Weekend

Алып китке жұтылмау жолындағы жанталас

"Левиафан" жайлы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл фильмді әр қырынан алып сипаттай беруге болады. Біріншісін, басқарушы биліктің қай кезде де әділетсіз, жемқор, қиянатшыл болатыны тұрғысынан алсақ, екіншісін күллі адамзатқа тән рухани құндылықтардың күйреуі тұрғысынан қарастыра береміз. Мұнда қиянаттың соншалықты ауыр, тіпті еңсеңді тіктемек тұрмақ, бас көтере алмай қалатын дәрежеде болатынын сезесің. Ал, адам рухының осылай сынуы  ақыл-есіңнен айырылып, өзіңді жоғалту шығар.  

Меніңше, бұл жердегі  мәселе шендінің шенсізге істейтін қысастығынан да терең. Өйткені, адам жаны түсініп болмайтын тұңғиық. Оның қай күні, қай сәтте, қалай қисая кететіні белгісіз. Мәселен, біз жанаяспас достықтың барына сенеміз.  Фильмде   қарапайым механик пен мәскеулік адвокаттың арасындағы кіршіксіз осындай сезімдерге  алданасың, тіпті жолдасы үшін жол тартып келіп,  құдіретті қала мэрінің жүрегіне қорқыныш ұялата бастаған тұста "не деген ерлік!" дейсің. Алдағы уақытта әділеттің үстемдік құратынына іштей өз үкіміңді шығарып  үлгересің. Алайда, Звягинцев біздің оқиғаны өз қалауымыздай өрбітіп ала жөнелуімізге мүмкіндік бермейді.  Механиктің (Алексей Серебряков) әйелінің (Елена Лядова) адвокат (Владимир Вдовиченков) бөлмесіне кірген тұсынан бастап бұл әдемі қиялымыздың бәрі көкке ұшады. Ендігі жерде жер үшін таласқан әлді мен әлсіздің арасындағы тартыста да еш мән қалмайды... Егер біз қиянатшыл билікті алып кит  (Левиафан) десек, оның жұмырына  миллион тағдырлы механик те жұқ болмайды. Біздің де қоғам осы.

"Возвращение" мен "Нелюбовь" та күтпеген шешімімен ойландырады. Оларды да жеке жеке талдай беруге болады. Бірақ, мен бұл фильмдерге қайта соққым келмейді. Өйткені, бала тақырыбы жүректі езеді. Кешелі бері онсыз да маньяк, өгей шешенің үш бүлдіршінге көрсеткен қысастығы әлеуметтік желіден түспей тұр. Звягинцевке кезекті бір кастингке келген келіншек: "Сіздің фильміңізден соң кішкене баламды ұйықтап жатқан жерінен құшақтап, иіскеп, оған көрсеткен дөрекіліктерім үшін кешірім сұрай бердім"-дейді. Сонда режиссер "балаңыз небары төрт-ақ жаста. Сіз оған әлі көп қателігіңізді көрсетіп үлгерген жоқсыз деп ойлаймын"-деп жауап береді. Және ол "яғни, адамдар болашақта өз  балаларына ауыр қиянаттар, қысастықтар жасайтынын біледі, сол қорқынышы үшін бүгін есі кіре қоймаған баласынан кешірім сұрайды. Сендер болашақта өздерің жол беретін қателіктеріңнен қорыққанша, балаларыңа бүгін, дәл қазір жүгіріңдер!"-деген ойды алға тартады. (Мен бұл мысалды сөзбе-сөз жазып отырған жоқпын. Бірақ есімде қалған пікірі осыған саяды) 

Төрт фильмінің де шешімі қиын.  Тіршіліктің өзі  өмір мен өлімнің тартысынан ғана тұрады десек,  бәлкім, режиссер  сондағы саналы адамның жеңісі мен жеңілісін өте ауыр осындай шешімдер арқылы  көрсеткісі келген шығар. Сондықтан, бұл фильмдерді кейбір пікір иелеріндей,  депрессивті фильмдер дей алмаймын. Ақиқатқа  тура қарай білу - ерлік. Режиссердің тәуелсіздігі де осында шығар.  Менің көрермендік пайымым осыған ғана жетті... 

Актерлардың шеберлігі, кәсібилігі  кез келгенді тәнті етеді. Мәселен, адвокат рөліндегі Вдовиченков "Левиафанды" жылап отырып көргенін жазады. "Адамға осындай ауыр қиянаттар жасай беруге болады екен-ау"-дегендей айтады. Бірақ, маған бұл жерде оның осы адами шынайылығынан да рөлдегі образы нанымдырақ. (шынайы мойындау екендігіне күмәнім болмаса да) Актерлік шеберлік, нағыз талант деген осы шығар... Серебряков жайлы сөз бөлек.