БІЛІМ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Білім сапасын көтеру мәселесі қай кезде болмасын өзекті. Соңғы жылдары елімізде онлайн білім беру платформалары айтарлықтай дамыды. Нәтижесінде аталған сала бойынша бәсекелестік те артты. Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде топ бастап тұрған Daryn online жобасы – осы сөзімізге дәлел.
COVID-19 уақытында жұқпалы аурудың салдарынан бес тоқсан бойы мектеп оқушылары онлайн білім алуға мәжбүр болды. "2020–2021 оқу жылының соңында елдегі 3,4 миллион оқушының 64,7%-ы (2,2 млн) дәстүрлі форматта, 35,3%-ы (1,2 млн) қашықтан оқытылды” делінген министрліктің берген ресми жауабында. Осы кезеңде Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде білім алушыларға арналған түрлі платформалар қосылды. Daryn Online білім беру платформасы карантин кезінде оқушыларды тегін оқытып, білімдерін жетілдіруге көмектесті. Елімізде онлайн білім беру саласындағы алпауыт компания біздің елмен шектеліп қана қоймай, көршілес түркі елдерінде де ашылады деп жоспарлап отыр. Бұл туралы Айбек мырзаның өзінен сұрап білдік.
- Daryn Online жобасын Өзбекстан нарығына енгізу процесі қалай жүрді? Неге Өзбекстанды таңдадыңыз? Біздің елмен салыстырғанда, сол елдің білім саласында қандай артықшылықтар бар?
- Өзге елдерде жоба ашудан тәжірибеміз болмағандықтан, Daryn online-ды Өзбекстанға енгізерде жан-жақты зерттеу жүргіздік. 1 айға жуық нарықты, осы ниша бойынша жергілікті бәсекелестерді, маркетингті және аудиторияны зерттедік. Өзбекстанды таңдаған себебім: біріншіден, географиялық жағынан жақын орналасқан, екіншіден, менталитеті мен мәдениеті қазаққа жақын ұлт. Ал, үшіншіден, Өзбекстан – Орта Азиядағы халқы ең көп мемлекет. Бұл елдегі білімнің бізден біраз артықшылығы бар. Атап айтар болсам, бізде 200 мың талапкердің жартысы грантқа түссе, оларда грант саны өте аз. Бұл түлектер арасында білім грантына бәселестік өте жоғары деген сөз. Дегенмен осы сала бойынша білім беретін мамандар тапшы. Процесс жақсы жүрді. Daryn.uz атауымен платформа ашылды. Біздің тараптан тәжірибе, оқыту форматтары, мамандар, технология мен медодикалар енгізілді. Біз Coca-Cola методын қолдандық. Минералды су жергілікті жерден, ал концентрат сырттан келеді. Яғни біз жергілікті жерден мықты серіктес тауып, жұмысты бастадық.
- Өзбекстанда дәл осы онлайн білім беру платформасы бойынша бәсекелестер бар ма? Олар қалай дамыған? "Daryn online" қандай методикамен ерекшеленіп тұр?
- Өзбекстанда онлайн білім беру саласында бәсекелестер бар. Олар енді дамып жатыр. Жалпы, өте ауқымды, үлкен оқыту орталықтары жоқ. Онын оң жағы да, теріс жағы да бар. Оң жағы, әрине, нарық бос деген сөз. Теріс жағы – халыққа онлайн білім туралы базалық ақпаратты айтып, төлем жасау, оқу жолдары туралы түсіндіру. Біздің ерекшелігіміз – қоржынымыздағы жылдар бойы жиналған тәжірибе. 20-30 мың адамға дейін онлайн оқытып, кейс жинадық. IT технологияны дамытуға назар аудардық. Бұл – біздің басты артықшылығымыз.
- Өзбекстандағы жобаның табысы қалай болды?
- Өзбекстанда жоба қаңтар айының ортасынан бастап іске қосылды. Ақпан айының жартысынан бастап, мамыр айының ортасынан дейін үш айдың ішінде шамамен 40 мың доллар табыс таптық. Өзбекстаннан үлкен үміт күтіп отырмыз. Себебі ол жақтың нарығы үлкен. 5 миллион доллардан көп табыс табу ойымызда бар.
- Келесі қай елдердің нарығына шығу жоспарда бар?
- Біздің негізгі стратегия – түркі елдеріндегі білім саласын дамыту. Себебі менталитет пен тіл жағынан қатты ұқсаймыз. Тіл табысу, жұмыс істеу оңай әрі географиялық орналасуы бойынша жақын екінші ел – Қырғызстан. Ол елге де жобаны енгізу процесі басталып кетті. Мұнымен қазір әріптесім әрі серіктесім – Асқар Мақсат пен Ақтілек Ерғали айналысып жатыр. Daryn.kg сайты да ашылды. Қазір істеп жатқан жұмысымыз – емтихандарға онлайн дайындық платформаларын әзірлеу. Жоғары оқу орындарына түсу үшін көп елде емтихан тапсырады. Оған дайындалу маңызды этап саналады. Өйткені сол арқылы “әлеуметтік лифт” орнайды, яғни оқуға түседі, одан кейін жақсы жұмыс табуға мүмкіндік көбейеді.
Одан кейінгі ел – Әзірбайжан. Жоспарда Түркия мен Сауд Арабиясы да бар.
- Сұқбаттарыңызда осы жобаны бастағанда минусқа жұмыс істедік деген едіңіз. Кейін холдингке инвестиция тартылды. Қазір компанияның қаржылық деңгейі қандай?
- Қазақта “шығыс шықпай, кіріс кірмейді” деген сөз бар. Біз карантин кезінде дамыдық. Сол уақытта платформаны тегін қолдануға бердік. 80 млн ақша салып, компаниямызды таныту үшін көп жұмыс атқардық. Осылайша, қолданушылар санын арттырдық. Карантин біткен соң ғана өнімдерді сатуға кірістік. Содан бергі табысымыз жақсы. Тапқан табысты холдингтің басқа жобаларына салып, дамытып жатырмыз. Толықтай экожүйе жасап шықтық деуге болады. 2022 жылы Балтабек Мұқашев пен адам капиталын дамыту қоры EPG Education отандық технологиялық холдингтің дамуына $2,4 млн инвестиция салды. Біз ол кісімен әлі күнге дейін жұмыс істеп келеміз. Балтабек мырза холдингтің Ordagen жобасы бойынша кітап шығару мен білім саласындағы үздіктермен таныстырып, көмектесті. Компаниямызды дамыту мақсатында жыл соңына дейін 2-4 млн доллар арасында инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Қазіргі табыс жаман емес. Бірақ алға қойған мақсаттарымызға жету үшін әлі еңбектенуіміз керек. Жоспар бойынша Bugin Holding-тің жылдағы ақша айналымын 12 млн доллардан асыруды көздеп отырмыз.
- Bugin holding-тегі өзге жобалардың қандай жаңалығы бар?
- Bugin Holding-тің Ordagen жобасында жаңалық көп. Жаңа дыбысты кітаптар жарық көрді, "Orda kids" балабақша желілері ашылды. Негізгі екі бизнес жобамыздан бөлек Bugin.kz ақпараттық порталы бар. Порталдың негізгі мақсаты – қазақ тілді контентті дамыту, қазақ тілінде ақпарат тарату. Bugin.kz – түрлі әлеуметтік желілерде белсенді оқырмандары бар үлкен жобаның бірі. Тіркеліп, оқып жүруге шақырамын. Алдағы уақытта біздің жобаларымызды қолдайтын адамдарды қуантамыз деген сенімдемін.