Саясат
Осыдан 5-6 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "қазақты ауыл асырайды, дағдарыс дауылы тұра қалса, қазаққа қалқан болар ауыл" дегені бар. Сөзбе-сөз қайырғанда былай айтып еді: "Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді асырайтын - ауыл. Ал, ауылда жұмыс болу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, өңірлерді дамытуға, жастарды елге қызмет етуге басты назар аударуға тиіспіз"
Президент сөзі сол кезде көп жасқа үміт бергендей болды. Бірақ, ауылға аттанатын һәм ауылда қалатын жастардың уайымы бір арнаға түспеді. Өндіріс орындары салынып, кәсіпорындар құрылды деген ақжолтай жаңалықты жастар толық сезінбеді ме, әйтеуір ауылда қалуды "проблема" санайтындар көп бүгінде. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Дерекке көз жүгіртсек, Қазақстанда аграрлық салаға 2500 маман жетпейді. Ал, ауыл шаруашылығы саласын таңдап, оқу оқыған 5000 жастың басым бөлігі ауылда жұмыс істегісі келмейді. Неге? Себеп көп. Мәселеге атүсті қарамай, тақырыпты зерттеп көрдік.
Алдымен қала мен ауыл мәселесіне аялдасақ. Сөзсіз, заман алға шықты, бәсекелестік бой бермей барады. Бұл уақыт иірімі ауылдан қалаға ағылатын жастардың санын көбейтпесе, азайтпай тұр. "Ауылда болашақ жоқ, бір орында тұрақтаймын" деген қорқыныш жастарды қалаға ентелеп әкелді. Бұл бір.
"Ауылда тоқырап қаламын, әрі қысқара қалған жағдайда қосымша жұмыс көзі де жоқ. Мал бағып, егін егейін дейтіндей шаруа қожалықтарының бәрінде маман бар" деген ішкі уайым жастарды ауылда қалдыруға себеп қалдырмады. Бұл екі.
Жасыратыны жоқ, тізбек басындағы екі проблеманы ауадан алмадық. Бәрі де мамандық алып, жайлы жұмыс істегісі келеді. Алайда, ауылда тұрақтап қалудан қорқыныш көретін факторлардың бастылары осы. Дегенмен, қарама-қайшылықтар жоқ емес. "Қалаға келдік екен" деп ауыл жастарына табыла қояр дайын жұмыс көзі бар деуге ауыз бармайды. Парадоксалды жағдай. Белгілі блогер Өркен Кенжебек ауылда қалып қойғысы келмейтіндердің түпкі ойында шындықтың барын мойындайтын уақыт жетті деп есептейді.
- Ауылдағы қазақ қалаға ағылып жатыр, бәріміз солай келдік. Қаладағы қазақтар саны 1989-2009 жылдардың өзінде 193 пайызға өскен. Қазақтың арман қуып қалаға ауысуы тек қана мүмкіндік емес, бұл қатер. Әлеуметтік және саяси қауіп-қатер. Себебі қалаға келген қазақтың әлеуметтік мүмкіндіктері шектеулі. Көбісін күтіп тұрған жұмыс жоқ, қара жұмысқа салынады, оның ақысы аз, ол пәтер жалдауға жетпейді - осындай күйбең. Перспектива көрмеген соң, ашынады. Сондықтан мұны түбіне түсіп, зерделеу керек,- дейді Өркен Кенжебек.
"Ауылда қалып қоямын деген ой өркениеттен алыстап қалдым" деген қорқынышқа алып келеді. Жұмыс жоқ, босқа жүріп қалармын деген ой да маза қашырады. Себебі елдегі жұмыссыздықтың көрінісін көз көріп, құлақ естіп жүр.
Бұл факторлар жастардың басты проблемасына айналды. Бірақ, "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен кеткен жастар ше? Сенат депутаты Әли Бектаев 3 жылда ауыл шаруашылығы бағытында оқыған жастардың тек 56-сы ғана ауылға жұмыс істеуге кеткен дейді. Енді қараңыз, мемлекеттік бағдарламамен аттанған жастардың өзі ауылға тартылғысы келмегенде, қалада өмір сүріп қалған жас ауылға бара ма?
Хош! Сенатор сөз арасында айтып қалған дерек мәселе емей немене? Үкімет ауыл тіршілігін жандандыру әрі жас мамандарды жұмыспен қамту үшін "Дипломмен ауылға" бағдарламасын әзірлегені рас. Осыдан 10 жыл бұрын іске асқан бағдарлама ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласында білікті кадрлардың кетіп қалуын азайту мақсатында іске асқан.
Он жыл ішінде ауылдық жерлерге 60 мыңнан астам маман тартылып, жалпы сомасы 15,3 млрд. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілсе, 27,5 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 70,6 млрд. теңге бюджеттік кредит берілген. Бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі.
Вице-министр Асқар Жұмағұлов бізге берген ресми хат жауабында бастапқыда жоба шеңберінде ауылдық жерлерге әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандары жүйелі түрде тартыла бастағанын баяндады.
