Bugin

Украина Ресейге басып кірді: ҰҚШҰ Мәскеуге көмектесе ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ресей қорғаныс министрлігі / ТАСС

Украина әскері 6 тамыздан бері Ресейдің Курск облысына шабуылын жалғастырып жатыр. Украина президенті Владимир Зеленский қолға түскен ресейлік сарбаз көп екенін мәлімдеді. Бұл туралы bugin.kz порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

14 тамызға қараған түні Ресей Курск облысы мен оған көрші Белгород облысынан тұрғындар эвакуацияланып жатқанын хабарлады. Сол түні Украина күштері Ресейдің Белгород, Воронеж, Нижегород, Орлов, Ростов, Волгоград, Брянск облыстарына да дронмен шабуыл жасаған.

Қазақстандық саясаттанушы, "Тәуекелдерді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаев "Мәскеу ҰҚШҰ көмек сұрайтын ұйым емес екенін түсіне бастағандай" деп санайды.

"Репутация тұрғысынан Ресейге ҰҚШҰ-ға жүгіну тиімсіз. Біз ҰҚШҰ шалажансар ұйым екенін көріп отырмыз. Бұған қоса, Арменияның ұйымнан бөліну процесі жүріп жатыр. Армения формалды тұрғыда ҰҚШҰ жұмысына араласпайды. Бұл Арменияның қауіпсіздік провайдері ретінде Ресейге қырын қарап отырғанын көрсетеді. Қазақстан бұл бастаманы қолдамайды. Ресейге жақын Қырғызстанның өзі қолдамайды. Олар Батыспен арадағы көпірді бұзғысы келмейді. Лукашенконың өзі қазір аса белсенді емес. Меніңше, Кремльдің өзі де ҰҚШҰ көмек сұрайтын ұйым емес екенін түсіне бастаған сияқты", – деді саясаттанушы.

 

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева "Ресей Украинаға басып кірерде ҰҚШҰ мүшелерімен келіссөз жүргізген жоқ, сол себепті де қазір көмек сұрамайды. Ал егер көмек сұрайтын болса, онда Қазақстан әскер жіберуге мәжбүр болады" деп топшылайды.

"Бастапқыда Ресейдің Украинаға шабуылы ҰҚШҰ-да талқыланған жоқ. Ол әу баста ҰҚШҰ келісімін алған жоқ. Сол себепті қазір көмек сұрамайды. Оның үстіне, Ресей өз аумағына жасалған шабуылды толыққанды мойындап отырған жоқ. Олар оны "арандату" деп бағалап отыр. Ресей Украинаның шабуылын мойындап, ҰҚШҰ-дан көмек сұрамайынша [Қазақстан мен ұйымға мүше өзге елдердің] соғысқа әскер жіберу қаупі төмен. Ал егер Ресей көмек сұрайтын болса, онда ҰҚШҰ-ға мүше елдер бірлесіп әскер жіберу не жібермеу туралы шешім қабылдайды. Менің ойымша, Қазақстан моральдық тұрғыда қолдап дауыс береді. Себебі ҰҚШҰ әскері кезінде [2022 жылғы Қаңтар оқиғасында] Қазақстанға, оның ішінде Алматыға келген. Қазақстан бұл орайда айтарлықтай тәуекелге бас тігеді", – деді Үмбетәлиева.


Мәскеу Украина қарулы күштерінің Курск облысына басып кіруіне қатысты ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрамаған. 

"ҰҚШҰ қабылдаған тәртіпке сәйкес, әскери көмекке мұқтаж бірлестікке мүше мемлекет ұйымға ресми түрде хабарласуы керек. Бүгінге дейін Ресей Федерациясынан Курск облысындағы жағдайға байланысты мұндай сұрау түскен жоқ", – делінген ұйым хабарламасында.