Weekend

Лилиан Росс: Хемингуэйдің портреті

Басы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі Американың аса ұлы романисі, әрі шағын әңгіменің асқан шебері Эрнест Хемингуэй-ақ болар, сол кісі Нью-Йоркке ара-тұра болмаса, көп келмеуші еді. Ол әйелімен, тоғыз қызметшісімен бірге Гаванадан тоғыз шақырымдай жердегі Финк Виджиа фермасында ешқайда шықпастан ұзақ жыл бойы тұрып келеді, қарамағында елу екі мысығы, он алты иті, екі жүздей көгершіні, үш сиыры болды. Нью-Йоркке тек жолшыбай ғана соғып жүретін.

1949 жылдың аяқ кезінде Хемингуэй Европаға бара жатқанында жол-жөнекей Нью-Йоркке бірнеше күн тоқтады. Сол сәтті пайдаланып, мен оған сізбен көріссем екен деп хат жаздым. Машинкаға бастырып жіберген жауап хатында:«Көрісуге қарсы емеспін, аэропортта кездесейік, - депті. - Мен өзім ұнатпайтын адамдарды көргім келмейді. Келгенімді жұртқа дабыра қылуды да жақтырмаймын және біреуге уақытымды бөле беруді де қош көрмеймін», деп жазыпты.

«Бронкстегі зоопаркте, Метрополитэн-музейде, қазіргі заманғы өнер музейінде болғым келеді, бокс ойынына құмармын. Метрополитэндегі баяғы Брейгель сияқты асыл жанның суреттерін, бір емес тіпті екі бірдей Гойяға татитын жақсы суретшілердің туындыларын, Эль Греконың«Толедосын»көргім келеді. Ал Тутс Шоруға (Нью-Йорктің орталығындағы жазушылар, суретшілер мен артистер келіп жүретін ресторан) барғым келмейді. Қаладан кетер-кеткенімше тіс жарып ештеңе айтпауға тырысып бағамын. Түнгі шарапханаларға да бармаймын. Баспасөз өкілдерімен кездесуден бас тарту да лайықты емес. Қысқасы, уақытым дос-жарандарымды көруге ғана жетеді».

Соңына қарындашпен«Өзгесін қойғанда, уақыт деген бізде мүлде аз ғой»деп қосып қойыпты.

Асылы, Гаванадан ұшып келгенде, Хемингуэй тым асығыс адам сияқты емес еді. Ол«Айдлуайлд»аэродромына кешке қарай ұшып клуге тиіс еді де, мен қарсы алу үшін сонда бардым. Аэродромға жеткен бойымда самолет те келіп қонды. Хемингуэй жүгін алуға кеткен әйелін күтіп, шығар ауызда тұр екен. Бір қолына талай-талай мейманхаалардың белгі қағаздары жапсырылған, тозығы жеткен портфелін қысып ұстап, екінші қолымен маңдайыан тер бұршақтаға құйттай бір тарамыс адамды қаусыра құшақтап алған. Хемингуэйдің үстінде қызыл шотландка жейде, мойнында жүннен тоқылған өрнекті галстук, қызғылт-сарғыш түсті тоқыма жилетінің сыртынан жауырын жағы қысыңқылау, жеңі құнтиған қоңыр пиджагын бастыра киіп алыпты, сұр фланель шалбар, аяғында жүннен тоқылған торкөз шұлық, аң терісінен тігілген ұйық. Сол қалпында бейне бір арбаңдаған аю тәрізді.

