Bugin
Фото: Пресс-конференция спикерлері. Елена Лапина
Кеше, 3 маусымда "Алматы театрында" ТМД елдерінің V Жастар театр форумының ашылуына арналған баспасөз конференциясы өтті, - деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі.
ТМД елдерінің V Жастар театр форумы 3-9 маусым аралығында ТМД, Балтық жəне Грузия елдерінің қатысуымен Алматы қаласында өтеді. Жастар форумы режиссура, драматургия, сценография жəне театр саласындағы дарынды, болашағынан үміт күтетін жас мамандарды біріктіреді.
Шарада білім беру бағдарламасы аясында шет елден келген режиссерлер мен драматургтер, кəсіби театр мамандары шеберлік сыныптарын ұсынады. Мəдени астанамыз Алматы қаласына 9 елден: Əзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тəжікстан жəне Өзбекстаннан 35 жасқа дейінгі 200-ден астам режиссерлер, драматургтер, актерлер, сценографтар жəне театр сыншылары келді. Форумның ашылуына арналған конференцияға Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрі Аида Балаева келеді деп жоспарланған еді. Алайда шара министрсіз өтті.
ТМД елдерінің бесінші жастар театр форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Фархад Молдағали конференцияда сөз алды: Ол:
"Әділқазылар алқасы қойылымдарды бағалап, арасынан жеңімпаздарды анықтайды. Жүлдегерлерге қаржылай сыйақы мен алтын, күміс және қола қолшатыр сыйға беріледі. Бұл сайыстың үздік қойылымы 2025 жылы Мәскеуде өтетін А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне қатысуға мүмкіндік алады. Форум 2012 жылы Кишиневте, 2015 жылы Минскте, 2018 және 2021 жылы Ереванда өткен болатын. Енді 2024 жылы Алматы қаласында театр майталмандары жиналғанына қуаныштымыз", - деді.
Фархат Молдағали үшін бұл шара зор маңызға ие. Себебі сахна шымылдығы алғаш боп режиссердің "Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс" қойылымымен ашылады.
Өнерде шекара жоқ екенін бұл жолы Мотои Миура дәледеді. "Читен" жапон театрының көркемдік жетекшісі осы форум үшін алғаш рет Қазақстанға табан тіреген. Ол:
"Мен Қазақстанға алғаш рет сапарлап келіп тұрмын. Бұл форумға қазылық етіп, 9 елден жиналған театр өнерінің майталмандарына баға беремін. Мен актерлық шеберлікке ерекше назар аударамын. Олардың режиссердің тапсырмасын мүлтіксіз орындауы маңызды", - деп айтты.
Халықаралық театр фестивалінің бас директоры, Халықаралық театр одақтары конфедерациясының вице-президенті, бас хатшысы Карина Цатурова мәдениеттің соғысқа қатысы жоқ екенін айтты.
Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов:
"Алматы қаласында ТМД елдерінің жасы 35-тен аспаған шығармашылық иелері өнерін көрсететін үлкен халықаралық форум өтіп жатыр. Бұл – жастар үшін үлкен қолдау. ТМД елдеріндегі әріптестерімізді жан-жақтан жинадық. Театр майталмандары үшін форум – ресми жиын емес, жұмыс. Олар мұнда тәжірибе алмасады, саласының қалай дамып жатқанын бағалайды.
Театр өнерінің халыққа берері не? Қойылымға көрермен не үшін келеді? Осы сауалдың жауабы уақыт өткен сайын өзгереді. Халықты театрға магниттей тартатын жаңа дүниелер ортаға салынады, мұнда түрлі мәселелердің жауабы табылады.
Біз бұл форумды өткізуге көмек көрсеткен барша ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз", - деп айтты.
Тұңғышбай Жаманқұловтан Қазақстан осы форумға ұсынып отырған 2 қойылымды қалай бағалайтыны туралы сұрадық. Ол бұл сауалға:
"Біздің режиссерлердің жұмысы ешкімнен кем емес. Жаңа буын жаңа леп, терең ізденіспен шығып жатыр. Әртүрлі тақырыптарды көтеріп, өмірдің бояуын қанық етіп көрсетуде. Мұнда келген әр қойылым мықты сарапшылардың сүзгісінен, сынынан өткен. Әр ел өзінің алдыңғы саптағы өнерін осында көрсетеді. Әр режиссер, әр театр, әр актер жанын салып, барын салып тақырыпты терең игеріп, қойылым дайындайды.
Биіктік – орын алу емес, миссияңды дұрыс орындай білу. Бұл – жарыс. Бірақ – сананың, өнердің, көркемдік шешімнің жарысы", - деп айтты.
Күнде көре бермейтін Тұңғышбай Әл-Таразидің уысымызға осындайда түсе қалғанына қуандық. Қызды-қыздымен театрдағы режиссерлардың эксперименттерге жиі баруына көзқарасы қалай екенін сұрадық. Ол кідірместен:
"Эксперимент – жаңалыққа тартылыс, жаңалыққа талпыныс. Эксперимент міндетті түрде қиғаш болуы шарт емес, оның міндеті – адамдардың көңіліне жол табу. Бұрынғы кездердегідей оқиғаны баяндап, көрерменді жылату – бүгінгі көрерменге ұнамайды. Бұрынғыдан не аламыз, бүгін не қосамыз деп қараған дұрыс. Тек таң қалдыру үшін жасалатын эксперименттерді қаламаймын.
Эксперимент – ізденістің жемісі. Экспериментті қабылдап, түсіну керек. Бұл жолдан форма іздегендер кейде адасып кетеді. Адасқанның алды – жол, арты – соқпақ. Ізденбесе, эксперимент жасалмаса, жаңалық қайдан шығады? Жаңа нәрсе табудың жолы өзі қалтарыс-бұлтарысқа толы, адасулар да көп болады. Түптің түбінде ізденімпаз адамдар шығармашылықтың сынына шыдап, шыңына шығады", - деп айтты.
Эксперимент туралы текке сұрамадық. Форумның ашылу салтанатында алғаш болып қойылатын "Мүмлік. Сұлтан Бейбарыс" саудрамасы туралы да көрермен пікірі түрліше.
Форумда сөз алған басқа қатысушылар да осыған дейін өздері кездескен қазақ театр өнерінің майталмандарын еске алды. Ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Пресс-конференциядан соң әр елдің делегаттары қазақтың дәстүрлі өнеріне куә болды. Оркестр күй тартып, форум қатысушылары қызыл кілеммен жүріп өтті.
Форумның басты мақсаты – театр əлеміндегі мəдени байланыстарды сақтау жəне дамыту, жас театр көшбасшыларын анықтау жəне біріктіру. Шара 9 маусым күні кешкі сағат 19:00-де аяқталады. Сол күні жеңімпаздар анықталып, жүлделер табысталады.