Bugin

Жан мен тәннің саулығы: йоганың адам денсаулығына берер пайдасы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Бүгін, 21 маусым – халықаралық йога күні. Йога – психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын ежелгі Үндістанда пайда болған рухани тәжірибе мен ілім. Бүгінде йогамен айналысушылар саны жыл сайын артып келеді. Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету, денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру. 

Жұлдыз Қайыпжан – қазақша йоганың негізін қалаушы. Ол 2019 жылы алғаш рет қазақ тілінде Қазақстанда йога сабақтарын онлайн және оффлайн түрде өткізіп бастады. Өзі 2015 жылдан бері айналысады. Пайдасын көрген соң, йогаға жаңа дем беруді жөн санаған. 

- Йога несімен пайдалы?

- Йоганың пайдасы өте көп. Соның ішінде адамның тән мен жан саулығының бір-бірімен қалыпты баланста, тепе-теңдікте болуына көмектеседі. Өмірінде жүйелілік пайда болады. Йогамен айналысушылардың көбі жан мен тән байланысын іздейді. Йога сөзінің өзі "байланыс", "үйлесімділік" деген мағыналарды білдіреді.   

Жұлдыз Қайыпжанның жеке суреттерінен

Жұлдыз Қайыпжанның жеке суреттерінен

- Йоганың жас ерекшеліктеріне байланысты қандай пайдасы бар?

- 20-25 жас аралығындағы йогамен айналысатындар өміріме тыныштық орнатқым келеді деп жауап береді. Олардың көпшілігі осы саламен жүйелі түрде айналысудың арқасында энергиясын арттырып жүр. Байқасаңыздар, бүгінде қозғалыстың аздығынан, инфошум салдарынан адамда түрлі проблемалар бар. Стресс, депрессия сынды мәселелер де физикалық энергияның аздығынан болады. Ал йога – адамның тұлғалық дамуына керекті энергияның көзі. 

- Қазақстанда йоганың қандай түрлері дамып жатыр?

- Қазақстанға йога 2000 жылдары келді. Сол кезден бастап хатха-йогасымен айналысатындар көбейді. Бұл – йоганың ең қарапайым түрі. Хатха сөзі "ай мен күн" деген мағынаны береді. Хатха йогасы адам бойындағы белсенді энергия мен пассивті энергияны байланыстыруға көмектеседі. Йоганың осы түрінде тыныс алу, қозғалыс жаттығулары бар. Қазір де хатха йогасы үлкен сұранысқа ие деуге болады. Одан бөлек аштанга йога, виньяса флоу йогасы да бар. Аштанга арнайы күшті талап ететін йога түрі болса, виньяса флоу йогасы сабырлы, билеген сияқты сезім сыйлайтын жаттығулар жиынтығы дей аламыз. Сонымен қатар аэро йога да қазір көпшілік арасында танымал.

- Әлем бойынша йогамен қай елдің тұрғындары көп айналысады?

- Йогамен Қытай және Үндістанның тұрғындары көп айналысады деуге болады. Өйткені йога ежелгі Үндістанда пайда болған. Ал Қазақстанға ресейлік мамандардың арқасында келген. Елімізде йогадан алғаш рет ресейлік мамандар сабақ беріп, насихаттаған. Одан бөлек Еуропа мен Америкада йогамен айналысушылар өте көп. 2017 жылы Қытайда үлкен алаңда егде жастағылардың йогамен айналысып жатқанын көріп, қатты таңқалдым. Ол жақта саябаққа жиналып, йогамен айналысу өмір салтына айналған. 

- Йогамен күнделікті қанша уақыт айналысу керек?

- Адам йогамен күнделікті бір сағат айналысса, соның өзі өте жақсы әсер етеді. Алайда ол нақты белгіленген уақыт емес. Кейбір йога түрімен жарты сағат айналыссаңыз да пайдалы болады. Осы тұста йоганы қанша уақыт жасағаныңызда емес, оның практикасы маңызды. Менің байқағаным, йогада уақыттан бұрын, реттілік маңызды. Жаттығулардың да тыныс алумен байланысы болуы керек. Кейбір жаттығулар жиынтығын сіз 10 минут жасасаңыз да кейде өзіңізді энергияға толы сезінесіз. Бұл жаттығулар реттелігі мен дем алудың дұрыс орындалғандығын білдіреді.

- Йогамен айналысу үшін алдын ала дайындық керек пе?

- Онымен айналысу үшін аса бір дайындық қажет емес. Алайда ең бірінші рет йогамен айналыссаңыз сізге көмектесетін маманға барынша жағдайды түсіндіру керек. Өзіңіздің бұрын айналыспағаныңызды міндетті түрде ескертіңіз. Сонда маман сізге қалай дұрыс бастау керегін жүйелі түрде үйретеді. Көбісі "йога" десе көзін жұмып, бас бармағымен айқастырып отыру деп ойлайды. Жоқ, ол олай емес. Йога  –  тек қана медитация, жаттығу емес. Йога  – түрлі философиялық ойлардың жиынтығы. Адам йогаға бет бұрса ол жерден өмірді көре алады. Бұл салада адамның әрекеттері, гигиена, тазалық, денені тану, жүйелік, адамдармен қарым-қатынас тақырыптары жиі зерттеледі. От адам, сумен байланысты адам, жермен байланысты адам деп жатамыз. Мысалы от адам энергиямен байланысты болып келеді. Ол адамдарда оттың энергиясы көп. Сонымен қатар оны ешқандай туған күніне, жынысына қарап анықтамайды. Йогада адам энергиясын сыртқы келбетіне қарап анықтайды. Қорыта айтқанда, йогамен айналыссақ, өз өмірімзге үңіліп, өзімізді терең тани аламыз. 

Жұлдыз Қайыпжанның жеке суреттерінен

Жұлдыз Қайыпжанның жеке суреттерінен