Саясат
Ішімдікке деген іштің жылуы
Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Нұргүл Мауберлинова бұдан былай сыра, шарап сынды алкоголі аз ішімдіктерді жарнамалауға рұқсат беру керектігін айта келе:
– Бұқаралық ақпарат құралдарының көбі жарнаманың арқасында күн көреді. Негізгі мақсатымыз – осы БАҚ-ты қолдау. Бұл тыйым отандық кәсіпкерлерге қаншалықты қолайсыздық тудырса, БАҚ-қа да сондай жағдай туындатып тұр. Алкагольді ішімдіктер жарнамаға арналған орынның 10%-ын ғана алуы тиіс. Бір ескертерлігі, тауардың өзін емес, оның маркасы мен атын ғана жарнамалау керек , – депті.
Сонымен, телеарналарда жергілікті уақытпен 22:00-6:00 аралығында (мейрам күндері емес) алкаголі аз ішімдіктерді жарнамалауға рұқсат етіледі. Ал газет, журналдарға басқы және соңғы беттен өзгесіне жарнамаға рұқсат берілуі мүмкін. Айтылған жарнаманың балаларға арналған арна мен басылымдарға еш қатысы жоқ.
Бұл мәселе 2004 жылы Қазақстанда алкогольді өнімдерді жарнамалауға тыйым салынғалы бері талқылауға түсіп келе жатыр. Әр жылы әр нәрсені себеп қылып, қалайда бұл тыйымды жеңілдетуге тырысып бағуда. Ең алдымен сыраны "алкоголсіз" деп жарнамалауға тырысты. Тіпті 2016 жылы депутаттардың бірі "Отандық сыра жарнамаланбағандықтан азаматтарымыз шетелдің сырасын ішуде. Ақша шетелге кетіп жатыр" десе, келесі бір депутат: "Сыра жарнамаланбағандықтан бюджетке ақша түспей жатыр" деген уәж айтқан еді. Ал биылғы тапқан амалдары – БАҚ-тың қамын ойлағансу. Сыраның құрамында 5-7 % алкоголь болатындығын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Сыраны жиі ішкен адамның бауырының қабынуы және келешекте сырадан араққа ауысуы мүмкін екендігі де дәлелденген. Шараптың да берері сол. "Қан көбейтеді", "Тәбет шақырады" деген жалған сөзге сеніп, басы шараппен басталып, аяғы араққа тәуелді болып қалғандар қаншама. Бір жағынан "Салауатты өмір салтын ұстаймыз" деп сол мақсатта шаралар ұйымдастырамыз. Жыл сайын халықтың денсаулығы үшін қыруар қаражат бөлеміз. Сол бөлінген қаражат халық игілігіне жолдан жымқырылмай жетсе ғой. Қайдам ол да жетпей қалатынын БАҚ-тан көріп, біліп жүрміз. Ал екінші жағынан халықтың денсаулығына зиянды заттарды жарнамалаймыз. Біле білсеңіздер "Көп мөлшері мас қылатын ішімдіктің аз мөлшері де арам". Арамнан пайда болмайды. Алкогольді ішімдіктердің кесірінен қаншама қылмыстар тіркелуде. Сондықтан халыққа шын мәнінде пайда беретін шаралармен айналысқан жөн болар...