлық уклад жағдайында күнелтіп келеді.

Шығыстағы өнiмi мардымсыз қол еңбегi адамға айналасына бажайлай қарауға мүмкiндiк бермедi. Шығыс адамы ештеңеге жарымаса да, ұзақ және монотонды әрекеттердi барын сала, ынтамен атқарды, ауыр тұрмысын жалғастыра берді. Шығыс адамы қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуындағы қаланың рөлiн түсінбеді. Мәдениетке, сауаттылыққа тырыс­пады, өз тағдырын өзі басқаруға тырыспады, бақыт үшін күреспеді, өмірдің мәнділік өлшемдерін іздемеді. Жақсылыққа бастайтын өз­герісті «аспандағы» құдайдан, жердегі билеушіден күтті.

Өркениеттің аграрлы және индустриялы болып омырылуы XVI ғасырдағы Нидерландыда болған саяси оқиғалардан басталғаны белгілі. XVII ғасырдағы ағылшын либерал-демократиялық революциясы өнеркәсіпті қоғамның толық жеңіске жеткенін және оның аграрлы қоғамнан артықшылығын бұлжытпай дәлелдеп берді. Осыдан бастап Еуропа елдері суырылып алға шығып, адамзат өркениетінің жетекшілік легін мығым иемденіп алды.

XVIII ғасырда Ұлыбритания өнеркәсіп төңкерісін жүзеге асырып, құқықтық қоғам орнатып, классикалық парламентаризм еліне айналып жатқанда, қазақтар биліктің хандықтан өзге де тұрпаты болатынын, мал бағудан да басқа кәсіп бар екенін ескермей өмір сүріп жатты. Ресейдің барған сайын шекараға жақындап келуі, бекіністер салуы, от қарулы әскер ойнатуы, бір сөзбен айтқанда, соғысқа дайындалуы қазақ хандарының естерін жиюына әсер ете алмады. Олар бағзы замандарда әуені алмап, жерді жалмаған Шыңғыс, Жошы, Бату, Мамай, Тоқтамыс хандардың ұрпағы екенін ұмытты. Тымақтарын баса киіп алып, сойылсоғарларын ертіп алып, бірін бірі барымталаудан қолдары тимеді.

Қазақтың басына төнген нәубет атаулы осыдан – қала салумен, өнеркәсіппен, темір өңдеумен, зеңбірек құюмен, шекара бекіністерін орнатумен, әскер құрумен айналыспаудан бастау алды. Орыс пен Қытай жоңғарларды айдап салғанда, қазақтың мыңғыртып бағып жүрген миллион қойының септігі тимеді. Мамыражай өмірден береке кетті. Соғыс өнері үйретілмеген әскер баудай түсіп, қырылды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталды.

Қазақ қоғамының әлеуметтік және тілдік белгілеріне қарай бөлінуі.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Кеңестік Шығыс республикаларында ауыл шаруашылығының күйзеліске ұшырауы ауылда тұратындардың басым көпшілігінің жұмыссыз қалуына, жұмыс іздеп еріксіз қалаға ағылуына әкеліп соқты.

Әдетте шаруа өз еркімен қалаға келмейді. Келсе ол ауылы қаңырап, киерге киім, ішерге тамақ таба алмай, қайыршыланғанда ғана келуі мүмкін. Қалаға келіп жағдайын жақсартып алса, ол одан кейін ауылын сағынып ән салып, баз кешіп өмір сүреді, ауылына қайтудың кез келген мүмкіндігін күтумен күнелтеді. О.Шпенглер айтқандай, «оны үлкен қалалардың «езгісінен» босатып көріңіз, онда ол, ештеңесін жоғалтпай-ақ, өзінің алғашқы қауымдық күйіне қайта оралады».

Қазақтар да қалаға ғылым, білім, мәдениет іздеп келген жоқ, күнкөріс іздеп келді, базар жағалап, жалақы аз төленетін, лас жұмыстарды атқарды. Өздері шыққан тегін – ауылын ұмыта алмай, зар илеген күндерін кешіп жатты. Қала үрдістерін меңгеріп кете алмады және оған ынталылық танытпады. Сол ауылдағыдай керенау, бейқам тұрмысын құрып жатты.