Желкесіне қайыра тараған ұзын шашының самайы да, түкті мұрты да аппақ қудай, біркелкі қырықпаса да келте сақалы бар. Сол көзінің астын ала түйе жаңғағына ұқсас томпиған шор тұр. Болат жиекті көз әйнегі көзін мүлде жауып алған, көз әйнегінің мұрын қырына түскен жеріне бір жапырақ қағаз қыстырып қойыпты. Манхэттенге баруға тіпті асығып отырған адам сияқты емес. Әлгі портфелін қатты қысып ұстаған күйі оның ішінде «Өзен сыртында, ағаш саясында» деген жаңа кітабының әлі аяқталмаған қолжазбасы бар екенін айтып тұрды. Жаңағы құйттай тарамыс адамды да дәл сол портфеліндей қаусыра қысып тұрып, оның самолетте өзімен бірге ұшып келгенін айтты. Егер күмілжіген сөзін дұрыс түсінген болсам, бұл құйттай адамның аты – Майерс екен, қызмет бабымен Кубаға барған сапарынан қайтып келе жатқан беті. Майерс Хемингуэйдің құшағынан шығып кеткісі келгенімен Хемингуэй оны достарынша аймалап, оңайлықпен жібере қоятын емес.
– Самолетте бұл кісі күнұзаққа кітап оқыған, – деді Хемингуэй.

Жергілікті үнділердің ағылшын тілін бұрмалап сөйлегеніне еліктеп сөйлейін дегенімен сөз мәнерінен тегі Орталық Батыстың адамы екені білініп-ақ тұр.

– Сірә, кітап саған ұнаған, – деді ол тағы, Майерсті сәл ғана арқасынан қағып. Сөйтті де күлімсіреп, оның түріне үңіле бір қарап қойды.

– Қош, сау болғайсың!– деді Майерс.
– Кітап оны мезі қылған, – деді Хемингуэй, – кітап жайлап басталған, содан кейін адамды сілейтіп мұрттай ұшыратын күйге жеткенше арындап кете берген. Мен адамның бойын барынша балқытып, әбден сілесі қатқанға дейін тоқтамаймын. Сонан кейін біз оқушы тынысын еркін алатын шамаға дейін жеткізе шиеленісті бәсеңдете түсеміз. Кітап машина сияқты: оны да арынын бірте-бірте басып барып тоқтату керек.

– Қош, сау болғайсың! – деді Майерс тағы да.

Хемингуэй оны қоя берді.

– Кітап пен оқушы арасында тең ойын деген болмауға тиіс, – деді ол. – Қайталап ойнаған күнде де ол оқушыны ұтып жатуы керек.

Бірақ бұл сөзге түсінген Майерс болмады.

– Бұл кітап «Қош бол, қаруымнан» гөрі тәуірірек, – деді Хемингуэй. – Мен мұны жақсы кітабым ба деймін. Бірақ қашан да не нәрсені болмасын күні бұрын асыра мақтап жіберетініміз бар. Әсіресе, басқалардан өзіңді озық қойғанда сондай болады, – деп ол Майерстің қолын сілкіп-сілкіп қойды.

– Кітабымды оқығаныңа өте ризамын, рахмет, сол үшін.

– Өзіңізге де рахмет, – деп Майерс ептеп басып өз жөнімен кете берді.

Хемингуэй оның соңынан сәл қарап тұрды да, содан кейін маған бұрылды:

– Жазған кітабың бітуге айналғанда, өзің де әбден өлімші боласың, – деді ол түнере түсіп. – Бірақ оны басқа жұрт білмейді. Оның есесіне кітабын жазып бітірген соң жазушы өзгенің бәріне пысқырып қарамайды деп ойлайды. Жазудың сондай жауапты іс екені қаперінен шығып кетеді.

Бұдан кейін ол қатты шаршап жүргенін, бірақ жалпы денсаулығы дұрыс екенін; салмағын 97 килограмға дейін кеміткенін, қан қысымының да төмендегенін айтты. Оның үстіне жаңа кітабын қайта өңдеу керек екен, сондықтан өзіне әбден ұнағанша қайта-қайта көшіріп жаза беруге бел байлаған.
– Роман жазушы – доп қуалап жүрген ойыншы емес, ол қадалған жерінен қан алады, – деді Хемингуэй. – Жанына қанша батса да, қайткен күнде дегеніне жетуге тиіс.

