Bugin

Жеке деректер, қауіпсіздік: Қытай камераларынан келетін қатер қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos

Бейнебақылау камералары нарығында Қытайдың технологиялық компаниялары үлкен үлеске ие. Олардың негізгісі – Hikvision мен Dahua Technology. Бұл екі компанияның бейнебақылау камералары Қазақстанда да кеңінен қолданылады. Кейбір Батыс елдері оларды пайдалануға ішінара шектеу қойған, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы azattyq-қа сілтеме жасап.

Қазақстанға сырттан жыл сайын жалпы құны бірнеше миллион доллар болатын камералар әкелінеді. Біздің елге келген бейнебақылау камераларының негізгі үлесі Қытай компанияларына тиесілі.

Камералар түсірген дерек үшінші тарапқа тарап кете ме?

Азаттық сөйлескен IPVM өкілі Конор Хили "камераларда жазылған ақпараттың үшінші тарапқа кетпеуіне ешқандай кепілдік жоқ" дейді. Оның сөзінше, жалғыз сүйенетін нәрсе – сенім.

"Өндірушіге сенеміз бе? Бұлтты сервер қызметін ұсынушыға сенеміз бе? Болды. Басқасы – дабыра мен үкіметтің ақталуы ғана. Қазақстан үшін күнделікті қолданатын жүйені біз бақылап, басқарып отырмыз ба деген стратегиялық сұрақ болуға тиіс", – дейді сарапшы.

"Сергек" компаниялар тобы Азаттық сауалына берген жауабында Dahua-мен серіктестігін жоққа шығармаған. Олардың өнімін, яғни камераларын шикізат ретінде пайдаланатынын айтты.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, "Сергек" Қазақстанда заң бұзу оқиғаларын анықтауға жақсы көмектесіп жатыр. Министрлік есебіне сәйкес, елде "Сергек" жүйесінің 22 мыңнан астам камерасы орнатылған. Оның көбі Алматы мен Астанада. Ең азы Жетісу мен Ұлытау облыстарында. Дегенмен бұған дейін "Сергек" камераларының жалпы саны 30 мыңнан асқаны да айтылған.