МӘДЕНИЕТ
Фото: Айгерім Әділханова/ Bugin.kz
Бүгін, 13 маусым – қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен дүниеге келген күн. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері болған мұз ханзадасының өмірі туралы Bugin.kz ақпарат ұсынады.
Денис Тен Алматы қаласында 1993 жылы дүниеге келген. Оның анасы – кәріс, әкесі – еврей ұлтынан. Отбасында 2 бала тәрбиеленген. Денистің арғы тегі – Корей империясының даңқты қолбасшысы Мин Гынхон.
Мұз ханзадасы кішкентай кезінен-ақ өнерге, спортқа жақын болған. Оның қалауы мен бейінін табу үшін ата-анасы көптеген үйірмеге қатыстырған. Теннис, акробатика, жүзу, каратэ, таэквондо сынды спорт түрлерімен де біршама уақыт шұғылданған. Ол, тіпті, сурет те салған. Музыка үйірмесіне қатысып, әншілік қырын да дамытқан. Күйсандықта ойнап, хорда ән шырқап, музыка мектебінде де білім алған. Осы жан-жақты ізденісінің барлығын конькиге алмастырған. Алайда музыкалық биік талғам мен түрлі спортта шыныққан физикалық қуаты оны өзге спортшылардан ерекшелендірді.
2002 жылы ол Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Хор Олимпиадасында ұжымымен чемпион болады. Осы жетістіктен соң, ол түбегейлі мәнерлеп сырғанауға бет бұрған екен. 2003 жылы аяғына коньки киісімен-ақ ол мәскеулік жаттықтырушы Елена Буянованың көзіне түседі. Жас дарын бұл спортта лезде жетістікке жетеді. Бірақ халықаралық жарыстардағы жас шектеуі оның жеңісті жолын кешеуілдетеді.
Ол халықаралық дәрежеде өнер көрсеткенде өмірі түбегейлі өзгереді. Танымал бапкер Фрэнк Кэролл оны шәкірттікке қабылдап, Лос-Анжелес қаласына көшеді. Осылайша жасаған тәуекелі ақталады. 2014 жылы қысқы олимпиадада Сочи қаласында Қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені Денис Тен салады.
Мұз ханзадасының өмірге құштарлығы, жан-жақтылығы бірден байқалатын. Ол жаттығуларымен қатар, білім алуын да назардан тыс қалдырмайтын. Спортшы Қазақстан спорт және туризм академиясын аяқтап, мұнай саласында білім алады.
Денис 12 жасында-ақ ересек спортшылармен бақ сынасып, топ жарған. 2010 жылы ол ерлер біріншілігінде олимпиадаға жолдама алады. Бұл жетістік тарихи оқиға еді, тәуелсіз Қазақстан үшін тұңғыш жолдама болды.
Ол мәнерлеп сырғанаудан бес рет Қазақстанның чемпионы атанды. Сочи олимпиадасының қола жүлде иегері атанып, Қазақстанды жүлдесіз қалудан құтқарды. Әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы, халықаралық конькимен сырғанаушылар рейтингінде 9-орындағы спортшы. Ол 2018 жылға дейін Қазақстанға олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, қысқы Азия ойындары және гран-при кезеңінен медаль алып келген алғашқы және жалғыз спортшы болды.
Денис 2018 жылы өзі дүниеге келген Алматы қаласында 18 шілдеде жан тапсырды. Оны күндізгі уақытта көлігінің терезесін ұрламақ болған қарақшылар пышақтап кеткен. Денис Теннің қазасына бүкіл әлем қайғырды. Түрлі мемлекеттерден жерлеу рәсіміне адамдар келді.