БІЛІМ

Интернет болмаса қайтер едік?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

Бүгін, 17 мамыр – халықаралық интернет күні. Bugin.kz тілшісі интернет туралы қызықты ақпаратты ұсынады. 

Халықаралық интернет күнін бағдарламашылар өздерінің мерекесі деп санайды. Бұл күн – бағдарламашылардан бөлек, жүйелік әкімшілердің, интернет-провайдерлердің, веб-дизайнерлердің, интернет-басылымдар редакторларының, басқа да ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін адамдардың кәсіби мейрамы. 

Интернет пайда бола салысымен ақпарат алмасудың ең танымал құралына айналды. Аталған мерекені құру туралы бастама католик шіркеуіне тиесілі еді. 1999 жылы Рим Папасы Иоанн Павел II интернетті адамзат білімінің ең үлкен мұрағаты деп шешіп, аталған мерекені бекіткен. 

Интернеттің пайда болу тарихына үңілетін болсақ, 1957 жылы АҚШ Қорғаныс министрлігі ақпаратты тасымалдаудың сенімді жүйесі қажет деп шешкен. АҚШ алдыңғы қатарлы зерттеу жобаларын жүйелеп, компьютерлік желі құруды ұсынды. Зерттеулер нәтижесінде компьютерлік желі ARPANET пайда болды. Кейін желі жылдам дамып, оны ғылымның әртүрлі салаларындағы ғалымдар қолдана бастады.

Ал 1990 жылы интернетке телефон арқылы қосылуға мүмкіндік туды. Интернет 1991 жылы жалпыға қолжетімді бола бастады. Әлемдегі ең жылдам интернет – Оңтүстік Кореяда,  ең баяу интернет – Ливияда екен. Статистикалық зерттеулерге сәйкес, интернеттің ең белсенді қолданушылары – филиппиндіктер, белсенділігі аз қолданушылар – жапондықтар. 

Қазіргі кезде адамдардың барлығы дерлік интернетті пайдаға асырады. Интернеттің пайдалы тұстары: ақпаратты жылдам таратады, кез келген адамға деректер қолжетімді. Ал зиян тұсы – әлеуметтік желілердегі мәдениеттің сақталмауы, уақыттың зая кетуі. Орташа есеппен интернет қолданушылары желіде күн сайын 6 сағат 58 минут өткізеді. Электрондық энциклопедияның мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы интернетті 5 800 000 000 адам пайдаланған. Бұл бүкіл әлем халқының 72,06 пайызын құрайды.

Ал Қазақстанға интернет 1991 жылы жетті. 1994 жылдың 19 қыркүйегінде KZ домені Халықаралық ақпараттық-желілік орталықта тіркелді. Бұл күн – Қазнеттің негізі қаланған күн. Алғашында адамдар электрондық поштамен байланысқа шыққан. 

Bugin.kz порталы әлеуметтік желі қолданушыларына “Интернет болмаса қайтер едіңіз?" деп сауал жолдады. 

Қазақстандықтар өз пікірлерін білдірді. Көбі уақытты тиімді пайдаланатынын, газет-журнал оқитынын, отбасына көбірек көңіл бөлетінін жазған. “Үйде өз шаруаммен айналысар едім”, “Кітап, газет-журнал оқып, радио, телевизор көрер едім”, “Көп керексізден құтылар едім”, “Бұрын газет-журнал оқығанды жақсы көретін едім, қазір интернетке қараймын”, "Қолым босап, пайдалы істермен айналысар едім, көбірек кітап оқитын едім",  дейді желі қолданушылары.

Ал "Көбінесе интернетті не үшін қолданасыз?" деген сауалға Instagram қолданушылары "Әлеуметтік желі үшін" деп жауап берген. Оқырмандар интернеттің пайдасы да, зияны да тең екенін жазды. "Пайдасы – керекті ақпарат аласың, зияны - уақытыңды, ұйқыңды алады", "Пайдасы – қашықтан болса да онлайн форматта қызмет етуі", "Денсаулыққа зиян", "Пайдасы көп, зияны қаражат кетеді", "Уақыт жоғалтасың", "Ауру табасың", - дейді желідегілер. Ал оқырмандардың 60%-ы интернетке тәуелді екендерін айтты.