Bugin
Фото: visit almaty баспасөз қызметінен
28 мамырда Almaty tourism Bureau ұйымдастыруымен арнайы пресс-бранч өтті. Іс-шараға журналистер мен блогерлер қатысты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.
Жиынның басты мақсаты – кәсіби мамандардың көмегімен Алматының ерекше орындарын әлемге таныту, елдің туризм саласын дамыту.
Туризмді дамытуға 2023 жылы 106 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 47%-ға артық. Алматы туризм бюросы осы қаржы білім, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібіне бөлінген бюджетпен салыстыруға болатынын айтады.
Іс-шарада Алматыға келген шетелдік туристердің портреті таныстырылды. Туристердің 35%-ы жалғыз келсе, 29%-ы досымен келеді. Олардың қалада тұрақтау уақыты – 5 күн, ал орташа чек құны 334 долларды құрайды. Зерттеу нәтижесі бойынша, Таяу Шығыстан келген туристер бір күнде 216$ жұмсаса, Ресей Федерациясынан келгендер 138$, Азияның туристері 145$, Еуропаның саяхатшылары 150$ жарататыны анықталды. Әрбір екінші шетелдік турист саяхат үшін Алматы қаласын таңдайтыны белгілі болды. Туризм саласы бойынша жұмыспен қамтылған қала халқының үлесі 7,7% құрады. Ал туристер саны 2 миллионға жеткен. Олардың 57%-ы Алматыға алыс елдерден келеді.
2023 жылы Алматыдағы туристік индустрия рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қалада 540,7 мың орналастыру орындары қызмет көрсеткен. Осылайша, республика бойынша Алматы абсолютті рекорд орнатып, көш бастады. Есепке сәйкес, туризм саласында 80 мың адам жұмыс істейді. Туристік агенттіктер мен операторлардың пайдасы 8,7 миллиард теңгеге дейін өскен.
Almaty tourism Bureau сараптама және маркетинг департаментінің бас менеджері Руслан Жанабаев елдің туризм саласына әлемдік тәжірибелерді енгізу бойынша ойын айтты.
"Көздеп отырған негізгі нысанамыз – шетелдік нарық. Үнемі “Қандай жаңа ой бар? Қандай жақсы ұсыныстар бар? Әлемдік тәжірибелерді енгізу қажет пе?” деген сауалдар қойып, көп ізденеміз. Жаңашылдық пен өзгерістерді енгізу қаншалықты тиімді екенін зерттеп жүреміз. Жалпы маркетинг жарнамасына көбірек көңіл бөлуді жөн деп санаймыз. Көбінесе, әлеуметтік желі мен сайттағы ақпараттарды, жарнаманы Катар, Германия, Италия, Ұлыбритания секілді елдер жиі көреді. Негізі компания арнайы шетелге бағытталып ашылған. Өйткені шетелдік туристер қалаға көбірек пайда түсіреді. Деректер бойынша, әр турист бір жарым мың доллар пайда әкеледі", - деді ол.
Жанабаевтың айтуынша, еліміз туризм бойынша әлемдік рейтингте 52-ші орында тұр. Спикер халықаралық бренд пен имидждің де маңызды мәселе екенін айтып өтті.
"Тағы бір маңызды мәселе – халықаралық бренд пен имидж. Туризм саласы бойынша ТОП-50 елдің қатарынан көрінуге жақын қалдық. Біздің ұйым әкімшілік жағынан көмек көрсетіп, осы саланың дамуына үлес қосады. Біз туристен бастап, үлкен компанияларға дейін қол ұшын созуға дайынбыз", - деді маман.
Іс-шарада “Almaty tourism Bureau” туризм даму департаментінің жетекшісі Айнұр Төрежанова “MICE-туризм” жобасымен таныстырды. Мұражай мен түрлі жиындар өткізетін орындар арқылы жақсы пайда табудың жолдарын ұсынды.
"Біз үшін ең басты мәселе – Алматы қаласын және индустрияны дамыту. Журналистер мен PR менеджерлердің, блогерлердің бізбен бірге бір мақсатқа ұмтылғанын қалаймыз. Бірігіп, бас қосу арқылы ғана ойлағанымызға жетуіміз мүмкін", - деді Айнұр Төрежанова.
Сонымен қатар спикерлер 2012 жылы негізі қаланған Almaty tourism Bureau ұйымының осындай дәрежеге жетуіне 5-6 жыл кеткенін айтты. Биыл тағы да жаңашылдықпен бой көрсетіп отыр. Пресс-бранч соңында қатысушылар пікір алмасты. Ал осы бағдарламадан ұйым мүшелері мен қатысушылар жақсы нәтижелер күтетінін жеткізді.
Материал авторы: Ақжан Берікқызы