МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz/ Ғайнижамал Арыстанбек
Бүгін, 21 мамыр – Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Bugin.kz тілшісі назарларыңызға еліміздің мәдениет саласындағы тұңғыштар туралы ақпарат ұсынады.
Алғашқы театр
Қазақтың алғашқы театры Қызылорда қаласында 1925 жылдың аяғында ашылуы жоспарланған еді. 1926 жылдың 13 қаңтарында Көшке Кемеңгеровтың "Алтын сақа" пьесасымен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды. Өнер ордасы кейіннен Алматы қаласына көшіріліп, 1961 жылдан бастап М.Әуезов атымен аталады.
Тұңғыш суретші
Қазақтың тұңғыш суретшісі – Әбілхан Қастеев. Ол мектепке 25 жаста барған. Қастеев танымал суретші Хлудовтан сабақ алады. "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Жас Абай" (1945), "Амангелді сарбаздары" (1970) секілді туындылары арқылы қазақтың тарихи болмысын бейнелеген. Қастеев қолөнерге де қызыққан.
Тұңғыш шетелде ән салған әнші
Қазақ ән өнерінің сан ғасырлық тарихы бар. Дегенмен сол өнерді әлемге паш етіп, алғаш шетелде ән шырқаған қазақ – Әміре Қашаубаев. Ол 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде қазақтың дәстүрлі әндерін шырқаған.
Тұңғыш кәсіби биші
Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі – Шара Жиенқұлова. Ол қазақ биін, салт-дәстүрін зерттеген. Нәтижесінде "Тәттімбет", "Айжан қыз" "Қара жорға", "Қырық қыз" билерін сахнаға шығарған.
Тұңғыш режиссер
Қазақтың бірінші режиссері – Жұмат Шанин. Ол 1920 жылы Семей қаласында "Ес аймақ" труппасына жетекшілік етті. Ол осы труппадан режиссерлік жолын бастайды.
Тұңғыш балерина
Қазақтың тұңғыш балеринасы – Нұрсұлу Тапалова. Ол 13 жасында әкесі Елубайдың ықпалымен Алматыға аттанады. Ол мемлекеттік опера және балет театрында әйгілі балетмейстер А.Александровтан кәсіби билеуді үйренеді.
Алғашқы фильм
Қазақтың тұңғыш киносы – "Амангелді" фильмі. 1938 жылы режиссер Марк Левин "Ленфильм" студиясында түсірілген. Фильм сценарийін Ғабит Мүсірепов пен Всеволод Иванов жазған. Кинотанушы Қабыш Сирановтың дерегінше, сценарий жазуға Бейімбет Майлин де қатысқан.
Алғашқы мультфильм
Қазақтың тұңғыш мультфильмі "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" деп аталады. Оны 1967 жылы Әмен Қайдаров таспалап, 48 елде көрсетілген.