ДЕНСАУЛЫҚ

Әйел ағзасы үшін маңызды: қалқанша безі туралы не білеміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

25 мамыр – Дүниежүзілік қалқанша безі күні. Бұл күнді көптеген ел арнайы атап өтеді. Мақсаты  – қалқанша без аурулары, оларды емдеу және алдын алудың әдістері туралы халыққа хабар беру. Bugin.kz тілшісі қалқанша безінің ағзаға маңызы туралы бірнеше фактіні ұсынады. 

Қалқанша безі — ағзадағы ең кішкентай органдардың бірі. Өзі кіші болғанымен, атқаратын қызметі үлкен. Бұл безден шығатын гормондар зат алмасу процесін реттейді. 

Қалқанша безі мойынның алдыңғы бөлігінде орналасқан. Сыртқы көрінісі қанатын жайған көбелекке ұқсайды. Ал салмағы бар-жоғы – 25 грамм.

Қалқанша безі – денсаулық кепілі. Ол екі түрлі гормон бөліп шығарады. Оның бірі – трийодтиронин (Т3), екіншісі – тироксин (Т4) деп аталады.

Қалқанша безі – адам ағзасындағы ең үлкен эндокриндік маңызды без. Ол – гормондар патшайымы. Қалқанша безі  әйел адамның ағзасында аса маңызды қызмет атқарады.  Ол дұрыс жұмыс істемесе, эстроген гормоны төмендейді. Етеккір циклінің бұзылуы, ерте тоқтап қалуы, бала көтере алмау да дәл осы гормондарға байланысты болуы мүмкін. Бұл гормон жүкті әйелге де әсер етеді. Салдарынан шала туу, түсік, мерзімінен бұрын босану сияқты жағдайлар болады. 

Қалқанша безінің ағзадағы қызметі қандай?

Орталық жүйке жүйесінің қалыпты қызметін қадағалайды;

Ағзадағы психикалық процестерді реттейді;

Ақуыз, көмірсу, май және минерал алмасуын бақылап отырады;

Ағзадағы ұрықтандыру функциясына жауап береді;

Тіндердің өсуін қадағалайды;

Йод пен кальцийдің сіңірілуіне үлкен үлес қосады.

P.S: Қалқанша безі гормондарының мөлшері әрдайым қалыпты деңгейде болуы керек. Ал ауытқулар әртүрлі қалқанша безі ауруларына әкеліп соғады. Денсаулыққа қандай да бір шағым болса, кешіктірмей қан талдауын тапсырыңыз.