Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Ақтөбеде кеше екі адам суға кетті. Екеуі де медициналық университеттің төртінші курс студенттері. Бүгін оқу орнында екі студенттік портреті қойылып, үш күнге қаралы күн жарияланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Жалпы медицина факультетінің 4-курс студенттері Елназ Жолан мен Рафхат Қайыржанов Қарғалы өзенінен шыға алмай қалды. Бірінің денесін сүңгуірлер сол сәтте тауып алса, екіншісінің денесін бүгін таңғы 03:20-да тапты. Екіншісін өз туыстары іздеп, жағаға денесін шығарған.
Кейін екі жігіттің де студент екені анықталды.
"Елназ Қасымханұлы Ырғыз ауданының, Рафхат Мұқатұлы Батыс Қазақстан облысының тумасы. Екеуі де оқу үлгерімдері жақсы, қоғамдық шараларға атсалысып жүрген белсенді де өнерлі студенттер еді. Өте өкінішті жағдай. Елназ бен Рафхаттың кенеттен қаза болуына байланысты ата-анасы, бауырлары мен ағайын-тумаларының және достарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қайғылы жағдайға байланысты университетте үш күн қаралы деп жарияланды", - деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін бойжеткен 25 жылдан кейін әкесімен қауышқанын хабарлаған едік.