Bugin

Иран президенті тікұшақ апатынан қаза болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: en.mehrnews.com.

Иран президенті  Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жазды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Апат болған тікұшақта Иран президенті Ибрахим Раиси мен елдің сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахян де болған.

Тікұшақ Шығыс Әзербайжан провинциясында қалың орман арасында апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз. Ұшақта президент пен министрден бөлек бірнеше шенеунік болған. 

"Иран президентімен бірге жүргендердің барлығы, соның ішінде Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиан, Иранның Шығыс Әзірбайжан провинциясының губернаторы Малек Рахмати және Ислам революциясы жетекшісінің Шығыс Әзірбайжан провинциясындағы өкілі аятолла Мұхаммед Әли Але- Хашем тікұшақ апатынан қайтыс болды", - делінген шетелдік БАҚ беттерінде.

Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан түні бойы тікұшақты іздеу жұмыстарымен айналысты. Олар дүйсенбі таңертең апат болған орынды тапты.  

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 19 мамыр, жексенбі күні болған. IRNA мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, президент Раиси "Bell 212" тікұшағымен ұшқан.