Жаңа ортада қалыптасқан жағдайлар адамды оларға бейімделу қажеттігін тудыратыны белгілі. «Ауыл немесе қала ұстасы, ауылнай немесе бургомистр екеуі екі әлемде тұратындай. Ауыл және қала адамы – екі түрлі мәнділік. Алғашында олар алшақтықты сезеді, кейін алшақтық оларды билей бастайды, ақыр аяғы олар бірін бірі түсінуден қалады» деп О.Шпенглер айтқандай, ауылда туып, ауылда өскен адам қалаға неғұрлым кешірек келсе, соғұрлым оның қала жағдайына бейімделуі әрі қиын, әрі ұзақ. Көпшілік жағдайда, ол қалалық ортада қалыптасқан мұраттар мен құндылық бағдарларды меңгере алмай кетеді. Себебі, олардың басым көпшілігі сенситивтік шағын ауылда өткізіп келген. Сондықтан, олардың бейімделуі ауыр және ұзаққа созылады, көпшілігі бейімделе алмау дертін (адаптационный синдром) бастан кешіруде.

Қазақ ішіндегі жіктелу қалай қалыптасты? Кеңес кезінде қала­­дағы аз санды қазақтар ана тілінде сабақ оқытатын мектептің аздығынан немесе мүлдем болмауынан балаларын еріксіз орысша оқытты. Өндіріс қажеттігіне орай, өздері де толық орысшаға ойысты. Уақыт өткен сайын ұлты қазақ болса да, орыс тілінде сөйлейтіндердің үлесі арта берді. Сырт сықпыты қазаққа ұқсағанымен, тілі, ойлау стилі, менталитеті, дүниетанымы ауыл қазағынікінен басқа социум пайда болды. Алдымен сауатты адамдардың жан әлемінде орын алған қазақша-орысша екідайлық кейінгі кезеңде халықтың ауқымды бөлігін қамтыды.

Жыл өткен сайын екі әлемді бөліп тұрған құрдым тереңдеп, қазақ өмірінде рухани дуализм толық орнады. С.Хангингтонның сөзімен пішіндегенде, қазақ та «жыртылған ұлтқа» айналды. Омырылу сызығының бір жағында ауылда тұратын қазақтілді қазақ әлемі, екінші жағында қалаларда орныққан орыстілді қазақ әлемі пайда болды. Қазіргі қазақ аспанының астында аталған екі рухани әлем қатар өмір сүріп жатыр. Рухани аяларда болып жатқан келеңсіздіктердің бәрі осымен – қазiргi қазақ қоғамының екі әлемге бөлініп түсуімен түсіндіріледі.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап ауылды мекендердің тұрғындары арасынан қалаға келіп қоныстанып, оқуға түсіп, мамандық алып жатқандар көбейді. Олардың арасынан шыққан жазушылар, ғылыми дәреже алғандар, білім мен мәдениет қайраткерлері атанып жүргендер аз емес. Бірақ, тұтастай алғанда, олар қалалық болып кеткен жоқ, рухани өмірінде өзгеріс бола қойған жоқ және болмайды да. Өйткені, олардың дүниетанымы жас шағында санасын меңдеген қазақтілді контенттің агротропты мазмұнымен шарттандырылып тасталған. Ал, орыс тілінде сөйлейтін, қалада тұратын, түбірлі қалалық қазақтардың (қалада туып, өскен ұрпақ) дүниетанымы орыс тілінің контентімен қалыптасқандықтан, олар ойы мен ындыны жағынан соларға жақын.

Мұндай ахуал мәдени кешігу теориясымен түсіндіріледі. Ол теория бойынша материалдық мәдениетке қарағанда бейімделу мәдениетінің өзгеруі кешеуіл жүреді. Бұл құбылыс үнемі материалдық және материалдық емес аялардың дамуы арасындағы үйлесімсіздікке әкеп соқтырады. Соның салдарынан кешіккен социум ылғи да шешуі қиын әлеуметтік мәселелерге тіреледі де отырады.

Қазақстан қоғамы – тұтастай алғанда, индустриялы-аграрлы қоғам. Ал, әлеуметтік-лингвистикалық параметрлер бойынша қазақ тілі аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен, ауыл лингвемасын практикалау деңгейінде қалып отыр. Қазақ тілінің сапалық көрсеткіштерін, қазақ ойының кешігуінің себептерін айқындаушы фактор осы болып табылады.

Қазiргi қазақ тiлiнiң бастан кешiп отырған қиындықтары, қоғам өмiрiнде қолданыстағы мүшкiл жағдайы, өзiнiң мемлекеттiк мәртебесiне сай қызметiн атқара алмай отыруы осы фактормен – Қазақстан қоғамы мен қазақ тілінің өркениеттік даму сатысының түрлі баспалдақтарында қалып отыруынан көрiнiс табатын қазақ тiлiнiң басты қайшылығымен түсiндiрiледi. Қазіргі қазақ тілі контентінің негізі балалық шағын – сенситивті жастарын ауылда өткізіп келген авторлардың аграрлы қоғам шынайылығын сипаттайтын материалдарынан тұрады және олары нормаға түспеген, жалпақ тіл стилінде орындалған.

