Саясат

Лакшми Митталдың алдында қазақ үкіметі неге дәрменсіз?

Лакшми Миттал кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Лакшми Миттал – қазақ қоғамы үшiн жұмбақ тұлға. Бiзге белгiлiсi – оның Қазақстандағы 8 миллиардердiң бiрi екенi, Қарағанды көмiрiн бауырына басқандығы. Тегi үндiлiк, қазiр – Ағылшын азаматы. Қазақстанға келгелi тура он жылдан асты. Яғни, экономика тұралап, нарықтың екi өкпеден қысып тұрған қысымшылық кезiнде келген. Бәлкiм сондықтан болар Қарағанды көмiрi оған су тегiн тидi десе де болғандай. Алайда, Лакшми Миттал келгелi Қарағанды шахталары жарылыстан көз ашпай отыр. 

Лакшми Митталды дегенiне көндiре алмай отырған Үкiметтiң әлсiздiгiн немен түсiндiру керек? Менiңше, шетел инвесторларына қолданып отырған тым жұмсақ саясатпен түсiндiрген жөн шығар. Өйткенi, Инвесторлар туралы заңда шетелдiк алпауытқа жергiлiктi жұмысшылардың құқығын аяқасты етпеу, еңбекақысын жемеу және шетелдiк жұмысшылармен тең дәрежеде төлеу, олардың әлеуметтiк жағдайын жақсарту, еңбек қауiпсiздiгiн бекемдеу туралы шарттар жоқтың қасы. Заңның әлсiздiгiн пайдаланған шетелдiк инвесторлар қойны-қонышы толған байлығымызды еселеп тонап жатса да, жон арқасын көрсетiп, iрiлiк танытады. Өзге түгiлi олардың алдында Үкiмет әлсiз. Қалай дегенмен де, бұл ереуiлдi кейбiр ақпарат құралдары экономикалық революцияның басы деп атап жiбердi. Әлемдегi революциялардың тарихына көз жiберсеңiз, қай-қайда да әлеуметтiк фактор басты рөл атқарып келген.Қарағанды кеншiлерi көзiн тырнап ашып, таңның атысы, күннiң батысы демей, жанын шүберекке түйiп, еңбектiң ауыр азабын татып жүрiп, 200 долларға әзер қол жеткiзсе, ауырдың асты, жеңiлдiң үстiмен 365 мың долларды айына асайтындардың мәлiм болуы да, олардың жарасына тұз себе түскен сыңайлы. Елiмiздегi осы бiр әлеуметтiк теңсiздiктiң соңы лаңға айналмасына кiм кепiл. Сондықтан да, кеншiлердiң алдына түсiп, олардың ереуiлдетуiне жол берiп, кiнәнi шетелдiк инвесторға аудара салуға дайын тұрған Қарағандының атқарушы билiгiн түсiнуге болатын сынды. Олар мәселенiң ушықпауына мүдделi.

Осыдан екi жыл бұрын 21 кеншi мерт болғанда, бұны ең ауыр қасiретке бағалаған едiк.Елбасы дәл сол кезде Митталды кеншiлердiң айлығын 20%-ға көтеруге көндiрген. Қазiр 12 мыңға жуық кеншi жер астында жұмыс iстейдi. Былтырғы жылдың өзiнде олардың 300-ге жуығы әртүрлi жарақат алса, биыл аталған жарылысқа дейiн де 5 кеншi қаза болған. «Ассошэйтед агенттiгiне» сұхбат берген кеншiлердiң бiрi мұндағы құрал-жабдықтардың 20 жыл бойы жаңартылмағандығын айтқан. Лакшми Митталдың бүгiнде жеке капиталы 30 миллиард долларды құрайды екен. Бұның қаншасы Қарағанды көмiрiнiң арқасында еселенгенiн ешкiм тап басып айтып бере алмайды. Алайда, Миттал жергiлiктi жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, олардың заңды талабын орындауға құлықсыз. Митталдың аты әлемге банкротқа ұшыраған кәсiпорын, өндiрiс орындарын сатып алып, оның жұмысын жандандырып жiберетiндiгiмен шыққан екен. Бiрақ, ол жүрген жерде үнемi әлеуметтiк мәселелер ушығып кететiн болған. Мәселен Польша өнеркәсiбiнде де дәл бiздегiдей мәселелер орын алып отыр. Сондай-ақ, Миттал ықпалды саясаткерлердi де тақырға отырғызып кетедi екен. Мәселен, Англиядағы лейбористер партиясын, оның жетекшiсi Тони Блэрдi 125 мың фунт шығынға ұшыратқан деген қауесет те бар. Лакшми Митталды қайғылы оқиғадан кейiн теледидардан бiр-екi көрсеттi де. Алайда, бiзге оның түр-тұлғасы апатқа ешқандай қынжылыс бiлдiрiп тұрмағандай әсер қалдырды. Р.S. Жарылыс салдарын анықтау үшiн құрылған үкiметтiк комиссия да өз жұмысын қорытындылады. Комиссия төрағасы, Төтенше жағдайлар министрi Шалбай Құлмахановтың айтуынша, жарылысқа кеншiлердiң өздерi кiнәлi. Сөйтiп, 23 адамның тiзiмiн берген. Олардың үшеуi, өкiнiшке қарай, көз жұмғандардың арасында. Кiнәлi деген төрт адам қамауға алынды. Олар шахтаның бас механигi мен бас инженерi және Миттал-Стил Темiртау компаниясының бас директоры. Яғни еңбек қауiпсiздiгi бұзылған деген айып тағылып отыр. Егер, бұл адамдардың кiнәсi анықталса, олар 5-6 жылға бас бостандығынан айрылмақ.