Осы кезде қасымызға Хемингуэйдің жұбайы Мэри келді. Ол өзі шолақ қидырған ақ сары шашты, белдігі бар ұзын бұлғын ішік киген, денесі шағындау, бірақ ашық мінезді пысық адам екен. Оның соңынан толып жатқан чемодан артқан қол арбасын итермелеп жүк тасушы келеді.

– Папа, нәрселеріміздің бәрі түгел екен, – деді жұбайы Хемингуэйге. – Папасы, енді біздің жүре беруімізге болады.  

Бірақ, Хемингуэй асықпайтындай ыңғай білдірді де, чемодандарын жайлап қайта санай бастады. Чемоданның ұзын саны он төрт екен, тең жартысы Мэри ханымның маған айтқанындай, ерінің сызып берген үлгісі бойынша істелген абажадай үлкен фибра чемодандар, әрқайсысының сыртына Хемингуэйдің өзі ойлап тапқан ерекше белгі жапсырылыпты. Хемингуэй чемодандарды санап болған кезде жұбайы жүк тасушыға жүкті қайда апаратынын түсіндірші деп күйеуінен өтінді; Хемингуэй жүк тасушыға біраз аялдай тұр деді де, содан кейін жұбайына бұрылып:

– Сәулешім, осы біз асықпайықшы. Әуелі дағдымыз бойынша біраз ішіп жіберуіміз керек қой, – деді.

Біз аэропорттың сыраханасына келіп кірдік. Хемингуэй портфелін орындыққа тастай салып, өзіне жақындатып қойды. Содалы су қосқан виски сұрады. Жұбайы да соны сұрады. Мен бір стакан кофеге заказ бердім. Хемингуэй сырахананың иесіне вискиді екі есе етіп құй деп ишарат етті. Өзі екі қолын үлдірік столға салып, ыңылдап әлденендей бір әнге салып, вискиді шыдамсыздана күтіп тұр. Хемингуэй ханым қараңғы түскенге дейін Нью-Йоркке жетіп алармыз дегенді айтып еді. Сонда Хемингуэй оған былай деді:

– Біз қай уақытта жетсек те маған бәрібір, себебі, Нью-Йорк сондай бір тұрпайы да алдамшы қала, ол түнде де күндізгісіндей, онда баратыныма сонша мәз болып тұрған ме жоқ. Ал Венецияға бара жатсаң, оның жөні бір басқа. Батыста Вайоминг штатында, Монтан, Айдахо штаттарында болуды сүйемін, сонан кейін Куба мен Париж, Венецияның төңірегі маған қатты ұнайды, – деді ол. – Ал дүниеде Вест-порттан жек көретінім жоқ.

Хемингуэй ханым өзі сигарет тартып, маған да ұсынды. Мен сигаретті күйеуіне де берген едім, бірақ ол «шылым шекпеймін: шылым шегі адамның иіс-қоңысты сезу қабілетін нашарлатады, ал иісті жақсы сезу аңшыға өте қажет», – деді.

Иіс-қоңысқа сезімтал адамға сигареттің иісі өте жаман тиеді деді де, бейнебір соққыдан қорғанған адамдай жұмырығының сыртын бетіне апарып, еңкейе түсіп, сылқ-сылқ күлді. Оның үстіне бұланды, бұғы-маралды, жанатты, тағы басқа аңдарды иісіне қарап жақсы айыра білетінін айтты.

Шарапшы ішімдікті алып та келді. Хемингуэй арақты аузын толтыра бірнеше рет қылқылдатып тастап жіберді де, кейде адамдардан гөрі аңдармен жақсырақ тіл табысатынын айтты. Бір кезде Монтанда тұрғанда оның бір аюы болған. Аю онымен бірге жатып, бірге тұрып, арақты да бірге ішіп, екеуі жақсы «дос» болып алған. Сонан кейін менен Бронкстегі зоопаркте әлі де аюлар бар ма деп сұрады. Мен ол жөнін білмеймін, бірақ Орталық паркте аю бар екеніне еш шүбәм жоқ дедім.

