ҚОҒАМ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
1 маусым – бүкіл әлемде Балаларды қорғау күні. Бұл мерекенің басты мақсаты – кәмелет жасына жетпегендерді құрметтеуге, қоғамда өздерін жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу.
Бала құқығы – басты құндылық. Елімізде "Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы" заңға сәйкес, есіміне, тегіне, нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, дінге деген көзқарасына қарамастан, барлық баланың құқығы тең. Алайда соңғы жылдары балалар құқығы тапталып, оқушылар арасында буллинг, қорқыту, қорлау, ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Балалар құқығын қорғауда ата-аналар заңгер көмегіне жүгініп, бала құқығының қорғалуын ескеру қажет. Bugin.kz порталының оқырмандарына заң саласында 10 жылға жуық тәжірибесі заңгер Нуртуған Өмірзақ бала құқығы жайлы ата-ана білуі тиіс ақпараттарды айтты.
- Елімізде жыл сайын қанша бала тұрмыстағы зорлықтың құрбаны болады?
- Балаларға қатысты құқықбұзушылықтар жыл санап өсуде өсіп жатыр. Статистикаға сүйенсек құқық бұзушылық 2021 жылы 2088, 2022 жылы 2005 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 22%-ға өскен. Алайда ресми мәліметтерге сәйкес, балаларға, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар соңғы 5 жылда 6%-ға төмендеген екен. Қазіргі таңда елімізде балалардың, әйелдердің құқығын қорғау мақсатында біршама заңдарға өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, заңда "буллинг", "кибербуллинг" түсінігі пайда болды. Бұл туралы ҚР ӘҚБтК 127-2-бабына сәйкес, 10 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК, ал кәмелетке толмағандар құқық бұзса, 10 АЕК немесе ата-анасына ескерту секілді жазалар көзделген.
- Ата-аналар тарапынан да балалар құқығын бұзу деректері тіркеліп жатады. Бұл туралы не айта аламыз?
- Ата-аналар өз туған балаларының да құқығын бұзады. Мысалы оқуға жібермеу, демалыс бермей, жаздың уақытында "маған көмектесесің" деген секілді сауда жұмыстарына салу заңсыз. Себебі ҚР Еңбек кодексi 69-бабында жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының мерзімі бар. Мысалы, аптасына 24 сағаттан, 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты.
- Бүгінде балалар не жасөспірімдерді аз жалақыға, еңбек шартына сай емес қаражатқа жұмысқа тартып жатады. Осыған байланысты қандай заң бар?
- Жасөспірімдерді жұмысқа еңбек шартын жасамай тартуға болмайды. Оған бөлек жауапкершілік көзделген ҚР ӘҚБтК 86-бабына сай, шағын кәсіпкерге 60 АЕК болуы мүмкін. Одан бөлек ата-аналар баласын біреу қинап жұмыс істетсе, суретін жарияласа, қорқытса және т.б. жағдайларда 111, 102 телефон нөмерлеріне хабарласып, шағым бере алады. Жоғарыда айтылған заңнамаларға өзгерістер 2024 жылдың 16 маусымынан бастап өз күшіне енеді. Заңнама күшіне енген сәттен бастап, жасалынған құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілік көзделінген. Яғни бұл заң күшіне енбей тұрып, жаңағы буллинг, кибербуллинг секілді әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілік жоқ екенін білдіреді.
- Педофилдердің құрбандары қалай әрекет етуі керек?
- Жасөспірімдер мен балаларға қатысты менің практикамда жыныстық бостандығына қол сұғу (педофилия), одан бөлек ҚР ҚК 297, 296-баптарына сәйкес, есірткі заттарын өндіру, сақтау, сату, тарату секілді ауыр және аса ауыр қылмыстар кездескен. Барлық жағдайларда да балалар мен ата-аналардың арасында мәміленің жоғының әсерінен қылмыстық құқықбұзушылықтар орын алған. Кішкентай қыздарды зорлау ісі бойынша қылмыскер ата-анаңды өлтіремін деп қорқытып отырған. Кейбір істерді ақшалай 1000-5000 теңге көлемінде беріп, "ешкімге айтпа" дейтіндер бар. Ондай жағдайда ата-аналары бір немесе бірнеше жыл өткенде біліп жатады. Ата-аналарға айтарым: кішкентай қыз не ұл өсіріп отырсаңыздар абай болыңыздар! Кез келген күмән тудыратын оқиғаларға мән беріңіз. Балаңыздың көңіл күйіне қарап, сөйлесіп, ішіндегісін біліп жүріңіз. Одан бөлек тағы көп тараған қылмыстық құқықбұзушылық түрі – мектептегі әлімжеттік мәселе. Бұл жерде де көптеген жасөспірім өзіне қол жұмсап, мектепке ақша тасып, таяқ жеп, соңы ауыр жағдайларға алып келген кездері көп. Көбіне бала тұйықтала бастайды, ақша көп сұрай бастайды, мектепке, білім ордаларына барудан бас тартады. Осындай күдікті оқиға болса, дабыл қағыңыз, қарап қалмаңыздар дер едім.
Жасөспірімдердің есірткі заттарын тасымалдауы үлкен мәселе болып отыр. Мегаполистерде көп тараған. Телеграмм арналарда аптасына 300 000 – 400 000 арасындағы сыйақыға алданып, өмірлерін темір тордың ар жағынан бастап жатқандар да аз емес. Сол себепті барлық оқиғаның алдын алу қажет. Балалармен үнемі байланысты болыңыздар.
- Бүгінде әлеуметтік желіде кішкентай балалардың суреттері көп. Бірі ата-ана рұқсатымен жарияланса, ендігісі заңсыз жүктелген фотолар болуы мүмкін. Баланы ата-ана рұқсатынсыз суретке түсірген жағдайда қандай шара қолданылады?
- Кез келген адамды суретке ескертумен түсіреді. Бірақ рұқсатсыз жариялауға болмайды. Ата-ана – бала өміріне, құқығына жауап беруші. Өйткені балалардың құқық қабілеті болғанымен заң аясында бала өзі әрекет ете алмайды. Ата-ана баланың суретін арыз жазып алдыртып тастауға болады. Егер абыройына, беделіне нұқсан келсе, заң жүзінде ақшалай көмек талап етуге болады. Болмаса сурет жарияланғаннан бері екі ай мерзім өтпеген болса әкімшілік жауапқа тартуға болады.
- Тағы қандай жағдайда кішкентай балалардың құқығы аяққа тапталып жатады?
- Балаларды ұрып-соғатын жағдайлары туған ата-анадан бөлек, өгей әке не шеше тарапынан болып жатады. Әр аудан мен қалаларда қиын отбасы тізімдері болады. Арнайы мамандар сондай жанұялармен жұмыс істеп, балалар мемлекет бақылауында болады. Жетімдер үйіне бөлінген ақшалар өз орындарына жетпеген істер де тіркелген.