Bugin
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан қазақстандық ата-аналарға үндеу жолдады, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол алдымен ата-аналар мен балаларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
"Құрметті ата-аналар, қадірменді балалар! Балалардың құқықтарын қорғау комитеті сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтайды. Жазғы демалыс уақыты да келіп жетті. Жазғы каникулды ерекше көңілді әрі тиімді өткізулеріңізге тілекшіміз. Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Өкініштісі, өткен жазда балалардың суға кетуі, көлік апатынан зардап шегуі, арықтар мен кәріз құдықтарына құлауы сияқты жазатайым оқиғалардың саны артты", - деді Жолдас Батырхан.
Бұл оқиғалардың басты себептерінің бірі – балалардың қадағалаусыз қалуында екенін де айтты.
"Осы себепті ата-аналардан балалардан жол қауіпсіздігін, бейтаныс адамдармен өзін-өзі ұстау ережелерін және су қоймаларына жалғыз баруға болмайтынын түсіндірулеріңізді сұраймыз. Көпқабатты үйлердің терезесіне міндетті түрде бұғаттағыш орнатыңыз", - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Жолдас Батырхан ата-аналардың мәселелерге назар аударуын сұрады.
"Балаларымызға бақытты, қауіпсіз әрі көңілді демалыс сыйлайық", - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, "Бірдей соғылғаны дұрыс": соңғы қоңырау қаншалықты қажет? тақырыбында мақала жариялаған болатынбыз.