– Бронксте әрқашан Гранни Райс екеуміз зоопаркке барып жүретін едік, – деді ол. – Зоопаркке барып жүруді жаным жақсы көреді. Тек жексенбіден басқа күндері. Мен жұрттың хайуанға күлгенін-ақ жек көремін, асылында сондайларға хайуанның өзі күлгені дұрыс болар еді ғой.

Хемингуэй ханым сумкасынан кішкене қойын дәптерін алып, маған ерімен екеуінің Нью-Йорктен кеткенінше тындыруға тиісті істерінің тізімін жасағанын айтты. Бұлар термостың қақпағын, итальян тілінің бастауыш грамматикасын, Италияның қысқаша тарихын сатып алулары керек екен. Хемингуэйге жүннен тоқылған төрт жейде, мақта матадан төрт трусик, жүн матадан екі трусик, үй ішіне киетін башмак, белбеу және плащ алулары керек екен.

– Біздің Папамыздың еш уақытта плащы болған емес, – деді ханым. – Сондықтан Папаға плащ алуымыз керек. (Хемингуэй мырс етті деүлдірік столға кеудесін төсей түсті.) – Плащ болғанда су өтпейтін жақсы плащ, – деді қайталап Хемингуэй ханым. – Содан кейін оның көзілдірігін жөндету керек. Мына қазіргісі мұрнының қырын қатты уыртып жүр. Сондықтан да ылғи астына қағаз қыстырып жүруіне тура келеді. Ал қағазын моншада жуынғанда ғана өзгертеді.

Хемингуэй тағы да мырс етті. Шарапшы кіріп келіп еді, Хемингуэй тағы виски әкел деді. Содан кейін ханымға бұрылып:

– Мэри, қонақ үйге орналасып алысымен-ақ Капустаға телефон соғуымыз керек, – деді.

Ол тағы да жұмырығымен бетін көлегейлеп, сылқ-сылқ күлді де, «Капуста» Марлен Дитрих деген ескі досыма еркелетіп қойған атым еді, Финк Виджиа фермасында айтылып жүретін мұндай күлдіргі аттар мен шартты орамдар тым көп-ақ, – деп түсіндірді. – Осындай күлдіргі сықақ сөздерді өте жаратамыз.
– Әуелі Марленге телефон соғайық та, содан кейін уылдырық пен шампанға заказ берейік, Папа, – деді Хемингуэй ханым. – Уылдырық пен шампанды талайдан бері сағынып жүр едім.
– Капуста, уылдырық, шампан, – деп Хемингуэй әлдебір қиын әскери бұйрықты жаттаған адамдай баяу шұбыртып айтып өтті. Сөйтті де стаканын босатып, шарапшыға тағы әкел деп бір ымдап қойып, маған бұрылды. – Менімен бірге плащ сатып алуға барасыз ба? – деп сұрады.

– Плащ сатып алу керек және көзілдірікті жөндету керек, – деді Хемингуэй ханым.

Мен екеуіне де бар ықыласыммен көмектесетінімді айтып, Хемингуэйдің бокске барғысы келетінін есіне салдым. Осы аптада болатын жалғыз ғана бокс ойыны жақсы білетін бір досымның айтуы бойынша, бүгін кеште Сент-Николос рингінде болатын көрінеді. Мен сол досымның төрт билеті барын, сол билеттерін осы үшеумізге де қуана-қуана беретінін айттым. Хемингуэй боксерлердің атын атағанымда «олардың бәрі де жалқау немелер» деді.

– Жалқау екендері рас, – деп Хемингуэй ханым өздері тұратын Кубада боксерлер әлдеқайда жақсы екенін айтты.

