Bugin

Үйінде тірідей өртеп өлтірілген 2 адамға қатысты сот үкімі шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен екі адам өліміне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Ақтөбе облысының сотына сілтеме жасап хабарлайды.
Сотталушы "Е" 2022 жылы 31 желтоқсанда Ақтөбе облысы Кенкияқ ауылында үйдің ішінде жәбірленушілер "А"  мен "К"-ны пышақпен жарақаттаған. Олар қансырап жатқанда, үйдің ішінде өрт шығарып, салдарынан бөлінген көмірқышқыл газдан жәбірленушілер уланып қайтыс болған. "Е"-нің екі адамды өлтіргені дәлелденді.
Қандықол қылмыскердің қасында болған "К" мен "М" тиісті органдарға хабарламағаны үшін айыпталды. Олардың қылмысқа қатысы жоқтығы расталды. Бірақ олар ұзақ уақыт бойы қылмысты жасырып келген.

Сотталушы "Е" өзіне тағылған айып бойынша кінәсін мойындамай адам өлтіруге, қарақшылық оқиғасына қатысы жоқтығын айтты. Ол басқа сотталушылар өзіне жала жауып отырғанын көрсетіп, өзін ақтауды сұрады. Сотталушылар "К" мен "М" кінәларын мойындап, қылмыс жасалғанын көре тұра хабарламағандарын растады.

Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толықтай қолдап, соттан "Е"-ге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, "М"-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, "К"-ға  4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушы "Е" бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағаны, жас балаларының болуы ескерілді.

Ведомство хабарламасында:

"Сот, "Е"-ге түпкілікті 22 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алқабилер "К" мен "М" ҚК-нің 434-бабымен кінәлі деп танылып, түпкілікті "К" 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, "М" 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады",-делінген.