Экономика
Өзгеріс не үшін керек? Тұйықталып қалған жүйені бұзу бағытына керек. Қазақстан қанша жылдан бері білім саясатында өзгерістен көз ашпай келеді. Министр ұсыныс етіп, Үкімет қабылдаған білімдегі реформалардың соңын күтіп, нәтижесіне көз салып көрдік пе?
Бірі сәтті, бірі асығыс қабылданған шешімдердің салдары білімді қабылдаған адамдардың емес, жүйеге тәуелді педагогтар мен жастарға ықпал етері анық. Бірақ, сайып келгенде, бүгінгі білімдегі өзгерістің дені нақ білімнің өмірде қолданылуын шарт етіп отыр. Демек, оқу сапасы сауатты мамандарды даярлап шығуға қауқарлы болуы тиіс. ҚР Білім және ғылым министрлігі іске нықтап мойын бұра бастаған секілді. Вице-министр Асхат Аймағамбетов жыл басталарда "жоғары оқу орындарын өзгерістер күтіп тұр" деп жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Ол нендей өзгеріс?
Көптің ұсынысы жерде қалмады. Ең әуелгі өзгеріс жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру. Мұндағы еркіндік деген ұғым сабаққа келіп-кетудің уақытына қатысты емес. Батыс елдерінде бұрыннан бар тәсіл, яки оқу бағдарламасын студенттің өз таңдай алу қабілеті. Себебі осыған дейін елдегі ЖОО-лар министрлік бекіткен стандартпен білім берді. Содан барып кәсіби мамандануға келгенде керексіз пәндер маман атануға келген жастардың уақытын тежейді. Академиялық еркіндіктің тағы бір тиімді тұсы ортақ дипломдық жүйені жоюға жәрдем етеді. Қазақстан ширек ғасырдан бері бірыңғай стандартты диплом беру тәсілін қолданып келді. Енді екі жылдан кейін 2021 жылы әрбір университеттің өз жеке дипломы болмақ. Әр университет өз кәсіби бағытына сай дипломдық үлгіні қажет етеді. Мұның керек екенін білімділер құптап отыр. Себебі университеттер арасында бәсеке артады. Жұмыс берушілер де университеттің деңгейіне қарап маман қабылдайды.
Ел қалаған тағы бір жаңалық - университет ректорларын тағайындаудың жаңа тәртібі. Бұрынғыдай емес, өткен жылдан бері ректорларды министрлер емес, арнайы бақылау тетіктері арқылы тағайындау қалыптасты. Бұл жемқорлықтың жойылуына алып келеді. Себебі университет басқаруға келген басшыны министрдің айналасына топтасқан адамдар емес, қоғамдық бақылау тетіктері арқылы тағайындалады. Мәселен, өткен жылы университеттің бір орнына 14 адамның таласқа түсуі тамыр-таныстыққа тұсау салды.
Білім сапасын жаңа деңгейге шығаратын ендігі бір реформалардың реті магистратура мен докторантураға түсушілерге арналды. Вице-министр Асхат Аймағамбетов ендігіде магистратураға бөлінетін гранттар GMAT форматы негізінде іске асады. Талапкерлер кешенді тест тапсыру арқылы жоғары балл жинаған жағдайда қалаған университетін таңдай алу қабілетіне ие болады. Бұрын қалай еді? Магистратура гранттарын беруде әр университет өз емтиханын даярлап, шешімді де өздері шығаратын. Бұл тұста да жемқорлықтың көлеңкесін көріп қалуға әбден болады. Мұны білім саласының сарапшысы, саясаткер Нұрмұхамед Байғараевтың желіге жазған жазбасынан аңғаруға болады.