Хемингуэй біртүрлі көңілі толмағандай маған ұзақ қадала қарап отырды да:
– Қызым, әрқашан есіңде болсын: жаман боксерлердің ойынын көруге барғаннан бармаған жақсы. Біз бокске бәріміз бірге Европадан қайтып оралғаннан кейін барайық, себебі, ең болмаса жылына бір рет жақсы баксерлердің ойынын көріп жүрген жөн. Боксқа көп уақыт бармаған адам оның қандай ойын екенін де ұмытып кетеді, ол қауіпті нәрсе... – деп бір жөтеліп алды. – Ондай болғанда бара-бара үйге бойың үйреніп, мүлде үйкүшік болып кетесің.

Біз шарапханада тағы біраз отырдық. Сонан кейін Хемингуэй мені өздерімен бірге қонақүйге шақырды. Жүктерін таксиге тиедік те, өзіміз басқа бір машинаға отырып жүріп кеттік. Бұл кезде қараңғы түсіп те қалған еді. Кең проспектімен келе жатырмыз, Хемингуэй жолдан көз алмай қарап отыр. Хемингуэй ханым маған оның қашан да осылай істейтінін, әдетте шофердің жанына отыратынын, бұл әдеті сонау бірінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқанын айтып келеді. Европаға барғанда не істейсіңдер деп сұрадым мен. Бұлар бір жұмадай уақытын Парижде өткізбекші де, одан кейін машинамен Венецияға баратынын айтты.

– Парижге қайта-қайта қайтып оралғанды жақсы көремін, – деді Хемингуэй баяғысынша жолдан көзін алмай. – Онда үйдің ішкі жағынан кіре салғандаймын; ешкімнің сұрағына жауап бермеймін. Сондықтан мен жөнінде ешкім еш нәрсе білмейді де. Шіркін, баяғы бір кездердегідей, шашыңды да бір рет қидырмай алқам-салқам жүре бересің. Ол қалада белгісіз бір кафеге барып жүруді жақсы көремін. Ондағы бар танысым официант пен оның кезекшісі ғана. Жаңадан шыққан суреттерді тіпті ескілерін де көруді, велосипед жарысы мен бокс ойынына баруды, онда жаңа велосипедшілер мен боксерлермен танысқанды әуес көремін. Әрқашан өзімнің тәуір көретін тамақтарым даяр тұратын әрі жақсы, әрі арзан ресторандар тауып аламын. Қаланың ол шеті мен бұл шетін жаяу аралап көруді сүйемін. Өйткені, оның ана бір жерінде басыңнан қателік өткен болса, ал мына жерінде кейде басыңа жақсы бір ойлар оралған болатын. Апақ-сапақ кеш мезгілінде ат бәйгесінің программасын оқып, қайсысы жеңіп шығатынын болжауға тырысып, ал келесі күні Отейлдегі немесе Энгиендегі сол жарыстарда озады-ау деген жүйріктерге бәйге тігуге құмармын. 

– Сондай жарыстарда біздің Папаның ылғи жолы бола кетеді, – деді Хемингуэй ханым. 

–Жарыс программасын жақсы білсең ғана, – деп жауап қайырды Хемингуэй оған.

Осы кезде Квинсборо көпірінен өтіп бара жатқан едік, Манхэттеннің аспанмен таласқан зәулім биік үйлері де көрініп қалған-ды. Үйлердің бәрі де күндізгідей жарқырап тұр екен, бірақ оған көңіл қойған Хемингуэй болмады.

– Мен сүйер қала бұл емес, – деді ол. – Нью-Йорк тек жолшыбай ғана көре кететін, шынында адамды құртып жіберетін қала.

Ал Париж болса, ол менің екінші үйім болған... Бұл қалада жападан-жалғыз жүргендей болсам да, өзіміз тұрмыс шегіп, жұмыс істеп, оқып, ер жетіп, өлшеусіз бақытқа кенелгенбіз, сонан кейін қашанда қайтып оралуға ынтызар болғанбыз.

