ДАМУ
Фото: bugin.kz
Көшбасшылық қасиет кез келген адам бойынан табыла бермейді. Алайда "жас та болса, бас болып" мектеп қабырғасында жүріп осы ерекше қасиетті дамытып жүрген оқушылар аз емес. Сондай жастың бірі – Нұрланқызы Құлпынай. Туған жерінің дамуына аз да болса үлес қосу ниетімен "Мектепке дейінгі қауіпсіз жол" жобасын жасаған.
Құлпынай – Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Степной ауылының тұрғыны. Небәрі 10 сыныпта оқитын қаршадай қыз ауылының жол-көлік қозғалысындағы қауіпсіздікті дамытуды мақсат етті. Bugin.kz тілшісі жоба жайлы Құлпынайдың өзінен сұрап білді.
- Құлпынай, "Мектепке дейінгі қауіпсіз жол" қандай жоба?
- Бұл – әлеуметтік көшбасшылық жоба. Өткен жылдың қараша айынан бастап осы жобамен айналысып, көшбасшылық етіп жүрмін. Басты мақсатым – Жол-көлік қозғалысындағы қауіпсіздікті сақтау. Яғни осының салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу. Біздің жобамыз ең әуелі оқу-жаттығуларынан басталды. Біз бірінші курстан өттік. Содан кейін бізді осындай үлкен жобалық модульге алып келді. Бұл бағытпен айналысып жатқанымызға бір айдан астам уақыт болды. Осы жоба аясында ауылдағы мәселелерге анализ жасадық. Жұмыс барысында көршілердің арасында сауалнама жүргізіп, сұхбаттастық.
Зерттеу кезінде өз ауылымдағы кейбір көшелерде жарық пен жаяу жүргіншілерге арналған жолдың, тротуардың жоқтығын анықтадық. Бұлардың жоқтығы бұрыннан белгілі нәрсе болғанмен, әсіресе оқушылардың жолдағы қауіпсіздігіне үлкен әсер ететіні білінді. Қазіргі таңда осы мәселелердің шешу жолдарын Vision Zero концепциясы бойынша қарастырып, күнделікті өмірге енгізу үшін мәжіліс депутаттарына ұсындық. Дәл қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
- Неге жол-көлік бағытын таңдадыңыз?
- Жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігі, көлік апаттары қоғамның маңызды бір мәселесі деп ойлаймын. Соңғы кездері қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әсіресе балалардың жол апатына ұшырау жағдайлары көп. Аяқ-асты болатын жағдай болса да, балалар қауіпсіздігін сақтау үшін толыққанды жұмыс жасалу керек. Салдарымен күресу керек деп ойлаймын. Аз да болса, ауылымның осы мәселеге қатысты қиындықтарын шешуге үлесімді қосқым келеді.
- "Әлеуметтік көшбасшы" деген кім?
- Менің ойымша, әлеуметтік көшбасшы – ол өзінен бұрын әлеуетті жоғары қоятын адам. Яғни қоғамның игілігі үшін жұмыс істейтін адам. Ондай жандарда қоғамға көмектесу деген миссия немесе мақсат болуы керек. Сонда ғана оның жұмысы нәтижесін береді.
- Бұл идея сізге қайдан келді?
- Кішкентай кезімнен бастап түрлі жобаларға қатысып, ата-анамның арқасында білім мен өнерге құштар болып өстім. Үнемі ізденіс пен түрлі дүниелерге деген қызығушылықтан және ең маңыздысы ауылыма пайдамды тигізсем деген ниеттен осындай идея келді десем болады.
- Жобаны қолдаушылар бар ма?
- Бізді Қарғалы ауданының Мәжіліс депутаттары қолдады. Жобаға белгілі бір ықпалы бар адамның қолдауы керек болды. Мен әлі оқушы болғандықтан, көбі бұл жұмысқа назар аудармайтын шығар деп ойладым. Орталықтар да оқушыға сенбеуі мүмкін деп ойладым. Сосын мен ауданның Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрадым. Ол кісілер де халық игілігі үшін қызмет етіп жүрген жандар болған соң, менің ойымды түсінер дедім. Жобаны таныстырып, ең басты мақсатымды түсіндіріп, жеткізе алдым. Осылайша жобаны қолдаушылар табылды.
- Жобаңыз жол-көлік қауіпсіздігінен бөлек, тағы қандай нәтижелер береді деп ойлайсыз?
- Осы істің арқасында әлеуметтік көшбасшылық дамиды. Бұл іс арқылы ауыл халқына пайдадан бөлек, өзге жастарға үлкен үлгі болады деп ойлаймын. Бұдан бөлек ауылда өте көп мәселелер бар. Бәлкім жастар да соларды қолға алып, тағы бір игі істі бастап кетер. Қай өңірге болсын осындай әлеуметтік көшбасшылар керек. Біз қолдан келгенше жұмыс істеуіміз керек. Бұл жобада да дәл солай. Мәселені көтеру, салдарын көрсету, тұрғындар үшін жақсы жағын анықтау, анализ жасау. Міне, осы бірінші модуль бойынша осы жұмыстар атқарылды. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл", - дейді ғой. Бәріміз біріге отырып осындай істерді атқарсақ, онда біз нағыз дамушы ел екенімізді дәлелдей аламыз деп ойлаймын. Барлық нәрсе кішкентай қадамдардан басталады. Ал әрбір кішкентай қадамның артында ұлы мақсаттар болуы керек.