Weekend
Алаш көсемінің өсиеті
1919 жылы большевиктік биліктің қаулысы бойынша «Алаш орда» автономиясының барлық басшыларына рақымшылық жарияланды. Бірақ, «Алаш орданың» ең басты көсемі Әлихан Бөкейханұлын билікке жолатпады. 1920 жылы советтік қазақ автономиясын жариялаған кезде, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлынан басқа ешкім болмады. Әлекең 1922 жылға дейін еліне барып тұруға мәжбүр болды. сол кезде Әлекеңнің елге кетіп бара жатқандағы айтқан өсиеті бар: «Ең алдымен мал басын азайтуға тырысыңдар. Өйткені, ертең малдың бәрін тәркілейді. Көбінесе егінжаймен айналысыңдар. Ертең қиын күн туғанда, сендерді аман алып қалатын егін болады»,-депті.
Әлихан Бөкейханды Семей облысы, Тоқырауын болысынан Мәскеуге алып кеткен кезде, оны Бутырка немесе басқа да толып жатқан түрмелердің біріне отырғызуы мүмкін еді. Алайда, большевиктер Әлиханды Кремль мен Қызыл алаңнан онша алыс емес, «Большой Кисловский переуло» деген жердегі 4-үйдің 15-пәтеріне орналастырған. Бұл – кезіндегі әйгілі граф Шереметьветің іс басқарушысының үйі болған екен.
Қысым күшейген соң, яғни 1930 жылдан кейін Әлихан Бөкейханұлы аталған үйдің түкпіріндегі бөлмеде тұрған. 1937 жылы шілде айында ол жерден алып кетіп, атуға үкім шыққанға дейін басқа түрмеде азаптаған.
Айта кету керек, Әлихан Бөкейханұлына үкім шыққан күні атып тастаған. Оның соңғы сөзінің бірі: «Иә, мен Совет үкіметін жақтырмадым, бірақ мойындадым» деген екен.
Сұлтанхан Аққұлұлы
Филология ғылымдарының кандидаты, әлихантанушы
Алматы ақшамы № 21 (4266)