Индустриялы қалада және аграр­лы ауылды елді мекендерде бөлініп өмір сүріп жатқан халықтар дүниежүзінде аз емес. Бұл – қазіргі заманның келбетін айқындайтын, халықтардың өркениет сатысының төменгі басқышынан жоғарғысына өтуін, яки кенттену үдерісін көрсететін құбылыс. Тек өзге халықтарда қала адамы мен дала адамының тілі бір, мәдениеті, ділі, тіні бір, діттегендері де бір – ауылдан қалаға ойысу. Ал омырылу сызығының екі жағына бөлініп түскен қазақтардың рухани дүниелері екі басқа, мәдениеттері, ділі, тіні басқа болып қалуда. Ауылда тұратын және қалада тұрса да әлі жаңа ортаға кірікпеген қазақтардың ұстанып отырған бағытының кесірлілігі сол, олар қаладан ауылға векторын ұстануында, қазақтан ауылдық ұлт жасау жолына түсіп алуында. Ұлттың басына түсіп отырған ауыртпалықтың бәрі осы кесірлі бағыттың салдарлары ретінде көрініс беруде.

Өркениет сатысының түрлі баспалдақтарында жайғасуына және өмір сүру ареалының басқа­лығына орай, ауыл және қала қазақтарының бастарына келіп құйылып жатқан тіл контентінің мазмұны басқа, сапасы да әр деңгейде. Ойлау стильдері де әр түрлі бастаулардан алынған семантикалық жүйенің мазмұнымен анықталады. Соның салдарынан олардың интеллектілік даму деңгейлері де әркелкі, тиісінше, мәдениеттері де басқа. Әр топ өзінің ойкумена кеңістігінде жинақтаған білімі мен өмірлік тәжірибесінен қорытынды шығарады. Олардың ұлттық, мемлекеттік мәселелердің басым көпшілігіне, тілдің, мәдениеттің даму бағыттарына, дәстүрге, бала тәрбиесіне, халықаралық саясат векторларына қатысты ұстанымдары үйлеспейді. Әрқайсысы елеулі саяси құбылыстарға түрліше көзқарас ұстанады, ірі саяси қайраткерлердің қызметіне, қоғамның келешегіне, ұлт қатынастарына қатысты тұрғылары да өзгеше.

Ауыл әлемінің адамы қазақ ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысуы керек деп есептейді. Ұлт тілі мен мәдениеті ауылда сақталатынына сенеді. Дәстүршіл. Халықаралық саясатта мұсылман елдерімен жақын болуды жөн деп табады. Ішкі саясатта тыныштық, тұрақтылық сақталуын, қазақ еместердің елден кете беруін қалайды.

Қала әлемінің адамы қазақ қалаға келіп, өнеркәсіппен айналысуы, жалақымен өмір сүруі, қаржы ағысын және биліктің әрекетін бақылауы керек деп есептейді. Ұлт тілі мен мәдениетін қалада дамытуды көздейді. Ұлттық және жалпыадамзаттық дәстүрлердің үйлесуін қалайды. Халықаралық саясатта дамыған демократиялық елдермен жақын болуды жөн деп табады. Ішкі саясатта орнықты динамикалық қозғалыстардың болып жатуын, қазақ еместердің елден кетпеуін қалайды.

Аксиологиялық ұстанымдар тұрғысынан қарағанда бұл топтардың өздеріне тән бетке ұстар құндылық бағдарлары бар. Ауыл әлемі ұлттық құндылықтарды – ұлтты, тілді, дәстүрді, ғұрыпты, ұлттық мәдениетті қастерлеуге тырысады. Қалалықтар бұл аталғандарды жоққа шығармайды, оған қоса жалпыөркениеттік құндылықтарға ден қояды. Олар адам еркіндігін, теңдікті, адам құқығын, шаруашылықты индустрияландыруды, демократияны, азаматтық қоғамды бетке ұстайды.

Екі әлем өкілдерінің дүниені көруі, тануы басқа болғандықтан, олардың діттеген ындындары да басқа. Көпшілік жағдайда бір құбылысты әрқайсысы өз қырынан көреді, бір сұраққа кереғар, екі түрлі жауап береді, бір мәселе туралы қабылдайтын шешімдері де басқа. Екі әлем адамдарының талғамдары да үйлеспейді, оқитын мәтіндері, айтатын әндері де басқа. Белгілі бір ауқымды мәселені шешуге келгенде ойлау стиліндегі және дүниетанымдағы алшақтық оларды баррикаданың қарама-қарсы жақтарына топтасуға итермелейді. Сондықтан екі әлем адамдарының арасында қарсы тұрулар мен шептесулер болып тұрады. Біріне бірі «мәмбет» және «мәңгүрт» деп сайқымазақ ат қойып алған.

