БІЛІМ

"Бірдей соғылғаны дұрыс": соңғы қоңырау қаншалықты қажет?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Мектеп – оқушыны білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама сыйлайтын мекеме. Тарыдай болып кірген бүлдіршін таудай білім жинап шығатын жер. Ал әр жылы соғылатын “Соңғы қоңырау” оқушылар үшін – атаулы мереке. Биыл бұл шара тек 9 және 11-сыныпты бітіретін түлектер үшін болмақ. Бұл қаншалықты дұрыс? Осы  орайда Bugin.kz порталы мұғалімдер мен оқушылардың пікірін білді. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы оқу жылын 3,8 миллионнан астам оқушы аяқтайды екен. Оның 186 мыңы – 11-сынып бітіретін жас түлектер. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылар мен ата-аналарға алдын ала ескерту жасап, 25 мамыр күні қатты шашылып, артын той-думанға айналдырмауын сұрады. 

“Биылғы жылдың түлектері аталған іс-шараны жоғары мәдени деңгейде, еш ысырапсыз, даңғазаға жол бермей, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндеріне сенімдімін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз”, - деген еді министр. 

Елдегі су тасқынына байланысты cоңғы қоңырауды бірыңғай сынып сағатына ауыстырған еді. Жас түлектер үшін 25 мамырда “Мектебім, саған мың алғыс!” атауымен соңғы қоңырау соғылады. Ал республикамыздың барлық мектебінде 24 мамырда “Білімім – Отаныма” атты бірыңғай сынып сағаттары өтті. 

Осы тұста мектеп ұстаздары, оқушылар мен ата-аналардың пікірін білдік.

Қызылорда облысы, Майлытоғай ауылы №141 Қ.Сәбиров атындағы орта мектеп директоры Нурманова Алияның айтуынша, оқушы үшін мектеп өміріндегі ең басты кезең – соңғы қоңырау күні.

“Олар үшін бұл күн – мереке. Әсіресе, белгілі кезеңді аяқтайтын, мәселен, бастауышпен қоштасатындар, 9-сынып бітіріп, колледжге оқуға түсетіндер және 11-сынып түлектері ерекше толқыныс үстінде болады деп ойлаймын. Олардың жүзінде қимастық, әрі қуаныш тұрады. Кез келген мектеп бұл күнге ерекше махаббатпен дайындалуы керек. Шәкірттерінің жүрегіне ұмытылмас естелік сыйлайтындай, есейгенде күліп еске алатындай сәттер қалдырып, балалар бірге ән айтып, би билеп, ұстаздарына алғысын жаудырып, ізбасарларына кеңесін айтса, оқушылар үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Елдегі жағдайға байланысты “болмайды” деген хабарды естігенде, рас, жүрегіміз ауырды. Балалар да қатты қамықты. Сондықтан мұндай айтулы күн ешқашан назардан тысқары қалмауға тиіс”, - деп пікір білдірді.

Қыстаубаева Айгүл Серікқызы, №97 ЖББ мектептің зерттеуші мұғалімі:

“Мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды күндердің бірі – 25 мамыр. Үлкен өмірге қадам басар алдындағы естелікке толы күндердің бірі. Сондықтан соңғы қоңыраудың болғаны қажет деп санаймын.  Тек, осы күні аса шығындалмай, ата-аналарының қалтасына салмақ салмай атап өтсе деймін. Біз де оқушы болдық, мектеп бітіруші түлек болдық. Сол кезде осы бір елеулі күнді ата-аналарымызға салмақ салмадық. Сынып болып, 2-3 ай бұрын сабағымызды оқи жүріп, қалаған оқуымызға түсуге дайындала жүріп, ауылымыздың мәдениет үйінде өнерімізді көрсетіп, ақылы концерт бердік. Сосын аулымыздағы жеке кәсіпкерлерге көктемгі егіс жұмыстарына көмектесіп, азын-аулақ ақша тауып, осылайша, соңғы қоңырауға керекті шығындарымыздың орнын жапқанбыз. Бұл ісіміз ауылымыздың бізден кейінгі мектеп бітіруші түлектеріне де үлгі болып, 5-6 жылға дейін жалғасын тапқан еді”, - дейді.

81 мектеп-гимназия Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Берденова Канзада соңғы қоңырау мерекесінің өткенін дұрыс деп санайды.

“Мен қаншама сынып оқушыларын бітірткен мұғаліммін. Бұл күнді балалар ерекше күтеді. Мектеппен ғана қоштаспайды, балалық шақпен қоштаса отырып, өздерінің қызық шақтарын тастап, болашаққа қадам басқандай күй кешеді. Сондықтан да соңғы қоңырау балалар үшін болу керек деп ойлаймын”, - дейді Абдуманапқызы.

Керімбекова Айнұр Мұхамбетқызы, “Алматы сән және қызмет көрсету” колледжінің оқытушысы, екі оқушының анасы:

“Бұл шара түлектер үшін мәні зор және маңызды деп ойлаймын. Үлкен өмірге қадам басудың символы және әр түлек үшін ерекше естелік болып қалуы мүмкін. Осы күні олар өздерінің алтын ұя мектебімен, ұстазымен, сыныптастарымен қоштасады. Жалпы өз басым соңғы қоңырау шарасының болуын дұрыс деп санаймын. Бастысы, жөнді ұйымдастырылып, барлық қауіпсіздік шаралары сақталуы керек. Балалар да оқу жылының аяқталғанын, 1 жылдық оқу үлгерімінің қорытындысын осы соңғы қоңыраумен байланыстырады. Соңғы қоңырау – оқу жылының соңғы сабақ күні, алда жазғы демалыс, жайма шуақ күндер”, - деп ойын жеткізді.

М.Әубәкіров атындағы орта мектептің жас түлегі Төлеубекұлы Нұржанның айтуынша, 11 жыл оқып соңғы қоңыраудың соғылмауы біртүрлі.

“Негізі “Соңғы қоңыраудың” болғаны жақсы. Менің ойымша бұл шара оқушыларға жақсы көңіл күй сыйлайды. Еліміздің басқа өңірінде су тасқынына байланысты соңғы қоңырау болмайды. Ол жақтың 11-сынып оқитын оқушылары үшін өте өкінішті. Бұл – 11 жыл күткен қуанышты сәт қой! Мен қоңыраудың бәрі үшін бірдей соғылғанын дұрыс деп санаймын”, - дейді 11-сынып оқушысы.