МӘДЕНИЕТ

“Даусы тым ерекше”: Димаш Құдайберген және тыңдармандар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Бүгін әнші Димаш Құдайберген 30 жасқа толды. Бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінде әншінің тыңдармандары жетерлік. Bugin.kz порталы қазақ әншісінің Нидерландиядағы тыңдарманымен тілдесті.

Тыңдарман лебізінен бұрын әншінің жеке өміріне тоқталайық.

Димаш 24 мамыр 1994 жылы Ақтөбе қаласында өмірге келген. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаева тұңғыш перзентін өнерге баулыған. Димаш Құдайберген ең алғаш рет бала кезінде спектакльде ойнауымен таныла бастаған. Ал 1999 жылы бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған.

Әншінің алғашқы жетістіктерінің бірі - “Айналайын” Республикалық байқауының “Фортепиано” номинациясы. Ол небәрі алты жасында жеңімпаз атанған. 2010 жылы "Байқонырдың Әсем дауыстары" Халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанды. 2012 жылы “Жас қанат” Республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болса, сол жылы “Восточный базар” Халықаралық байқауында І жүлде лауреаты атағын алды. Димаш Құдайберген 2014 жылы Ақтөбе қаласында А.Жұбанов атындағы Музыкалық колледжінде “Академиялық ән орындау” факультетін бітіріп, кейіннен Қазақ Ұлттық өнер университетінің “Эстрада өнері” факультетіне түскен.

Әншінің ата-анасынан бөлек, ата-әжесі де музыка адамдары. Өнер иесінің Раушан атты қарындасы, Мансұр атты інісі бар.

Фото: Димаш Құдайбергеннің әлеуметтік желідегі фан-парақшалары

Фото: Димаш Құдайбергеннің әлеуметтік желідегі фан-парақшалары


Бүгінде Нидерландыда тұратын ұйғыр қызы Зарина – Димаш Құдайбергеннің тыңдарманы. Ол әншінің шығармашылығымен ақпан айынан бастап желідегі ән арқылы танысқан. 

"Мен ол туралы (Димаш Құдайберген - ред.) алғаш рет Ресейде тұрғанда естідім, Димаш туралы мақалалар, жаңалықтар да жиі жарияланды. Кейінірек мен Түркияға көшуге шешім қабылдағанымда оның жеке кеші болатынын естідім. Алайда оған мән бермеген едім. 2024 жылы Нидерландыға көшіп келдім. Жаңа елге үйренемін дегенше түрлі қиындықтар болды. Ойымды бөлу үшін әлеуметтік желіге үңілдім. Инстаграм желісінен "Шаршаған аққулардың махаббаты" видеосын көріп, Димаштың дауысына тәнті болдым", - деп жазды Зарина желідегі парақшасындa.

Артынша тыңдарман әншінің орындауындағы әнге ғашық болған. Димаштың орындауындағы "Шаршаған аққулардың махаббаты" әнін ұялы байланысына жүктеп, жиі тыңдай бастапты. 

"Үйде бірдеңемен айналыссам, музыка қосатын әдетім бар. Әрине, сүйікті әнім "Шаршаған аққулар махаббатын" тыңдадым. YouTube бір клиптен соң, екіншісін ойнататынын білесіздер. Келесі ән S.O.S болды. Әншінің диапазонына ғашық болып, зерттеп, үңілсем, орындаушы Димаш Құдайберген екен. Содан кейін оның "Дайдидау" әні орындалды. Маған қатты әсер еткені сонша, оның барлық әндерін тыңдап, жүктеп алдым. Сосын Димаштың құрметіне ашылған фан-парақшаларға жазылдым", - дейді қырғызстандық Зарина.

Димаштың Нидерландыдағы тыңдарманы фан-парақшалардағы ақпараттардан әнші туралы көбірек білгенін айтады. Кейіннен ол әншінің құрметіне өзі парақша ашуды жөн санаған. 

"36 жасыма дейін ешкімді кумир санамағанмын. Тіпті, біреудің шығармашылығын тыңдап, онымен "ауырудың" өзі мен үшін жабайылық болып көрінетін. Дегенмен Димаштың өнерінен кейін бәрі өзгерді. Оның даусы, өзі өте ерекше. Димаш Құдайберген әлеуметтік желіде 7 фан-парақшаға жазылған. Оның бірі – менің парақшам", - дейді ол. 

Қырғызстандық қыз ашқан парақшаның 11 мыңнан астам оқырманы, 365 жазбасы бар. Әншінің құрметіне ашылған фан-парақшалар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста.