Саясат
Бұл сұмдық 50 жыл құпия сақталды
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Қытайда Мао Цзэдун 1946-49 жылдар аралығындағы азамат соғысында жеңіске жетіп, билік басына келгеннен кейін үлкен өзгерістер жасады. Оның реформалары бүгінде екі түрлі пікір бойынша қабылдануда. Бірінші топ «қаталдық пен тәуекелшілдік сол кезеңнің келбеті еді» деп Моа реформасын жақтаса, енді бірі «ол стратегия мен мемлекеттік өркендеуден хабары жоқ саясаткер болды» дегенді құптайды. Мао түрлі жобаларды ойланбастан бастап кететін қасиетке ие еді.
1957 жылы ол «100 гүл өсіп, 100 мектеп бәсекелессін» деген болатын. Бұл дегеніміз үлкен жоспар еді. Аталмыш ұран негізінде біз коммунистік билікті нығайтатын боламыз, ол үшін ел халқы ойланбастан режимнің кемшіліктерін ашық айтуға тиіс деді. Әрине, Қытай халқы бастапқыда биліктің айыбын жайып салуға батылдық танытпады. Алайда бірнеше мәрте «ашық ойды айтудан қорқу — үлкен қателік» деген сарындағы мақалалар газет бетіне шыққан соң, оппозициялық көзқараста жүрген, Мао реформасына көңілі толмайтындар оны жаппай сөгіп, ереуілге шығып, тіпті биліктен кетуге тиіс деп ұрандады. Осы сәтте Мао бастапқы жоспарын іске асырды. Өзіне қарсы шыққан және саясатын қолдамайтын топтар мен зиялы қауым анықталған соң, оларды арнайы лагерге тоғыту керек деп шешті. Қатты белсенділік танытқандар із-түссіз жоғалса, қал,ғандары тәрбиелеу лагерьлеріне жіберілді. Соның бірі Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Ганьсу провинциясындағы «Миншуй» саяси тұтқындарды тәрбиелеу лагері еді. Ол ел бойынша орналасқан Цзябяньгоу тәрбиелеу лагерьлерінің бірі болатын. Бастапқыда құмда орналасқан лагерге 50-60 саяси тұтқын жазасын өтеуге тиіс деп шешілгенімен, кейіннен онда 3000-3500 тұтқын қамалды. Аты тәрбиелеу лагері болғанымен, заты концлагерь. Маоға қарсы шыққан жазушылар, саясаткерлер мен қаржыгерлер, зиялы қауым өкілдерінң барлығы осында жіберілді. 1960 жылы лагерьде жаппай аштық басталады. Оған басты себеп Қытайдың өз ішіндегі экономикалық ахуалдың нашарлығы мен жазасын өтеушілерге деген қатаң ұстанымы. Аштыққа дейін арық пен ор қазумен айналысқан тұтқындар, ендігі таңда тамақ табумен күн өткізді. Оларға «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деген пәрмен берілді. Тұтқындар бастапқыда шөппен, ағаштың қабығымен, жәндіктермен, жапырақпен қоректенді. Кейде тышқан немесе басқа кеміргішті қолға түсірген сәтте, бірнеше күнге тірі қалу мүмкіндігі артатын. Алайда күн суытып, жәндік пен жапырақ біткен сәтте, олар бір-бірін жей бастады. «Олардың аштықтан құр сүлдері шыққаны соншалық, кейде тіпті аштан өлген тұтқынның жейтін жері де қалмайтын» — деп жазды кейіннен лагерь тұтқыны. 1961 жылы 3000 тұтқынның 2500 аштан өлді. Тірі қалған 500 тұтқын соларды қорек етті. Янь Сяньхуэй аталмыш қасірет жайлы «Қош бол, ор» атты роман жазып шықты. Романда тірі қалған 500 тұтқынның тағдыры мен бастан кешкен сұмдықтары жазылды.
Кейіннен режиссер Ван Бин лагерь жайында «Ор»(Канава) атты фильм түсірді. Фильмді 3 жылдық ізденіс пен Қытайды аралаудан кейін, Францияға барып, түсірілімді аяқтады. Оның басты себебі, Қытай билігі тарапынан болатын қысымнан сақтану еді.