Хемингуэйдің өз үйіндей болған тағы бір қала – Венеция еді. Ақтық рет әйелімен бірге Италияда болған кезінде Венеция мен Кортина алқабында төрт ай тұрған, сонда аңшылықпен айналысып, қазір, жаңа кітабын да сол жерде және ондағы адамдарды суреттейді. 
– Шіркін-ай, Италиядай жер бар ма екен! – деді ол. – Онда бұл дүниеден кетіп, жаның бейішке барғандайсың. Оның ғажаптығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Хемингуэй ханым өзінің сол елде шаңғы теуіп жүріп оң аяғының тобығын тайдырып алғанын, сонда да екеуі сол елге қайта барып, шаңғы тепкілері келетінін айтты. Ал Хемингуэй Падуя қаласында көзі ауырып ауруханада жатқан, бірақ сонда да ол Италияға тағы барып өзінің ондағы көптеген жақсы достарын көргісі келеді екен. Желді күндердегі гандола қайықтарын жүргізушілерді, өздері өткен жолы тоқтаған «Гритти-палас» мейрамханасын, қаланың Торчелло ауданындағы «Локанду чиприани» дейтін ескі керуен сарайды, Венецияның солтүстік-шығысындағы, тіпті Венеция қаласы салғаннан бұрыңғы кезде байырғы венециялықтар мекен еткен теңіз шығанағындағы аралды көруге ынтық болды. Осы күнде Торчеллода небәрі жетпіске жуық адам тұрады, соның өзінде ер адамдарының бәрі де үйрек аулап күнелтеді екен. Хемингуэй онда ескі керуен сарайдың бағбанымен бірге жүріп үйрек атыпты.

– Біз каналдармен жүзіп бара жатып, ұшып бара жатқандай үйректерді ататын едік. Мен теңіз суы тартылған кезде қалың қамысқа кіріп тарғақ ататынмын, –деді Хемингуэй. –Припят саздағынан ұшатын үйректердің жолы сол арадан өтетін. Мергендігім үшін жұрт маған ден қойып жүрді. Онда әлденедей бір шымшық құс бар, ол өзі солтүстікте шоқыған жүзімін іздеп, оңтүстікке ұшады. Жергілікті жұрт бұл құсты жерде жүргенінде атып алады екен, ал мен, оны кейде ұшып бара жатқанында атып түсіріп жүрдім. Бір күні сол құстарды бытырамен атып кеп қалғанымда, жаңағы бағбан қуанғанынан айқайлап жіберді. Енді бірде ай жарығына шағылысып, биік ұшып бара жатқан үйректі атқан едім, үйрек каналға қалпақтай ұшып түсті. Бағбанның оған күйзелгені сондай, тіпті мен оны еш уақытта көңілі орнықпас деп ойлаған едім. Тіпті бөтелке шараптың да септігі тимеді. Әрқайсысымыз бір-бір бөтелкеден шарап ала шыққан едік. Бой жылыту үшін өз бөтелкемді жолай ішіп алғанмын. Ал ол өз шарабын ашу-ызасын баса алмаған соң ішіп алды. – Біраз үнсіз отырып қалған едік, содан кейін Хемингуэй: – Венеция –ғажайып өлке, – деп аяқтады сөзін.

Хемингуэйлер «Шерри-Недерлэнд» мейманхнасына келіп тоқтады. Хемингуэйдің өзі анкета толтырып жатып, күтуші қызметшіге «менің мұнда түскенімді ешкім білмейтін болсын», – деп ескертті. – Дитрих ханымнан басқа ешкімді де көргім келмейді, ешкіммен телефон арқылы да сөйлеспеймін.