Топтар өкілдері арасында кейбір өзекті мәселелер төңірегінде баспасөзде де бітіспес айтыстар жүріп жатады. Оларда бұқараны қатыстыруға ұмтылыс та көрініс беріп қалады. «Қазақтарға қарсы әрекет ететін жасырын ұйымдар бар, оларды алпауыт олигарх­тар қаржыландырады» немесе «орыстілділер қазақ тіліне қарсы, әдейі ұйымдасқан қастандық жасап жүр» деген сияқты «үй­ректер» ұшырып отыру қазақ басы­лымдарының әдетіне айналған. Кейде қақтығыс тұлғааралық деңгейге көтеріліп, арты соттасуға дейін барып жатады.

Былайша айтқанда, бір қазақ ұлтының ішінде екі маргиналдық топтан тұратын, екі тілде сөйлейтін, дүниетанымдары бөлек, екі мәдениет жасап отырған екі «ұлт» өмір сүріп отыр.

Екі топтың өкілдері де ұлттық бірлік идеясын түсінеді және қуаттайды. Отаншылдық сезімдерден кенде емес. Ел, жер, ұрпақ қамы тектес құндылықтар екеуіне бірдей. Ұлттың, қазақ тілі мен мәдениетінің келешегіне қатысты екі топ адамдарының да ниеттері ізгі, мақсаттары биік, құлшыныстары құптарлық. Алайда, арадағы рухани түсініспестіктің салдары оларды дамудың белгілі бір бағыттық мәселелерін шешу барысында маңыз аларлық тактикалық қақтығыстарға соқтырып отырады. Бір топтың екіншісінің тұрағына қарсы пейоративтік-эмоциялық бұрқылдауының бәрі түсініспеушіліктен туындаған.

 

Рухани екідайлық қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуының қазіргі кезеңіндегі аса күрделі әлеуметтік-психологиялық мәселеге айналып отыр. Мұның арты рухани аялардағы мәселелердің бәрінің шешім таппай, аяғы бітпес дауға ұласып кету жағдайына тіреліп отыр.
Аграрлы санамен, құлдық ойлау стилімен жүрген адам индус­триялы басқыштағы азаматтық қоғамда өмір сүріп, еңбек ете алмайды. Азу құбылысы жан-жақты, бұқаралық сипат алған. Соны көріп, біліп, жан-дүниесімен сезіп жүргендердің көкейін тескен бір сұрақ ылғи қайталанады: ел бола аламыз ба, бола алмаймыз ба, болмасақ, енді кімнің отары боламыз? Зиялы санатындағы адамдардың кейбіреуі қазақтардың келешекте Қытайдың отары болатынын әр жерде ашық айтып жүр. Қазақ тілінің дағдарысы – мемлекет құра алмаған қоғамның жалпы дағдарысының бір буыны ғана.

 

Қорыта келгенде, ақиқаттың екеу болмайтыны белгілі. Олай болса, біз С.Къеркегор қойған философиялық сұраққа келіп тірелеміз: «Немесе – немесе». Демек, ауылдың қазақтілді қазағы мен қаланың орыстілді қазағының ұстанатын тұрғыларының біреуінікі дұрыс, екіншісінікі теріс.

Адамзат тарихы екшеп шығарған, уақыт сынынан өткен, дүниежүзін жайлаған адам атаулы санасатын, дауға түспейтін аксиомалар бар. Олардың кейбіреулері мыналар: регресті прогресс жеңеді; аграрлы қоғамнан индустриялы қоғам озады; ауыл әрқашан артта, қала әрқашан алда, сондықтан ауыл қаланың соңынан ереді. Дүниежүзінің барлық елдерінде, тарихтың барлық кезеңдерінде солай болған, қазір де солай, бұдан кейін де солай бола береді. Адамзаттың тарихи тә­жірибесі осы.

Оқулықтағы қателер, білім беру жүйесін жайлаған антипедагогика, көркемөнердегі ауылшыл бағыт, журналистикадағы оятпау факторы, ұлттық екідайлық, менталитеттердің үйлеспеуі – бұлар жекелеген адамдардың немесе қазіргі ұрпақтың қателігі емес. Бұлар – жеке ұлықтың немесе биліктің де қатесі емес.

Бұлар – өркениеттік дамудың түрлі баспалдақтарына бөлініп түскен қазақтардың рухани екідайлығының салдары. Бұлар барлық элементтері жеткілікті болып, сырттай жағдай жасалып тұрғанда заманауи, тәуелсіз мемлекет құруға халықтың тарихи компетенттігінің жетіспеуінің көрінісі болып табылады.

 

Қанағат Жүкешев,

тәуелсіз зерттеуші.

Ұлт ақпарат