- Мәселен, 2009-2018 жылдар аралығында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге білім беру саласынан 42745 маман, денсаулық сақтау саласынан 12705 маман, мәдениет саласынан 1604 маман, спорт саласынан 863 маман, әлеуметтік қамсыздандыру бағытында 483 маман және агроөнеркәсіп кешені бойынша 1665 адам тартылған,-дейді вице-министр.
"Дипломмен ауылға" баратын жастарға Үкімет нендей көмек береді? Бағдарлама арқылы баруға ниеттенген маманға 70 еселік айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Оның көлемі 176 мың теңгенің айналасында. Ең бастысы, тұрғын үй сатып алуға 1500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын 15 жыл мерзімге кредит сомасынан жылдық 0,01% мөлшеріндегі сыйақы ставкасы бойынша бюджеттік кредит беріледі. Оның сомасы 3787,5 мың теңгені шамалайды. Демек, билік ауылды көркейту үшін күш салатын маманға бір реттік жәрдемақы мен баспаналы болуға жағдай жасайды. Бірақ, алмақтың салмағы бар. Түлек жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау арқылы ауылдық елді мекенде орналасқан мекемеде мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс жасауға міндеттеме алады. Шарт солай.
Ауылда қалып, еңбек етемін деген жас маман "Дипломмен ауылға" бағдарламасына алдымен құжат тапсырады. Мамандығы сай келген маманның бас-аяғы бір ай уақыт ішінде көтерме жәрдемақыны алуға мүмкіндігі бар. Мұнан кейін 32 күнтізбелік күн ішінде келісім-шартқа отырып, кредит арқылы үй алуға жолын ашады. Баса айта кетерлігі, ауыл өміріне қажетті мамандықтар ғана бағдарламаға қатыса алады.
Ауылдан қалаға ағылып жатқан жастардың қарқынын бәсеңдету әрі мамандардың көңілін ауылға қайта бұру үшін бе, Үкімет биыл "Дипломмен ауылға" бағдарламасы ұсынатын жеңілдіктің шартын өзгертуге бел шешіп отыр. ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев ауылға баратын жас мамандар үшін арнайы кәсіпорындарда квотаның санын ұлғайту, білім гранттарын көбейту мәселесін қарастырып жатыр екен. Тіпті жәрдемақыны 70 еселік айлық көрсеткіштен 100-ге дейін жеткізуге тырысып бағуда. Себебі Президент жастардың ауылда қалғанын құп көреді.
- Ауылдық жердегі инфрақұрылымды жаңарту, жаңа жұмыс орындарын, медициналық-мәдени ошақтардың құрылысын салу Аумақтық даму жоспарларына нақты енгізілуі қажет деп есептейміз. Әрине, бүгінгідей урбанизациялық, цифрлық, жоғары технологиялық дәуірде ешкімді ауылға байлап отыра алмайсың. Алайда, тым болмағанда, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаламен теңесе бастайтын болса, ауылдың оты ешқашан өшпейді деп ойлаймын,- деді Дархан Кәлетаев.
Кәлетаевтың ауылда ешкімді байлап ұстап отыра алмайсың дегенінің өзі қала мен ауыл арасын алшақтатып тұр. Әйткенмен, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы жайлы жұмыс, тұрақты баспана тапқан жастар ауылға еңбек етудің берері мол деп есептейді. Екі жылдан бері бағдарлама арқылы мұғалім ретінде мектепке жұмысқа тұрып, бағдарлама шеңберінде үйлі болған Бексұлтан Қарамырза ауылда қалу, қалаға кету мәселе емес, бастысы ниеттің дұрыстығында дейді бізбен әңгімесінде.
- Қазір қалаға арман қуып көп жастар кетіп жатыр. Көбісі дұрыс жұмыс таба алмай, пәтер жалдап, үйсіз жүр. "Үйі жоқтың күйі жоқ" дегендей, қызметке кіргеннің өзінде жалақысының біраз бөлігін жалдамалы пәтерге жұмсайды. Осыны ойлап, әрі ауылда еңбек етудің тиімділігін сезіне келе "Дипломмен ауылға" бағдарламасына құжат жинадым. Мамандығым - мұғалім. Шүкір, қазір жұмыс өтілім екі жылға қарап барады. Ауылдан несие арқылы үй алып, баспаналы болдым. Жас маман үшін бұдан артық не керек?- дейді ұстаз Бексұлтан Алпамысұлы.
Үй демекші, мына статистикаға да мән берелік. 9 жыл ішінде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит ұсынуға 70,7 млрд. теңге бөлінген. Аймақтар арасында Алматы облысына 6253 маманға жалпы сомасы 9,4 млрд. теңге, Батыс Қазақстан облысына 5184 маманға жалпы сомасы 8,9 млрд. теңге және Қызылорда облысына 4528 маманға 10,6 млрд. теңге қаржы қаралған.
Ұлттық экономика министрлігі бағдарлама бойынша барлық тетіктер толығымен орындалып отырғанын айтады. Алайда, осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман бағдарламаның толыққанды қаржыландырылмай келе жатқанын Үкімет сағатында көтерген-ді.