Содан кейін оларға арналған номерге бару үшін жоғары көтерілдік. Ал, номер қонақ қабылдайтын, ұйықтайтын, тамақ әзірлейтін бөлмелерден тұрады екен. Хемингуэй есік алдында сәл тоқтап, қонақ бөлмесін бір шолып өтті. Бұл өзі қабырғаларына көзге бірден түсетін алабажақ қағаз жапсырылған, ХYIII ғасырдың үлгісіндегі мебель қойылған үлкен бөлме екен. Пеш тәріздес ошақта қолдан жасалған көмір жатыр. Хемингуэй әлі де есік алдында тұрған қалпында:

– Нағыз аю жатағы екен. Мұы әлдеқандай бір орта ғасырдағы қытай стилі деп ойлайтын болар, сірә, өздері... – деді.

Оның ішке кіруі мұң екен, қонақ бөлме бірден тарыла түсті. Хемингуэй ханым кітап шкафына барып, ондағы кітаптарды көре бастады.

– Папа, көрдің бе, – деді әйелі, – бәрі де көз бояу үшін. Папа, бұл кітап емес, тек мұқабасының қабы ғана.

Хемингуэй портфелін жайдақ төсекке қойды да, шкафтың жанына барды. Сөйтті де жайлап: «Бастауыш экономия», «Америка Құрама Штаттарының үкіметі», «Швецияның жері мен адамдары» деген кітаптардың, Феллис Бентлидің «Тыныш ұйықтай бер» деген кітабының аттарын оқып шықты.
– Біз осы құрып бара жатқан секілдіміз, – деді ол, галстугін шешіп жатып.

Хемингуэй ұйықтайтын бөлмеге жүгін жайғастыруға бара жатқан жұбайына галстугін, сонан кейін пиджагын шешіп ұсынды да, өзі жағасын ағытып, телефонға барды.
– Капустаға телефон соғайыншы, – деді.

Ол Плазға телефон соғып Дитрих ханымды сұрады. Дитрих жоқ екен, сол кісіге кешкі дәмге осында келсін деп айтыңызшы деп біреуден өтінді. Содан кейін ресторанға телефон соғып, уылдырық пен екі бөтелке «Перрье-Жуэ» шампанына заказ берді. Ол кітап шкафының жанына қайтадан келіп, не айтарын білмегендей ойға кетіп біраз тұрды да, әлгі кітаптардың түптеріне қарап:
– Бұл да қаланың өзі сияқты, сырты жылтыр іші қуыс алдамшы нәрсе, – деді.

Мен оған бұл күндері әдебиетшілер арасында өзі жөнінде көп әңгіме тарап кеткенін, сыншылар ол жазған кітаптар туралы ғана емес, тіпті болашақта жазатын кітаптары жөнінде де түрлі қауесет таратып жүргенін айттым. Хемингуэй: «Нью-Йоркте ең алдымен осы сыншыларды көргім келмейді, дәл соларды», – деп жауап берді.

– Олар бейсболға баратын, бірақ программаны көрмей ондағы ойыншылардың атын атай алмайтын адамдарға көбірек ұқсайды, – деді ол. – Мейлі, өзім ұнатпайтын адамдар не істесе, оны істесін, оған менің нем кетеді! Егер олар арамдық ойлаймын десе, ойлай берсін. Ол өкінішті-ақ шығар, бірақ ойынның аты ойын емес пе. Сыншылардан кейінгі менің аз кездескім келетін адамдарым, – ол ешқашан да соғыста болмаған, бірақ соғыс туралы жазатын жазушылар.

– Олар жақсы келе жатқан доптың өзін де қағып ала алмай жерге түсіріп алатын, сөйтіп, бүкіл команданың еңбегін жоққа шығаратын, немесе өздері доп бере қалған күнде шамалары келсе көп ойыншы шығарып тастауға тырысатын ойыншылар сияқты...

Орыс тілінен аударған – Нәбиден Әбуталиев
(...жалғасы бар...)