БІЛІМ

Орыс мектептері қазақ тілін қалай оқытады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

21 мамырда Мемлекеттік тілді дамыту институты "Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың жүйесі" жобасы аясында "Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне" қатысты семинар өтті, - деп хабарлайды bugin.kz порталы.

Педагогика ғылымдарының докторы Р.С.Рахметова оқу бағдарламасындағы грамматикалық тақырыптардың берілуіне тоқталып, оқулықтардағы олқылықтарды атап өтті. Филология ғылымдарының кандидаты Б.Қапалбек орыс бөлімінде оқытылатын қазақ тілі пәніне қатысты оқу ресурстарына тоқталып, қазақ тілін тегін және өз бетінше үйренуге болатын портал бағдарламасымен таныстырды. 

Мектептердегі оқулықтар баспасының әртүрлілігі мен сапасыздығы, педагогикалық емес колледждердегі оқу бағдарламасынан «Кәсіби қазақ тілі» мен "Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу" пәні алынып тасталғандығы аталды. Алматы қаласындағы №97 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қыстаубаева Айгүл Серікқызы:

Қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін 15 жылдан астам уақыт бойы оқытып келемін. Осы кезең аралығында ұсынылған оқулықтардың оқушылардың сөйлеу әрекеттерін дамытуға  бағытталмағанын айту керек. Бұл ретте оқулықтар мәселесі жайлы А.Байтұрсынұлының "Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Әуелі, оқу құралы, кітаптар жоқ. Екiншi, қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшiншi, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз. …Оқу құралдары сайлы болмаса, оның iшiнде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды" деген сөзінің әлі де өзекті екеніне таңғаласыз, - дейді. 

Сондай-ақ, баяндамашы бірқатар ұсыныстар білдірді.

"Орта білім беру жүйесінде қазақ тілі мен әдебиеті біріктіріліп, бір пән ретінде оқытылуда. Мұндай аралас оқыту күтілетін нәтиже бермейді. Өйткені шәкірттерге бір пән аясында тіл мен әдебиетті қатар игеру қиынға соғады. Мысалы, халықаралық тәжірибеде тіл міндетті түрде жеке пән ретінде оқытылады", – деп атап өтілген. Ендеше, болашақта бұл екі пән қайтадан бөлек оқытыла бастауын қолға алуды ұсынамын", - деген еді. 

Жалпы, жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқытудың қолданыстағы жүйесін талдау, әр деңгейге арнап жасалған бағдарламаларды сараптау, қазақ тілі оқытушыларына арналған нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар әзірлеп шығару, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуді анықтаудың деңгейлік тестілік жүйесін жасап, мемлекеттік тілді білудің құқықтық талаптарын әзірлеп, ұсыну.

Бұған дейін Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі талқыланғаны туралы хабарланған еді.