- Мысал үшін жергілікті атқарушы органдар аталған бағдарлама бойынша 2018 жылға арналған бюджеттік несиелерге 19 миллиард теңгеден астам қаржы сұраған болса, іс жүзінде 13,7 миллиард теңге бөлінген. Сондықтан да ауылдық жерлерге кейінгі кезде жыл сайын 6 мыңдай жас маман жұмысқа орналасқанымен, олардың тең жартысына жуығы ешқандай мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмай, орынды реніш білдіруде. Мәселен, биылғы жылы бағдарламаға 3786 маман ғана енгізілген. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің үстіміздегі жылдың басындағы мәліметі бойынша ауылдық жерлерде 580 дәрігер жетіспейді. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігінен алынған дерекке қарағанда республика бойынша қазір 4952 мұғалім тапшы,- дейді К.Мұсырман.
Байқағанымыз, соңғы кездері депутаттар "Дипломмен ауылға" бағдарламасының аясын кеңейтуді айтып келеді. Халық қалаулылары моноқалалар мен шағын қалаларға да осындай жағдай жасау қажеттігін дұрыс деп табады. Себебі моноқалалардың өзінде қаншама жас бар. Олардың еңбекпен қамтылуы да өзекті мәселе.
Тағы бір ұсыныс. Депутаттар Үкімет сағатында ауылда қалғысы келетін жастардың арасында мемлекеттік қызметшілерді де қосу керек деп есептейді. Тек дәрігер мен мұғалім, ауыл шаруашылығы мамандары ғана емес, жас мемлекеттік қызметшілердің де ауылда тұрақтап қалуына жол ашылса деген үміттерін жоққа шығармайды. Дегенмен, бұл тек ұсыныс.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасы хақында оқырманнан ой сұрағанымызда көпшілігі үй алуға бөлінетін кредиттік соманың көлемін аймақтардың баға айырмашылығына сай ескерсе деген пікірлері барын айтты.
10 жылға жуық уақыт ішінде 60 мың маманның бағдарлама бойынша ауылға аттанғанын айттық. Мұғалім мен дәрігер мамандығын таңдайтын жастардың ауылда қалу көрсеткіші жақсы. Дегенмен, жыл басында ҚР Сенат депутаты Әли Бектаев жауапты министрлерге ауыл шаруашылығы саласын таңдаған мамандарды ауыл шаруашылығы кәсіпорындарды кемінде 3 жыл қызмет етуге міндеттеу керек дегенді алға тартты. Оған себеп ауылдағы шаруашылық мамандардың қартаюы.
- Бүгінде ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлар бойынша 58-60 жасты құрайды. Ауыл шаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғары оқу орындарындағы студенттердің 40 пайызға жуығы - қалалықтар, ал 70 пайыздан астамы қыздар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп, егін егуге, қорада жүріп мал баптауға бармайтыны айдан анық. Оның үстіне ауылдағы мамандардың жалақысы мардымсыз, әлеуметтік проблемалары көп. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында жасалған "Дипломмен - ауылға" бағдарламасы бойынша аграрлық оқу орындарынан ауылдық жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман жіберген,- деп мәселені төтесінен қойған.
Білім және ғылым министрлігі де өз кезегінде ауыл шаруашылығы бағытында гранттарын саны аз еместігін, талаптың жыл санап күшейіп келе жатқанын айтып, өзін ақтап алды. Қайткенмен де, сенатор сауалы орынды. Шаруа қожалықтардың басы-қасында жүргендердің дені орта жасты алқымдаған мамандар. Ізінен еріп, тәжірибесін алып қалуға жастар керек. Ал, дәл осы егін алқаптары мен мал баптаймын деп оқыған жас мамандардың ауылда емес, қаладағы кеңселерде қызмет атқаруы сенатордың алаңдаушылығын тудырып тұр.
Ауыл мен қала мәселесі дегенде екіұшты пікірдің болатыны рас. Бірақ мәселе адамның ниеті мен еліне деген сенімі болса керек. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша емес, жеке өзі ауылда қалып, ата кәсіпті жандандыруды қолға алудың берекесі мол дейді Сырдария ауданының тұрғыны Бағдат Балғабай.
- Көзін тапса, жұмыстың дені ауылда. Ветеринария мамандығы бойынша оқуымды бітіріп, қазір малдың жайын қараймын. Мал бордақылайтын жеке кәсіптің жандануына күш салып келемін. Шүкір, табысым да жақсы. Өзім қалаған кәсібімнің берекесін сезіндім. Сондықтан ауылда жұмыс істеуден қорықпау керек,- дейді жас ветеринар Бағдат Балғабай.
P.S. "Дипломмен ауылға" барған жастың біразы ауылдың мәртебесін көтеруге, өз саласын жандандыруға күш салуы тиіс. Сол игі мақсат жолында жүргендер де аз емес. Биылғы Жастар жылында Үкімет ауылда қалғысы келетін жастарды айрықша қолдауға дайын. Демек, қала өмірін аңсап кеткен көп жастың ой арманына емес, нақ өмірге бейімделу керек екенін ойланатын уақыт туды.