ҚОҒАМ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Құлсары кенті 1993 жылы судың астында қалған еді. Қайғылы оқиға 31 жылдан кейін қайталанып отыр. Жылыой ауданының орталығы болған қаладағы қазіргі тіршілік қандай? Bugin.kz тілшісі аудан орталығындағы ахуал туралы дерек береді.
Оқиға қалай басталды?
Атырау облысында 5 сәуірде Жем өзені арнасынан асты. Құлсары қаласын су басты. Халыққа әкімдіктен қолжетімді ақпарат болмай, адамдар әбігерленді. Бұл туралы “Әкімдіктен көмек жоқ”: Жылыой ауданы тасқынға төтеп бере алмай жатыр" атты мақаламызда жазған едік.
Эвакуациялау кеш жүзеге асырылды. Оған дейін халық өз бетімен қауіпсіз жерге баруға әрекет жасады. Біз бұған дейін эвакуациядағы кемшілік туралы ("5 баламды уайымдаймын": су басқан аймақ тұрғындары қазіргі жағдайдың мүшкіл екенін айтты) материал жарияладық. Су басқан кезде қабылдау пунктеріне адам лық толып, көрпе, төсек жетіспеген еді.
Әкімшілік қызметкерлері табиғи судан қауіп жоқ екеніне халықты сендірген. 2800-ден аса үй суға кетіп, 36 мың адам Маңғыстау облысына, Теңіз вахталық кентіне, Атырау қаласына жеткізілген. Құлсары қаласының станциясынан Атырау қаласына 5 вагоннан тұратын жолаушылар пойызы халықты тегін тасымалдады.
Болатбек Ермекбаев пен баласы Асылхан Нұржау үйін көруге барып, жоғалып кеткен. Әуелі әкесінің денесі табылды. 14 сәуірге тойы белгіленген марқұм Асылхан Нұржаудың мәйіті сол күні табылды.
Әкімдік бар шығынды мемлекет өтейтініне халықты сендірді. Жылыой ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңге көлеміндегі бір реттік әлеуметтік төлем алу үшін құжат қабылдау 12 сәуірден басталды.
Халық неге наразы болды?
Мамырдың 15-інен бастап құлсарылықтар Жылыой ауданы әкімдігінің алдына жиналды. Су тасқынынан үйі зардап шеккен тұрғындар баспанасын әділ бағалауды талап етті. Аудандық және облыстық әкімдік өкілдері халыққа басу айтып, сабырға шақырды. Халық наразылығының екінші күнінде, 16 мамырда, интернет пен байланыс өшірілді.
Халық үйінің шаршы метрі үшін 400 мыңнан өтемақы төлеуді, сондай-ақ ақшаны қолдарына беруді немесе есепшоттарына аударуды талап етті.
Әбдіхалық Сисенбердиев "Қазақпарат" сайтына берген сұхбатында 1993 жылы су тасқынында Құлсарыда 1000-нан аса үй зардап шеккенін айтқан. Оқиға куәгерінің айтуынша, сол кезде баспанасы бүлінген тұрғындардың бәрі бірдей көмек ала алмаған. Халық мемлекеттен, кәсіпорындардан көмек ала алмай, жаңа үйді өз қаражатына салған.
22 мамырда жиналған тұрғындар тарады. Алайда әкімдіктің Instagram парақшасына бағалау қорытындысына наразы адамдар әлі де жазып жатыр. Тіпті, кейбір су тасқынынан зардап шеккен үйлерге бағалаушылар бармаған.
Құлсарыдағы қазіргі жағдай қалай?
Бүгінге дейін Құлсарыда 1500 үйді бағалау қорытындысы шыққан. 200-ден астам адам үйін қалпына келтіру үшін өтемақы алған.
Алтынгүл есімді блогер өзінің 3 танысы өтінім бергенін айтты. Оның екеуіне 30-35 миллион теңге көлемінде шығын өтелген. Үлкен үйі бар үшінші танысы 19 миллион теңге ғана тағайындағанына ренжіген. Кейбір таныстары бағалау қорытындысын әліге дейін күтіп жүр екен.
Нұрлыбек есімді азамат 5 сәуірде хабарласқанымызда, “бәріне халық жүгіріп жүр, суды ұстай алмадық” деп мұңын айтқан еді. Нұрлыбек – Құлсарыға қауіп төнгенде су бөгетті бұзып өткенше күдер үзбеген. Осы жолы хабарласқанымызда ол үйінің аман қалғанын айтып қуанды.
1993 жылы “Теңізшевройл” компаниясы тұрғындарға бір қабатты 20 баспана салып берген. Биыл компаниялар мен кәсіпорындар қаржысын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына аударды. “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры мен Атырау облысының әкімдігі Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Болашақ шағын ауданында типтік жоба бойынша 80 тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойған. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғын үй құрылысына Қордың Қамқоршылық кеңесі 10 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында жиналған қайырымдылық осы мақсаттарға жұмсалады. 22 мамырдағы жағдай бойынша "Қазақстан халқына" қорының есепшотына жеке тұлғалардан, компаниялар мен ұйымдардан 6,4 млрд теңге түскен.
Айта кету керек, су тасқынынан тек үйлер ғана зардап шеккен жоқ. Енді ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын жерлер құнарын жоғалтып, шаруашылық құлдырайды деп болжанып отыр. Өлген малдарға өтемақы тағайындау – бөлек мәселе.
Құлсарылықтардың талабы қаншалықты орындалғаны белгісіз. Ресми деректе бағалау қорытындысына келіскен тұрғындар әкімдікпен шартқа қол қойып жатқаны айтылған. Алайда шаршы метр қанша теңгеге бағаланып жатқаны туралы дерек қолжетімсіз. Осыған дейін Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов тасқыннан зардап шеккен үйлерге өтемақы шаршы метрі 240 мыңға есептелетінін айтқан еді. Оқиға орнынан ақпарат таратқан "Азаттық" радиосы наразы тұрғындар "халық арандап қала ма деп қорқып" жиынды аяқтауға мәжбүр болғанын жеткізді.
Қазір тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың басым бөлігі ағайындарының үйіне орналасқан. Кейбір адамдар пәтер жалдап, тұрғындардың тағы бір бөлігі эвакуациялық орталықта тұрып жатыр. Қазірдің өзінде эвакуациялық пункттердегі азаматтардың жалпы саны – 479 адам. Қала ішіндегі №6 мектеп базасындағы пунктте 128 адам. Азаматтардың көбінің үйі құлаған. Әзірге біразы бағалау қорытындысын алған.
P.S. Су тасқынынан зардап шеккен үй иелері қыркүйек айына дейін жаңа қоныстарының кілтін алады деп жоспарланған. Жылыой ауданы әкімдігінің парақшасында кейбір адамдар наразылығын айтып шағымдануда. Әкімдік бір күн бұрын Күнзира Тәжіғұлова есімді тұрғынның ризашылық білдірген видеосын жариялаған. Ол постқа халық бағалаушы әлі келмегенін айтып, мекенжайлары қандай екенін жазған. Көпшілігі үйлеріне аз ақша берілгеніне шағымданып жатыр.
Кеше “Болашақ” мөлтек ауданында жаңа үйлердің іргетасын қалау жұмыстары басталды. Халық салынатын үйлердің сапасына алаңдаулы.