- Кейбір ректорат, деканат, кафедра меңгерушілері магистратура, докторантура емтихандары басталмай жатып, грант иесі кім боларын анықтап қоятын. "Фаворит кандидаттарға" салалық пәндер емтиханында үлкен қолдау көрсетілетін. Сәйкесінше, университет, факультет басшылығында танысы жоқтардың грант иесі атану мүмкіндігі де шамалы еді. Әрине, мұндай жүйенің барына, болғанына құжаттық дәлел жоқ. Бірақ университет жүйесінде істейтін біраз маман хабардар. Оған қоса, біршама ЖОО-да магистратура, докторантураға түсерде талап етілетін шет тілі (әдетте, ағылшын тілі) бойынша тест нәтижесі де сатылатыны жасырын емес. Сол үшін де магистратураға түсу үшін IELTS\TOEFL сертификаттарын талап ететін уақыт келгендей,- дейді сарапшы.
Талапты қатаңдату тек магистратураға ғана емес, докторантураға түсушілерге де жаңалық болғалы тұр. Себебі бұдан былай докторлық дәрежеге қол жеткізу үшін шет тілін меңгергендігі жөнінде халықаралық сертификат IELTS, TOEFL сынақтарының нәтижелілері талап етіледі. Яғни, тест Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді.
Білімдегі сынның көптігі жас кадрдың жұмыс берушілердің талабынан шықпауы. Яғни 4 жылдың ізін ала бітірген дипломы бар жастың еңбекке жарамай, жұмыссыз жүріп қалуы да білімнің проблемасына айналған-ды. Енді екі жылдан кейін мамандарға тек диплом алу жеткілікті емес, қосымша тәуелсіз ұйымдардың сертификатын қоса алуы керек. 4 жылдық бакалавр дәрежесі мамандыққа бағыттаса, кәсіби тәуелсіз ұйым беретін сертификат маманның қарым-қабілетін екшей отырып тағайындалады. Мәселен, дәрігер атану жолындағы жас маман емдеу ісі факультетін тәмәмдау жеткіліксіз. Қосымша практикалық қабілетті тексеретін сертификаттың берілуі де маңызды. Мұның бәрі не үшін қажет деген ой да келуі мүмкін. Мамандар мұның жұмыс беруші мен талапкер арасындағы байланысты әрі маманның қабілетін шыңдауға жәрдем береді дейді. Онсыз да жеке оқу орындарының оқып, қос дипломы бар жастардың жұмыссыз жүруі осы практикалық қабілеттің болмауынан орын алды. Бұл мәселеге қатысты да сарапшы Нұрмұхамед Байғараев арнайы зерттеу жүргізген екен.
- Студентке диплом не үшін керек? Жұмысқа орналасу үшін. Ал, ол дипломды сатып ала ма, оқып ала ма, көшіріп ала ма, тексеру қиын. Сәйкесінше, ЖОО-ның түлегі жас маман ретінде қандай білім алды, білікке ие болды, оны да тексеру қиын. 4 курс соңындағы дипломдық жұмыс көп нәрсені дәлелдемейді. Айтпақшы, оларды өзгеге тапсырыспен жаздыра салу немесе интернеттен жүктеп алу да қиын шаруа емес. Ендеше жұмыс беруші жас маманды қалай тексере алады, кімге сенеді? Міне, осы жерде әр мамандықтың қауымдастығы беретін сертификат кепілдік болуы шарт. Яғни, ЖОО 4 жыл берген білім сапасын әлгі тәуелсіз қауымдастықтардың тесті тексереді, бағасын береді. Сонда жас маман диплом мен қауымдастық сертификатын қатар көрсеткенде, оны жұмысқа алуға болады деген сөз,-дейді Н.Байғараев.
Вице-министр сүйіншілеткен жаңалықтың басын университеттер іске асыруға көшті. Әлдебір пікір не қорытынды айтуға ерте. Бірақ салаға маманданған сарапшылар мұның арты шынайы бәсекелестік пен жемқорлықты тұсаулауға қандай да бір оң ықпалын береді дейді. Қаншама жылдан бері университтегі білім жүйесіне көңіл толмаушылық, сенатор мен әкімдердің жоғары білім саласына деген сындарының нәтижесін білім ордалары толық ақтаса игі.