ДЕНСАУЛЫҚ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
14 маусым – дүниежүзілік қан доноры күні. Дәл осы күні әлемде қан тапсырудың қаншалықты маңызды екеніне баса назар аударылады.
Бүгінде Қазақстанда 2000-нан астам донор бар. Олар тұрақты түрде қан тапсыруды әдетке айналдырған. Соның бірі – Дана. Ол – Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент.
- Қанша уақыттан бері донор ретінде қан тапсырасыз?
- Шамамен 2 жыл болды. Медицина саласында жұмыс істейтін отбасында туып-өстім. Сол себепті кішкентайымыздан денсаулығымызға мұқият қарап, үнемі медициналық тексерістен өтіп жүретінбіз. Алматыға оқуға түскен соң, ауруханаға тіркеуге тұрдық. Сол кезде донорлық туралы естіген едім. Қан тапсыру орталығына барып, құжаттарды тапсырдым. Алғашқы кезде кішкене қорқыныш болды. Кейіннен үйреніп, жылына 2-3 рет қан тапсыратын болдым.
- Донор болудан көп адам қорқып жатады. Өз қанын өзгеге бергісі келмейтіндер бар. Сіз донор болуға қалай келістіңіз?
- Жалпы дені сау адамның 450 грамм қаны үш адамның өміріне араша бола алады деп есептеледі екен. Маған осы статистика әсер етті деп ойлаймын. Өзіңіз ойлап көріңізші, біздің тапсырған қанымыз бір адамның болсын өмірін сақтап қалса, нағыз қуаныш емес пе?!
- Жауабыңызға көп рақмет!
Донор болып, өзгенің өміріне араша болу – бақыт. Алайда кез келген ерікті қан доноры бола алмайтынын ескеру керек. 18 жастан асқан азаматтар ғана қан тапсырып, өзгеге донор бола алады. Дегенмен осы тұста да донорларға қойылатын талаптар бар. Адам жұқпалы аурумен ауырған, онкологиялық дерті және жүрек-қан тамырында ақауы болмауы керек. Өйткені қан тапсырарда донор болушының қаны таза болуы керек. Осы тұста Шымкент қалалық қан орталығының мамандарынан пікір алдық.
- Қан донорларын қажет ететіндер қалада қаншалықты көп?
- Қала және облыс бойынша 42 медициналық мекемелер қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Қан компоненттерінің бізде 14 түрі бар. Солардың бәріне сұраныс көп. 18 жасқа толған кез келген азамат донор бола алады. Бастысы, денсаулығында ақау жоқ, диспансерлік есепте тұрмайтын, жұқпалы аурумен ауырмаған болуы керек.
- Жылына қанша рет қан тапсырған дұрыс?
- Әйел адам жылына 3 рет, ер адам 4 рет эритроцитарлық масса тапсыра алады. Егер анализ көрсеткіштері жақсы болса, тромбоциттер концентратын ай сайын тапсыруға болады.
- Егер адам өз қан тобын білмесе, сіздерге келіп, анықтай ала ма?
- Егер донор болып келетін болса, ол кезде қан тобын анықтай аламыз. Ал егер адамдар өз қан тобын білгісі келсе, онда орталықтан ақылы түрде біле алады.
- Донор болғысы келетін еріктілер бар. Олар қандай қан талдауын (анализ) тапсырып, құжаттар өткізуі керек?
- Донор болғысы келген адам жеке куәлікпен келеді. Алдын ала анализ тапсырады. Яғни ол анализдерге қан тобы, гемоглобин, Алт анализдері жатады. Осы көрсеткіштер дұрыс болса, сауалнама толтырады. Өз еркімен донор болуға өтініш қалдырады. Сосын дәрігер қабылдауында болып, маман әрі қарай қан тапсыруға жібереді.
Қан тапсырып, донор атану үшін бір күн бұрын майлы, қуырылған, ащы, ысталған, сүт өнімдерін тұтынбауы керек. Сондай-ақ процедурадан екі күн бұрын алкоголь қосылған сусынды, ал үш күн бұрын аспирин, анальгин, анальгетиктері бар басқа препараттарды ішпеуі керек.